Жарнама
Сұрақ-жауап

Сұрақ – Сізден, жауап – бізден!

Оқырмандар облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясына және әлеуметтік желілеріне түрлі сауалдар бойынша хабарласып жатады. Бүгін олардың бірқатарына құзырлы мекемелерден жауап алып, жариялауды жөн көрдік.

– Шаруа қожалығын жүргізу үшін жер учаскесін қалай алуға болады?

–Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері жалдау құқығына арналған конкурс негізінде беріледі. Конкурсқа қатысу үшін өтінім мен конкурстық ұсыныс тапсыру қажет, ол бизнес-жоспарды қамтуы тиіс.
Бизнес-жоспарда:
• инвестициялардың болжамды көлемі;
• ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру алаңы;
• ауыл шаруашылығы жануарларының саны;
• қолданылатын агротехнологиялар;
• ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтардың болуы;
• ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандардың болуы;
• құрылатын жұмыс орындарының саны көрсетілуі тиіс.

Сондай-ақ жер заңнамасының талаптарын орындау бойынша міндеттемелерді көрсету қажет. Конкурс қорытындысы өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейінгі күні шығарылады. Жер комиссиясы конкурстық ұсыныстарды бағалап, салыстырады және инвестициялардың болжамды көлемін қоса алғанда, бизнес-жоспар үшін балл беру арқылы жеңімпазды анықтайды. Ең көп ұпай жинаған қатысушы жеңімпаз болып танылады. Ұпайлар тең болған жағдайда жеңімпаз комиссия мүшелерінің ашық дауыс беруі арқылы айқындалады. Жер комиссиясының қорытынды шешімі хаттамамен ресімделеді. Осы хаттама негізінде жер учаскесін беру туралы шешім қабылданып, жалдау шарты жасалады.

– Егер азамат жалдамалы тұрғын үйде тұрса, мемлекеттен қандай көмек ала алады?

–Тұрғын үй жалдап отырған азамат «Отбасы банкі» арқылы тұрғын үйді жалға алу шығындарын субсидиялау бағдарламасына қатыса алады. Бағдарлама талаптары:
1. Отбасының табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. 2025 жылы бұл көрсеткіш – шамамен 46 228 теңге.
2. Жалдау келісімшартын ұсынуы қажет. Бұл келісімшарт тұрғын үйді жалға алу фактісін растайды.
3. Мемлекеттік тұрғын үй кезегі: бағдарламаға қатысу үшін азамат мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұруы қажет. Бұл талап тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған мемлекеттік қолдауды алуға мүмкіндік береді.

Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттар мен өтініш формаларын «Отбасы банкі» бөлімшелерінен немесе ресми сайтынан алуға болады. Субсидиялау бағдарламасы туралы қосымша ақпарат алу үшін «Отбасы банкі» қызметкерлерімен байланысу ұсынылады.

– «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы кімдерге арналған? Бұл бағдарламаның игілігін қалай көруге болады?


–«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға арналған бюджеттік кредит ауылға келген дипломды мамандар мен мемлекеттік қызметшілерге ұсынылады. Бұл әлеуметтік қолдау шарасы мемлекеттік қызмет ретінде көрсетіледі.

Маман қажетті құжаттарды тапсырған сәттен бастап:
• күнтізбелік отыз тоғыз күн ішінде көтерме жәрдемақы төленеді;
• күнтізбелік отыз екі күн ішінде келісім жасасу рәсімі жүзеге асырылады және келісім жасалғаннан кейін отыз жұмыс күні ішінде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік кредит беріледі;
• әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудан бас тартылған жағдайда, уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде тұтынушыға дәлелді жауап жібереді.

Мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі және қажетті құжаттар туралы толық ақпаратты www.minagri.gov.kz сайтындағы «Дипломмен – ауылға» бөлімінен алуға болады.

Құрметті оқырман!
Сіз де көкейде жүрген сауалдарыңызды редакцияға жолдаңыз, біз тиісті мекемелерден жауап алып, жариялайтын боламыз.

Суреттер: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button