Сұрақ – сізден, жауап – бізден!
Редакцияға әртүрлі мәселеге байланысты оқырмандар тарапынан бірқатар сауал жолданады. Соның ішінде неке тақырыбына қатысты көптің көкейінде жүрген сауалдарға Атырау қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Құралай Хайрошевадан жауап алдық.
–Неке қиюды тіркеу мерзімі қандай?
–Неке қиюды тіркеу мерзімі өтініш түскеннен кейін келесі жұмыс күнінен бастап күнтізбелік 15 күн.
–Кәмелеттік жасқа толмаған азаматтардың некеге отыруы үшін қандай құжаттар талап етіледі?
–ҚР жеке куәлігі, түбіртек, кәмелет жасқа толмаған азаматтың ата-анасының болмаса қорғаншысының некеге отыруға рұқсат қағазы қажет болады. Бала болған жағдайда баланың туу туралы куәлігі, жүктілік болған жағдайда дәрігерлік-біліктілік комиссиясының жүктілік туралы анықтамасы да сұратылады.
– Шетел азаматымен некеге қалай отыруға болады?
– Шетел азаматымен некеге отыруға өтініш тіркеуші орган арқылы қабылданады. Шетелдік азамат паспортының нотариалды куәландырылған көшірмесі және жүріп-тұруға рұқсат қағазы қажет. Өз елінің уәкілетті органдары берген некеге құқық қабілеттілігі туралы анықтаманы қоса ұсынуы шарт.
–Ортақ бала болмаған жағдайда некені қалай бұзуға болады?
–Егер ерлі-зайыптылардың арасында кәмелет жасқа толмаған балалары болмаса, неке бұзу тіркеуші орган арқылы немесе электрондық үкімет порталы арқылы онлайн берілген бірлескен өтініш негізінде жүргізіледі. Ойлануға берілетін уақыт – 1 ай. Ал, қызмет көрсету құны – 7728 тг.
Дайындаған: Бек АЙДАРӘЛИ