От пен өрттің өтіндегі өмір
Бірде құтқарушы, бірде фельдшер, бірде өрт сөндіруші, бірде ұшқыш та бола алатын мамандық иелерінің бір күні екінші күніне ұқсамайды. Бұл мамандықтың басты міндеті — суда да, құрлықта да халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Олардың жедел іс-әрекеттері талайларды тығырықтан шығарып, өмірлеріне араша түскен.
Еңбек жолымызда «тілсіз жауды» тұзақтауда аянбай тер төгетін маман дық иелерімен әркез байланыста болып, олар туралы мақалалар да жариялап жүрміз. Байқағанымыз, олар күнделікті өмірде қандай төтенше жағдайлармен бетпе-бет келетіндері, қиындықты қалай еңсеретіндері туралы ашылып, көп айта бермейді. Қызмет бабында азды-көпті ерліктер жасаса да, өз еңбектерін ерлік деп санамайды.
Күнделікті қызметтерінде түрлі қиын жағдайлармен бетпе-бет келіп, басқалардың өмірін құтқару үшін өз басын қатерге тігетін азаматтар қандай құрметке де лайық. Жуырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Жаңабаевпен сұхбаттасқан кезде осы кәсіптің қызығы мен қиындығына әбден қанықтық.
– Биыл жаңадан техникалар алынып, аудандарда жаңа бөлімдер ашылғанын естіп жатырмыз. Сұхбатты жағымды жаңалықтарыңызбен, алдағы жоспарларыңыздан бастасақ?
– Иә, сұрағыңызға рахмет. Алдымен автопарктерді жаңартуды жалғастырудамыз. Биыл Республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 85 арнайы және авариялық-құтқару және жедел құтқару жасағына «Марлин 830 AWA» қайығы берілді. Ол оқиға орнына шұғыл жетуге мүмкіндік береді.
Қызылқоға ауданының Миялы ауылында №10 өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуы өтті. Жергілікті бюджет есебінен салынған нысан тиімді жұмыс істеуі үшін қажетті барлық заттармен жабдықталған. Бес бірлік заманауи өрт сөндіру және құтқару техникасы, ангар, байланыс пункті, сондай-ақ демалуға арналған бөлмелер бар. Бөлімде 58 қызметкер жұмыс істейді. Олар жаңа формамен қамтамасыз етілген.
Жоспарланған жаңа өрт сөндіру деполарына тоқталар болсақ, шалғай елді мекендерді төтенше жағдайдан қорғау үшін Құрманғазы ауданы Бөкейхан ауылында, Сүйіндік ауылында, Мақат ауданы Доссор кенті, Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылында ангар пішінді 4 бірлік өрт сөндіру депосының құрылысы жүріп жатыр.
Сонымен қатар, биыл Атырау облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының судан құтқару бөлімінде жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Бүгінде ескі ғимарат бұзыла бастады. Жедел-құтқару жасағының судан құтқару қызметі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, суға батқан адамдарды іздестіру-құтқару жұмыстарын атқарады. Жаңа кешен 0,1578 гектар аумақта салынады. Атырау облысының бюджетінен қаржыландырылған жобаға 710 млн. теңге бөлінді. Ғимарат кезекшілікке түсетін құтқарушыларға арнап жатақханамен қамтылады деп жоспарлануда.
– Нұрлан Мақсұтұлы, құтқарушы десек, тек өрт сөндірушілер еске түседі. Сіздердің құзырларыңызда басқа да қызмет түрлері бар ғой.
– Күн сайын қиын да қауіпті жағдайда түрлі сипаттағы қатерлерге қарсы тұрып, батыл әрі адал қызмет көрсету – біздің міндетіміз. Өзіңіз айтқандай, құтқарушы өрт сөндіріп қана қоймайды, саусақтары ісініп кетіп, сақинасын шеше алмаған әйел адамға, батарея мен қуыста қыстырылып қалған ойын баласына да көмекке келеді. Сонымен қатар, олар далада жоғалып кеткен, қарлы боранда қалып қойған адамдарды іздестіреді. Су тасқыны мен өрт кезінде адамдар мен мүліктерді тасымалдау жұмысын атқарады. Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары адамға ғана көмек көрсетіп қоймай, суда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп, су құбырында қалып қойған ит пен мысықты, батпаққа батып, шыға алмай қалған жануарларды да алып шығады. Дегенмен, біздің сала мамандарының алдына қойған басты міндеті – халықтың тыныш өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу.
Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылымдық бөлімшелеріне аумақтық төтенше жағдайлар департаменттері, Жедел құтқару жасағы, «Апаттар медицинасы орталығы» облыстық филиалдары, Өрт сөндіру қызметі, «Қазселденқорғау» ММ, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдері, «Қазавиақұтқару» ММ облыстық филиалдары жатады.
Жоғарыда аталған құрылымдық бөлімшелер әртүрлі салаларға жауап береді. Алайда, бәрінің міндеті бір, ол – адамдарды құтқару, зардап шеккендерге қолұшын созу болып табылады.
«Теңіз жасағына» тоқталар болсақ, өрт пен су – «тілсіз жау». Құтқарушылар жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Өйткені, өзен-су жағасында ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар көп кездеседі. Құтқарушылардың жасаған ескертулеріне қарамастан, заңбұзушылықтар да көп кездеседі.
– Биыл оңай жыл болмағаны белгілі. Тосыннан келген су тасқыны елді есеңгіретіп тастады…
– Иә, биыл облыс соңғы жылдардағы ең ірі су тасқынына тап болды. Табиғи апатқа қарсы жүргізілген күнделікті күрестегі басты мақсатымыз – ел халқының өмірін сақтап қалу болды. Бәріміз жұмылып, бұл қиындықтарды еңсердік.
Төтенше жағдай орын алғаннан бастап бірлескен күш-жігердің арқасында 35 000-нан астам адам, 8000-нан астам бала дер кезінде қауіпті аймақтан эвакуацияланды. Құтқарушылардың күштерімен 13 мыңнан астам бас мал қауіпсіз жерге шығарылды.
– Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз? Сол үшін өкінген кезіңіз болды ма?
– Мектепте оқып жүрген кезімде өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері келіп, Көкшетау техникалық институты (қазіргі Мәлік Ғабдуллин атындағы академия) туралы ақпарат берген болатын. Өрт сөндірушілердің қызметі жөнінде біраз мағлұмат естіп, біліп, батылдықты, жауапкершілікті, қайсарлықты талап ететін мамандық иелеріне деген қызығушылығым оянды. «Міне, нағыз ер азаматтың кәсібі» деп тұжырымдадым іштей. Сөйтіп, мектеп бітіргеннен кейін Көкшетау техникалық институтына түсіп, осы мамандықты игердім.
Әрине, осы салаға келгеніме ешқашан өкінгенім жоқ. Себебі, мен бұл қызметке жүрекпен келдім. Сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Мақтанышым да, бағым да – осы қызметім.
– Өткенге шегінсек… Ең алғашқы шақырту есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Алғаш қызметке кіріскен уақытымда 2006 жылы Махамбет ауданы Таңдай селосында тұрғын үйден өрт шыққаны туралы шақырту түскен болатын.
Сол өрттің себеп-салдарын анықтай келе әйел адам керосинкада май қыздырып отырып, май төгіп алып, оның соңы қызыл жалынға ұласқан. Өрт сөндірушілер дереу әрекет етіп, әйел адамды еш жарақатсыз үйден алып шыққанымен, ол әйел қатты қорыққаны соншалық, жанып жатқан үйге кері жүгіре жөнелді. Кейін кері алып шыққан уақытта ол әйел күйікке шалынған болатын.
Сондықтан әрбір тұрғыннан өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз. Өрт кезінде асып-саспай, сабырлылық сақтап, өрт сөндірушілердің айтқанына құлақ асқандары жөн.
– Басшылар өрт сөндірушілердің не құтқарушылардың арасында болып, өрттерге қатыса ма?
– Жалпы, әр өрттің, төтенше жағдайдың күрделілігіне қарай өрт сөндіру бөлімдерінің басшылары, басқарма бастықтары толықтай міндетті түрде қатысып, бағыт-бағдар береді.
Ал, өзіме келетін болсам, Атырау облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы ретінде ірі өрттер мен күрделі төтенше жағдайларды жоюға қатысып, басшылық етемін. Менің ең басты міндетім де, мақсатым да – адамдардың өмірін қорғау.
– Оттан қорқасыз ба?
– Әрине, адам баласы болған соң бойында қорқыныш сезімі болады ғой. Кез-келген адамда қорқыныш сезімі болады, ол қалыпты жағдай. Оның үстіне оттың жалыны ешкімді таңдамайды, жолындағысының бәрін күйдіреді. Бірақ, мен 20 жылдан астам тәжірибемде оттан қорықпай, онымен күресуді үйрендім. Өрт сөндірудің тактикасын жақсы меңгерген адам оттан қорықпайды, өзіне сенімді болады.
– Өрт сөндіру кезінде қандай кедергілер кездеседі?
– Кедергі дегенде бізге көп жағдайда тұрғындар кедергі жасап жатады. Енді оларды да түсінуге болады. Жаңадан салынған тұрғын үйлердің кіреберісіне өрт сөндіру машинасының кіруіне ешқандай жағдай жасалмаған жағдайлар жиі кездеседі. Автокөлік иелері де машиналарын қалай болса солай қойып, жолымызға кедергі келтіреді. Қожайыны келіп, көлігін алып болғанша техникаларымыз біраз тұрып қалады. Көшелердегі кептеліс те – көп бөгеттің бірі. Өрт сөндіру машинасы дабылдатып келе жатыр-ау деп жол беретін көлік иелері аз.
Сондай кездерде «сусыз келді, суы аз болып келді» деп айып тағып жататындары бар. Ондай жағдай мүлде болмайды. Өрт сөндірушілер таңертең ауысым қабылдаған кезде, ең алдымен, сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. 8 тонна су құйылған бір өрт сөндіру автокөлігі 2 оқпанмен жұмыс жасаса 5 минутта-ақ бітіп қалады. Сол маңдағы өрт сөндіру гидранттарына жалғанып, сөндіру жұмыстары жалғасады. Соны халық түсінбей жатады. Сонымен қатар, қала аумағында орналасқан өрт сөндіру гидранттарының жарамсыз күйде болуы да кедергі келтіреді.
Бір айта кететіні, бұрынғы төбе жабындыларын өрт кезінде ашу оңай еді. Қазір ағашқа қатты бекітілген заманауи төбе жабындыларын ашу жұмыстары қиындық туғызады. От жалынынан ысыған кезде өрт сөндірушілердің арнайы етіктерінен де ыстық өтіп, аяқ бастырмай қалатын кездері кездеседі.
– Өрт сөндірушілердің жұмыс күні неден басталады?
– Ең бірінші ауысымға түскен бөлімше автокөліктің сумен жабдықталуын тексереді. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы жиын өткізіп, сапта тұрғызып тексеріп, өрт сөндіру құралдарының дайындығы, тыныс-алу жолдарын жеке қорғану аппараттарын тексеріп, қабылдап-тапсырады.
– Аптасына шамамен қанша шақырту түседі?
– Енді жағдайға байланысты өрттің қауіпті кезеңдері болады, жылыту маусымы кезеңі, аптап ыстықтағы өрт қауіпсіздігі, аңшылық кезеңдері сияқты. Өрттер де соған байланысты орын алып жатады. Кейде аптасына облыс аумағында өрт оқиғасы, жану жағдайлары, авариялық құтқару, іздестіру жұмыстарын қосқанда 30-дан астам шақырту түседі. Қауіпті кезеңдерде тәулік ішінде 3-4 өрт оқиғасы тіркеліп жатады.
– Қандай өртті сөндірген қиын?
– Жалынның жақсысы не жаманы жоқ. Барлық өрт те қауіпті. Біздің өрт сөндірушілер шақырту түскенде қандай өртке бара жатқанын, алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Газ баллондары болуы мүмкін, токтардың, газ қондырғысын орнатқан автокөліктердің жануы аса қауіпті болып есептеледі. Бензин, газ сияқты жарылғыш заттары бар нысандарды сөндіру қиын. Ол міндетті түрде газ баллоны болмауы да мүмкін, мәселен тұрғын үйлерде түрлі аэрозольдар қатты қызғаннан жарылуы ықтимал.
Біздің жұмыста минут емес, әр секунд қымбат. Жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін кейде машинаны қою мүмкін болмай жатады. Мұндайда полицейлердің көмегіне жүгінеміз.
– Қым-қуыт қызметіңіздің арасында уақыт тауып, сұрақтарымызға жауап беруге келіскеніңізге рахмет. Жеңдеріңіз құрғақ болсын, құрметті құтқарушылар!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ