Жұмысшы жастар арасында футболдан жарыс өтті
«Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің спорт алаңында базар мен сауда орталықтарында қызмет ететін және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жұмысшы жастар арасында облыстық «Дүйсенбілік футбол» турнирі өтті.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Кеңес орталығы» жобасы аясында ұйымдастырылған бұл турнирдің мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және NEET санатындағы жастарды топтастыра отырып, салауатты ұлт қалыптастыру және түрлі сала мамандарының кеңесі арқылы бағыт-бағдар беру.
Тартысты әрі қызықты өткен «Дүйсенбілік футбол» турнирі екі аптаға созылып, оған Атырау қаласындағы «Дина», «Насиха», «Мерей» сауда орталықтары, «Технодом», «РК-тел», «Мечта», «Сулпак» сауда дүкендері мен «Қызылқоға-Керуен», «АГУ» (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті), «Аққыстау» жастарынан құрылған командалар қатысты.
Кеше осы бәсекелердің ақтық ойындары өткізіліп, 3 орын үшін болған кездесуде Исатай ауданынан келген «Аққыстау» командасы и «Мечта» командасын 4:1 есебімен ұтты. Ал финалда «АГУ» мен «Қызылқоға-Керуен» командалары кездесіп, негізгі ойын кезеңінде есеп ашылмай, жеңімпаз 11 метрлік пенальти тебісу арқылы анықталды. Бұл ретте университет жастарының жолы болды.
Марапаттау рәсімінде «Jas Otan» Жастар қанаты Атырау облыстық филиалының төрағасы Абылай Қайратұлы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сертификаттарын табыс етті. Сондай-ақ, турнир қортындысында Ринат Тоқсанбаев («Насиха») – «Үздік қақпашы», Бекзат Өтешов («Қызылқоға керуен») – «Үздік қорғаушы», Мұратбек Зарлыханов («АГУ») – «Үздік шабуылшы», Айбол Бисенбаев – «Үздік ойыншы» атанды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның сапалы өтуіне «Nur Otan» партиясы Атырау облыстық филиалы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті атсалысқан. Сонымен қатар, қалалық мәслихат депутаттары Ильяс Қонысбай және Жеңіс Әбілкарес қолдау білдірген.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ