
Жастар нашақорлыққа қарсы
Мұнайлы астанада блогерлер, жастар, КВН ойыншылары, мемлекеттік орган қызметкерлері мен спортшылар спорт алаңында бас қосып, денсаулық пен белсенді өмір салтын насихаттады. Бұл кездесу «ORTA CUP II» медиа-турнирі аясында ұйымдастырылды.

Жарыс Атырау облыстық полиция департаментінің қолдауымен және ORTA жастар қозғалысының бастамасымен «Атырау» орталық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.
Іс-шара қонақтарының қатарында облыстық мәслихат депутаты Нұрлыбек Даралиев пен облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары Роман Ермұханов болды.

Футбол алаңына он команда шықты. «Атырау жастары» атынан жиналған белсенділер мен студенттер, мемлекеттік қызметшілер мен депутаттар «Атырау азаматтары» командасын құрды. Сондай-ақ екі блогерлер командасы, Атырау мен Орал қалаларынан келген КВН ойыншылары, «Orta», «Мақат», «Қаһарман» ұжымдары және «Біз де адамбыз» атты спортшылар мен әлеуметтік волонтерлер құрамасы додаға түсті.

— Бұл турнир қатарынан екінші жыл өткізіліп жатыр. Біз үшін бұл жай ғана спорттық іс-шара емес, белсенді жастарды бір арнаға тоғыстырып, жақсы үлгі көрсетуге және маңызды тақырыптар туралы ой қозғауға мүмкіндік. Биыл турнирге 50-ден астам адам қатысып отыр — әртүрлі саланың өкілдері, бірақ ортақ көзқарасы бар азаматтар, — деді турнир ұйымдастырушыларының бірі Әділет Сәбитов.
Көрермендер командаларға жанкүйер болып, белсенділік танытты. Жарыс соңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ