Жарнама
Спорт

Ұлттық спорттың төресі

Қыркүйекте елорда төрінде өтетін V дүниежүзілік көшпенділер ойындары әлемдік мәртебеге ие болып, төрткүл дүниенің назарын аударып отыр. Еуразия кеңістігі ғана емес, басқа да көптеген елдердің мықтылары қатысатын дүбірлі додада ұлттық спорттың құсбегілік түрінен атыраулық Арман Қошқаров ел намысын қорғамақшы. Екі күнге созылатын бәсекеде жерлесіміз бүркіт салу сынына қатысады. Бұл ойынға жолдама алуына оның былтыр күздегі Қазақстан чемпионатында үздік болуы негіз болыпты.

Бұған дейін талай жарыстан жүлдемен оралып жүрген құсбегі биылдың өзінде қатысқан 8 сайыстан да жеңімпаз немесе жүлдегер атанған. Жерлесіміз осы нәтижелері арқылы «Жылдың үздік бүркітшісі» атаныпты. Тіпті рекорд жаңартып, «Алтын тұғыр» сыйлығына да ие болған. Ол Қатар елі, Моңғолия мен Қырғыз республикаларында өткен байрақты бәсекелерден де жүлдесіз қайтпады. Танымал құсбегі Әбдікәрім Қошқаровтай әкенің тәлім-тәрбиесін алған ол қыркүйектегі жарыста бүркітті қолға шақыру (қолға шақыру) және жемге салу (шырға) секілді екі жаттығудан сынға түсетінін айтты.

– Бүркітті баптаудың да өзіндік тәсілі бар. Оны ат пен ит секілді зекіп, қамшымен жасқаса адамға көнбей ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан, дала құсын сипап, мақтап отырса ғана баптауға көнеді. Қазіргі дайындап жатқан Нарын есімді бүркітім атыраулықтарға жақсы таныс, әкемнің Нарынынан басқа. Оны жасы келген соң табиғатқа жібердік. Кейін өзім бүркіт алған соң Нарын деп атағанды жөн көрдім. Аңырақай деген тағы бір бүркітім бар. Екеуінің бабын бағамдай отырып, алдағы додада бабындағы біреуімен қатысуды көздеп отырмын. Қазір бүркіттер жазғы түлекте, күн ыстықта бүркіттің түлектері түгін түгел ауыстырады. Бүркіттерім семіздеу болған соң Алматыдағы тау бөктерінде демалдырып жатырмын. Көшпенділер ойыны қарсаңында Көкшетау қаласында өтетін оқу-жаттығу жиынына қатысамыз, — деді Арман Әбдікәрімұлы.

Ол бүркіт баптаумен бала кезден айналысып, оның орнын ауыстырып, тамақтандыруды үйренген. Мектеп жасында қаршыға мен ителгіні баптап, жарыстарға да шығып жүрген оған бұл аса қиындық тудырмапты.

Құсбегілікпен айналысқанына көп болған жерлесіміз ұлттық спорт түріне қолдаудың қажет екенін жасырмайды. Өйткені, ұлттық спорт өнері бәсеке болған жерде ғана дамиды екен.

– Бұл салада шешімін таппаған мәселе жеткілікті. Демеуші жоқ, жол қатынасы да қинайды. Бүркітті пойызбен алып жүру мәселесі шешілмегендіктен, көшпенділер ойындарына көлікпен барғалы отырмыз. Көршілес Қырғыз, Моңғолия, Қытай елдерінен келетін бәсекелестер көп. Ұлттық спортты дамыту үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан-жақты әрі жиі насихаттау керек деп ойлаймын. Көбінесе бүркіттің ұшып-қонып жатқан сәті ғана көрсетіледі. Шынында оған дейін қаншама тер төгіледі, оны ескеріп жанашырлық танытып жатқан ешкім жоқ. Ұлттық спорттың қай түрінің де насихаты өте аз болып тұр, — дейді құсбегі.

Түсінген жанға құсбегілік – ұлттық спорттың төресі. Бүркітші табиғатпен сырласа білуі керек. Ат үстінде отырып, жердегі затты еңкейіп алатын қабілеті бар епсекті жанға аңның қай бағытқа қашып, қайда тығылатынын, қандай жерді мекендейтінін білу де маңызды. Ең бастысы, ішімдік ішу, шылым шегу тәрізді жағымсыз әдеттерден де аулақ болуы тиіс. Сондықтан бүркітті ұстайтын адамның мінезі де оған ұқсас болуы шарт.

Қазір балаларды бүркітке баулып жүрген Арман Әбдікәрімұлы оларды әуелі атқа нық отыруға үйретеді екен. Егер ат үстінде өзіне-өзі сенімсіз отыратын болбыр баланың қолындағы бүркітке ие бола алмай қалатыны да бар.

– Құсбегілер арасында «Бүркітті үйретіп жүріп үйренесің» деген сөз бар. Өйткені, еркін өскен қыран құстың әрқайсысының өзіне тән мінезі болады. Ал, бүркіт баптаған адамға ерекше төзімділік керек. Енді көшпенділер ойынына тыңғылықты дайындалып, намысты қолдан бермеуге тырысамыз, — деп Алатау баурайындағы Арман алыстағы жерлестеріне дұғай сәлем жолдады.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button