Жарнама
Спорт

Туризм мен спорт неге кенже қалған?

Облыста туризм және спорт салаларында шешімін күткен біршама проблема бар. Бұл туралы республика туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаевтың облысқа іссапары барысында айтылды.

Жол картасының жобасы

Атырау облысына былтыр 172 мың турист келген. Оның 141,7 мыңы облыстың ішкі өңірлерінен, 30,3 мың адам – сырт аймақтардан келгендер. Былтыр оларды орналастыру мен көрсетілген қызметтен 5,9 миллиард теңге табыс түсіпті. Биыл қаңтар-наурыз айларында облысқа бір күндік сапармен келгендердің саны 32 665 адамға жеткен. Оның 5467-сі – «Ортағасырлық Сарайшық» сапар орталығына келген. Ал, облыс бойынша негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі – 17,9 миллиард теңге.

Вице-министрдің сөзінше, инвестиция көлемі биылғы жарты жылда былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 175 пайызға артық. Оны ақшаға шаққанда 6,6 миллиард теңге.

– Республика Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Атырау облысында туризмді дамытудың 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Жол картасының инфрақұрылымдық жобалары бойынша 108,5 миллиард теңгеге туристік нысандарға баратын жолдарды жаңғырту және Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Ал, 8,3 миллиард теңгеге 2 инфрақұрылымдық жоба жүзеге аспақшы. Оның бірі – Жылыой ауданындағы Ақмешіт қорымына баратын 34 шақырымдық көлік жолы 6,2 миллиард теңгеге бағаланған. Былтыр жобалау-сметалық құжаттамасына түзетулер енгізіліп, сараптама қорытындысы алынды. Енді мердігерді анықтау үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады. Екіншісі – «Махамбет Өтемісұлы мазары» мәдени-тарихи нысанына дейін 2,1 миллиард теңгеге 16 шақырым жол салынбақ. Былтыр жасақталған жобалау құжаттамасын сараптау қорытындысы биыл алынады. Екеуі де биыл басталып, келесі жылы аяқталуы тиіс, — деп Мирас Қалиұлы салада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.

Кәсіпкердің талап-тілегі

Сағыз ауылында тұратын жеке кәсіпкер Мұрат Көптілеуов көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселесін айтып, министрдің орынбасарынан оң шешілуіне ықпал етуін сұрады. Оның ауылдан 6 шақырым жерден кемпинг салып, суы мен жарық желісін жүргізгеніне екі жылдан асыпты. Тіпті, жатын орны мен дәретханасы, жуынатын бөлмесі мен көлік тұрағы да тұрғызылған.

– Құрылысқа 30 миллион теңгеден астам қаражат жұмсадым. Республикалық маңыздағы «Атырау-Ақтөбе» жолының бойындағы кемпингке дейін кірме жолды да өз күшімізбен төсеттірдік. Оның игілігін жолда жүрген көлік жүргізушілері көріп келеді, халыққа тиімді. Енді осы жұмысқа мемлекеттен төленетін тиісті 10 пайыздық өтемақыны ала алмай келемін, — деді кәсіпкер.

Вице-министр мен жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев бұл мәселе бойынша жағдайды зерделеп, тиісті жауабын беруге уәде берді.

Ал, «Нұрлы тал» этносаябағының директоры Гүлжан Тұрғанқызы шағын инвестициялық жобалар үшін кейбір заңды талаптарды алып тастаудың тетіктерін қарастыру туралы сұрады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм және қызмет көрсету саласы жөніндегі кеңестің төрағасы Гүлжан Елешева – «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының екінші томына енген Атырау өңірінің тарихи жерлері туралы мәліметтерді құрастырушылардың бірі. Оның ендігі мақсаты – аймақтағы ішкі туризмді дамыту бағытында энциклопедияның алдыңғы нұсқасын редакциялап, мұнайлы аймақтағы киелі орындарды таныстыруға арналған кітап шығару. Сол үшін жергілікті әкімдіктен қаржылай қолдауды сұрады. Сондай-ақ облыстағы кейбір туристік орындарға бару үшін инфрақұрылым қолбайлау.

– Біздің облыстың негізгі әлеуеті өндірістік туризм деп есептеймін. Атырауға келген адам мұнайдың не екенін біліп, мұндағы ірі өндіріс орындарының жұмысымен танысуды қалайды. Қазір «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» компаниясы туристік компаниялармен өзара келісіп, туристерге өндіріс аумағын көрсете алады. Басқа да өндіріс ошақтарымен келіссөз жүргізіп жатырмыз, — деді облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев.

Жастар неге құлықсыз?

Қызмет көрсету саласында бірнеше жыл тәжірибесі бар бизнес тәлімгері Нұрсұлу Асанова облыста бұл саланың кенже қалып отырғанына қынжылады екен.

– Түркия, Ресей, өзге де елдерде жұмыс істеп келгендіктен, Атырауда қызмет көрсету саласы бойынша тренинг өткізуге бағытталған «Academia GN» қауымдастығын ашқанбыз. Бірақ біздегі жастардың көпшілігі бұл салада үйреніп, білімін жетілдіргісі келмейді. Қаладағы сервис колледжінде барлық құрал-жабдық болса да, оқушылары оқуға құлықсыз. Енді олар үшін ұйымдастырылатын психологиялық курстарда өздерін бағалауды үйретіп, олардың ішкі әлеміне үңілсек деген ниетіміз бар. Жастардың елгезек болғанын қалаймыз. Шетелде болғанда қызмет көрсететін жастардың қонақтарды күтіп алуы, ойын еркін жеткізуі ерекше байқалады. Бізде көбінесе жастар жасқанып, білгенін айтуға қысылып, қарапайым тапсырыс қабылдауды білмей жатады. Қазіргі заманға сай тіл білуге де ниеті жоқ. Олардың біліксіздігі ойландырады. Сондықтан арнайы ғимарат алып, құрал-жабдық орнатып, жастарды тәрбиелегіміз келеді, — деді Н.Асанова. Облыс әкімінің орынбасары Ж.Бисембиев бұл мәселені жүзеге асыру үшін әріптестерін ақылдасуға шақырды.

Мүгедектердің спорттық клубының директоры, қалалық мәслихаттың депутаты Аманбай Қыздарбаев облыстағы мүгедектігі бар жандардың спорт саласында жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқанын айтып, Парижде өтетін паралимпиадаға 16 спортшы қатысатынын жеткізді.

– Спортшыларымыз ел ішіндегі жарыстарға пойызбен қатынап жүр. Арасындағы қоларбада отыратын I топ мүгедектеріне де ұзақ жол жүруге тура келеді. Кейбір жағдайда қоларбалары пойызға сыймай, дәретхананы еркін пайдалана алмай, қиындық туындайды. Қастарында міндетті түрде көмекшісі болады. Бірінші топ мүгедектерінің ұшақпен баруына жағдай жасалып, осы мәселе тиімді шешілсе екен, — деді Аманбай Қыздарбайұлы.

Вице-министр мұндай ұсыныс басқа да өңірлерден келіп жатқанын айтып, Парламентке ұсынылған заң жобасында осы мәселе ескерілгенін қаперге берді.

Кездесуге қатысқан спорт мамандары сенімгерлік басқаруға берілген кейбір спорт мекемелерінің сенімді ақтамай отырғандығына ашынатынын жасырған жоқ. Қазір бұл басқару тетігінің мүлдем тиімсіздігін айтқан Жасұлан Бисембиев бүгінде сенімгерлік басқаруға берілген «Бейбарыс» хоккей клубы мемлекетке қайтарылып жатқанын айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады.

«Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, тарих ғылымдарының докторы Әбілсейіт Мұқтар туристерді тарту үшін Сарайшық қалашығын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспары мен министрлік тарапынан тарихи-мәдени мұраларды зерттеуге қаржы бөлу туралы мәселе көтерді.

Министрдің орынбасары М.Төлебаев облыстағы нысандарды аралап, олардың жай-күйімен танысты.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button