Төрт жасар атыраулық жұртты таңқалдырды!

img 20220825 wa0043 Спорт

Атырау қаласының әкімі Мейірім Қалауи «Atyrau Chess Festival» халықаралық турнирінің ең жас қатысушысы 4 жасар Қайрат Абдул-Мәлікке 200 мың теңгенің сертификатын табыстады.

Халықаралық «Atyrau Chess Festival» шахмат фестивалі мәресіне жетті. Фестиваль аясында жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері анықталды. Алдағы жылдары да шахматшылар бәсекесі дәстүрлі түрде жалғасатын табатын болды.

​Бұл туралы жарыстың салтанатты жабылу рәсімінде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлім етті.

– Шахмат – ақыл-ой спортының патшасы. Ол – интеллектуалды, ақылды, стратегияны талап ететін ойын. Жарысқа қатысқан спортшылар келешекте де ел намысын абыроймен қорғайды деп сенім білдіреміз. Жарысқа 9 елден келген 300-ден астам шахматшылар өнерлерін көрсетіп, шеберліктерін шыңдады. Мұндай шаралардың алдағы уақытта да өтуіне облыс әкімдігі облыстық шахмат федерациясымен бірлесе отырып жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Алдағы жарыстарда бақтарыңыз бен баптарыңыз қатар шабуына тілек білдіремін. Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Динара Сәдуақасоваға алғыс айтамын, – деді облыс әкімі.

​Әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Азия чемпионы Динара Сәдуақасова салтанатты шарада облыс әкімдігі мен шараның басы-қасында болған демеушілерге алғысын білдірді.

– Елімізде   шахмат   спортын  қолдау   мен   дамытуға   бағытталғанбастамамызды жүзеге асыруға атсалысқан барша ағайынға алғыс айтамын. Осы жарыстың барлық кезеңінде уақытын арнап, қатысуға мүмкіндік тапқандарыңыз үшін зор ризалығымды білдіремін. Шын мәнінде бұл жарыс қызықты әрі тартысқа толы болды. Фестивальге қатысқан қатысушыларға, тәжірибелі мамандарға, шахмат жанкүйерлеріне алғысым шексіз. Сіздер осындай турнир арқылы өз біліктіліктеріңізді арттыра білдіңіздер деген сенімдемін, – деді Динара Рамазанқызы.

​Фестивальдің салтанатты жабылу рәсімінде турнир жеңімпаздары анықталып, бірнеше аталымдар бойынша  жүлделер табысталды. 

​Турнирдің қорытындысында әйелдер арасында Екатерина Борисова I орын, Назерке Нұрғали ІІ орын, Алуа Нұрланова ІІІ орынға ие болды. ​Ерлер арасында өткен турнирде Тимур Гареев І орын, Арсений Нестеровке II орын, Сергей Тивяков ІІІ орынды қанжығаларына байлады.

​Сонымен қатар, аймақ басшысы доданың ең қарт қатысушылары 81 жастағы Ағаша Бөкенбай мен 64 жастағы Таппатқан Қабышеваға 250 мың теңгенің сертификатын табыстады. Қазақстан-Британ Техникалық университетінің өкілі Клара Мұқашкереева аталған оқу ордасының білім грантын Шеруен Батырхан мен Абзал Әмірәліге табыстады.

​Шарада «Atyrau Juniors» турнирінің қатысушылары жас ерекшелігі бойынша марапатталды.​
​Фестивальдің жалпы кепілдендірілген жүлде қоры 13 млн 257 мың 500 теңгені құрайды.  Фестивальге Қазақстан, АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Беларусь және Ресей елдерінен шахматшылар қатысты. Турнирлердің нәтижелері швейцариялық жүйе бойынша бағаланып, фестиваль барысында жарыстармен қоса шеберлік сыныптары, бір мезгілде өтетін ойын сеанстары мен шахмат семинары өтті.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз