Спорт кешені салынып жатыр
Х.Ерғалиев ауылында 50 орындық спорт кешені салынып жатыр.
Кешенінің жалпы ауданы 800 шаршы метрден астам,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тажиденованың айтуынша, нысанда шағын футбол, волейбол, бокс, күрес және жаттығу залы бар. Сондай-ақ, ауласында баскетбол алаңы қарастырылған.
–Жобаның құны 395 млн 500 мың теңге. Көптен күткен халықтың сұранысы бойынша осы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы біз үшін үлкен жаңалық. Ауыл тұрғындары, әсіресе жастар қуанып, нысанның тезірек аяқталуын асыға күтуде. Ауылдың салауатты өмір салтын ұстануына үлкен мүмкіндік болғалы отыр,- деді Р.Тажиденова.
Ал құрылыстың жүру барысында аздаған кешігу бар. Себебі, биыл төтенше жағдай жариялануына байланысты жұмыстар тоқтап қалған. Дегенмен қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқын алып жатыр. Аталған нысан қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлануда. Медігер мекеме — «HCK MBM CONSTRUCTION» ЖШС.
Айта кетейік, Қамысқала ауылдық округінің орталығы – Х.Ерғалиев ауылында 4 мыңнан астам тұрғын бар.