Жарнама
Спорт

Шахматқа жастардың бар таласы…

Атырау қаласында студенттер мен колледж жастарының арасында шахматқа деген қызығушылық күн санап артуда. Олардың ынтасын қолдау мақсатында «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігі «Atyrau Students Union» жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытып, олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруды көздейді. Жоба аясында 2016 жылы өмірден озған жастардың көшбасшысы Асқар Бопылдықовтың құрметіне арналған облыстық шахмат турнирі өтті.

Абай атындағы оқушылар орталығында ұйымдастырылған турнирге қатысушылар алдымен Асқар Төребайұлын еске алып, естеліктерімен бөлісті.

–Асқар Атырау жастарының нағыз үлгісі еді. Ол аудандарды жиі аралап, ауыл жастарымен кездесіп, олардың қабілеттерін ашуға көмектесетін. Әсіресе, руханият пен тарих тақырыптарын ерекше ықыласпен түсіндіретін және оның әсерлі әңгімесі тыңдаған адамға айрықша әсере ететін. Біз бүгінде жастардың Асқардай білімді, сауатты, патриотты азаматтар болғанын қалаймыз, — деді оның досы, «Жастар таңдауы – Атырау» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Дәурен Сейітқалиев.

Шахмат додасына облыстың түрлі оқу орындарынан 50-ден астам студент қатысып, өзара бақ сынады. Жарыс нәтижесінде С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжінен Шыңғысхан Елтай жеңімпаз деп танылды. Ал ІІ орынды Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Назымгүл Аттағұлли иеленді. ІІІ орын Каспий маңы көпбейінді жоғары колледжінің студенті Айжан Қанатқызына бұйырды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 150 мың теңгені құрап, жеңімпаздарға бөлінді.

Шахмат турнирі жастардың интеллектуалды дамуына зор үлес қосып, сонымен қатар Асқар Бопылдықовтың рухына тағзым етуге бағытталған маңызды іс-шара болды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button