Жарнама
Спорт

Сексен жастағы спортшы марафонға қатысады

Жеңіс Оразұлы Айтбаев биыл 80 жасқа толып отыр. Бұл мерейтой – тек бір адамның ғана емес, тұтас Атырау спорты мен қазақстандық жеңіл атлетиканың, бокс өнерінің, ұстаздық жолдың тойы. Өйткені оның өмір жолы – жеңіске жетудің, табандылық пен қайсарлықтың үлгісі.

9489897b d29d 48cc 8d88 ee484d79f1c9 1

1945 жылдың 9 мамырында – Ұлы Жеңіс күні Атырау облысының Новобогат ауылында дүниеге келген сәбиге тағдырдың өзі есімін сыйлағандай еді. «Жеңіс» деген есім оның бүкіл өмірін айқындап, әрбір қадамы мен жетістігін айшықтады. «Менің өмір жолым атыма сай болды. Қиындық та көп кездесті, бірақ спорт маған бәрін жеңуге күш берді», — дейді ардагер.

Жастайынан еңбекқор болып өскен ол спортқа ерекше құштарлықпен кірісті. Алғашқы қадамын бокс өнерінен бастады. 1963 жылы Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқи жүріп, бокс үйірмесіне қатысып, алғашқы тәжірибесін жинады. Келесі жылы педагогикалық институтта чемпион атанып, 60 келіге дейінгі салмақта үздік шықты. 1965 жылы Қарағандыда өткен республикалық біріншілікте жүлделі орынға ие болып, жас спортшы ретінде көзге түсті. 1972 жылы оған «КСРО спорт шебері» атағы берілді. Бұл сол кезеңдегі қазақ жастары үшін зор мәртебе еді. «Ол кездегі жастар үшін спорт шебері атағы – арман. Мен үшін де солай болды. Атыраудан алғашқылардың бірі болып бұл дәрежеге жеткеніме әлі күнге дейін мақтанамын», — дейді кейіпкер.

Ол тек рингте ғана емес, төрешілер қатарында да әділдігімен танылды. 1976 жылдан бастап бокстан республикалық санаттағы төреші ретінде көптеген жарыстарға қазылық етті. Ал 1980 жылы «Қазақ КСР-нің дене шынықтыру үздігі», 1991 жылы «КСРО дене шынықтыру үздігі» төсбелгілерімен марапатталды.

Бокс мансабынан кейін ол жаңа қадам жасап, жеңіл атлетикаға бет бұрды. 1978 жылдан бастап ұзақ қашықтыққа жүгіруді тұрақты түрде қолға алды. 1985 жылы Атыраудағы алғашқы ресми марафонның ұйымдастырылуына атсалысып, 2 және 42 километр 195 метр қашықтықтарға қатысушыларды жұмылдырды. Осыдан бастап ол қаладағы әуесқой жүгіру қозғалысының белсенді насихатшысы болды.

1985 жылдан 2001 жылға дейін Мәскеуде өткен әйгілі халықаралық бейбітшілік марафонына 15 рет қатысып, әр жолы 42 шақырым 195 метрді бағындырып отырды. Санкт-Петербург қаласындағы «Дорога жизни» марафонында, Минскідегі 58 шақырымдық супермарафонда, Рига мен Қырымдағы жарыстарда, Қазақстанның көптеген қалаларындағы марафондарда сынға түсті. 1995 жылы Италияның Борго-Сан-Лоренцо қаласында, кейін Кваротто қаласында өткен халықаралық марафондарда мәреге абыроймен жетіп, ел намысын қорғады.

Жеңіс Айтбаев тек қатысып қана қоймай, жүлделі орындарға да ие болды. Оның басты жетістіктерінің бірі – 2011 жылы Афиныда өткен «Спешиал Олимпикс» ойындарында күміс пен екі қола медаль жеңіп алуы. Сонымен қатар 2012 және 2019 жылдары Мәскеу марафонының естелік медальдарымен марапатталған.

– Мен үшін марафон – өмірдің өзіндей. Қиындыққа мойымай, соңына дейін баруға үйретеді. Жүгіру күш-қуат пен денсаулық сыйлайды. Қозғала алғанша, мен жүгіруді тоқтатпаймын, — дейді ардагер.

Ол тек спортта ғана емес, ұстаздық салада да еңбегімен елге танымал. 1976 жылы Гурьев педагогикалық институтын «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдап, мектепте мұғалім болды. Жастарға тарихты оқытумен қатар, спортқа баулыды. Кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істеп, жас ұрпаққа туған жердің тарихын танытты. Ұстаздықты екінші тынысы деп білетін ол балаларға тарихты үйретіп қана қоймай, салауатты өмір салтын сіңіруді де мақсат еткен.

Жеңіс Айтбаевтың еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан жоғары бағаланды. Ол үздік атақтарынан бөлек, «Қас батыр» медалі, «Хиуаз Доспанова» төсбелгісі, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ар мен Даңқ» медалі, Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Дауылпаз» медалі сияқты көптеген марапаттарға ие болды. Сонымен қатар 2000 жылы Мәскеуде өткен XV халықаралық марафонға қатысқаны үшін арнайы куәлікпен марапатталған.

Жасы сексенге жетсе де, Жеңіс Оразұлы әлі күнге дейін спорттан қол үзген жоқ. Таңғы жаттығуларын жасап, жастарға ақыл-кеңесін береді, қоғамда салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Оның өмір жолы – нағыз марафон.

– Спортты серік ету – салауаттылықтың басты негізі. Менің бар арманым – жастардың дені сау болып өсуі. Сол үшін қолымнан келгенше еңбектендім, әлі де сол бағытта әрекеттенемін, — дейді ол.

Жеңіс Оразұлы биыл 16 қыркүйекте Мәскеу қаласында өтетін халықаралық марафон жарысына қатысуды жоспарлап отыр. Ардагер спортшы бұл марафонға жиырма жыл қатарынан үздіксіз қатысып келеді. Тәжірибесі мен шыдамдылығын сынға салуды көздеп отырған кейіпкеріміз қазір 10 шақырымдық қашықтыққа дайындық үстінде.

– Күніне екі рет жаттығу жасаймын, өзімше жаман емес. Бұйырса, жүлделі орынға ілігемін деп ойлаймын. Спорт – ең алдымен салауатты өмір салтының кепілі. Жеңіске жету – басты мақсат емес. Жастарға үлгі болу – парызым. Дене шынықтырсаң, шымыр боласың, өмірің ұзағырақ әрі сапалы болады, — деп сөзін түйіндеді сексен жастағы спортшы.

Жеңіс Айтбаев – Атыраудың ғана емес, тұтас Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылған есім. Ол – боксшы, марафоншы, ұстаз, қоғам жанашыры. Оның өмірі – жас ұрпаққа өнеге, еңбегі – елге мақтаныш.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button