Жарнама
Спорт

Ретросаябақта спорттық шара өтті

Халықаралық Олимпиада күні және нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес айлығы аясында бұқаралық спорттық шарасы өтіп, оған спортты серік еткен жастар мен қала тұрғындары қатысты.

1894 жылдың 23-ші маусымында құрылған Халықаралық Олимпиада комитеті әлемдегі спорттық оқиғалардың ең маңыздыларының бірі. Спорттық шараға қатысқан қонақтардың қатарында Атланта олимпиадасының қатысушысы Ильфат Гатифуллин, Токио паралимпиадасының қатысушысы Нұрлан Домбаев, Бейжің олимпиадасының қатысушысы Лия Нұркина және белгілі спортшылардың жаттықтырушылары қатысты.

Шарада сөз алған облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Тулеуова сөз алып, мерекемен құттықтады.

–​Олимп шыңын бағындыру спортты серік еткен әрбір спортшының арманы екені сөзсіз. Еліміздің тарихында халықаралық жарыстарда көк туымызды желбіретіп жүрген спортшыларымыз аз емес. Олардың қатарында облыс спортшыларының да бар екенін мақтанышпен айтамыз. Солардың қатарында таэквондодан Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Арман Чилмановты ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, каратеден жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері Әбілмансұр Батырғали, грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Евгений Поливадов секілді спортшыларды мақтанышпен айта аламыз. Баршаңызды салауатты өмір салтын сақтап, достық пен адамгершілікті биік ұстауға шақырамыз, — деді Нұржауған Оразқызы.

​Бұдан соң, еркін күрестен Гимназияданың күміс жүлдегері Аян Абдел мен жаттықтырушысы Анарбек Умаргазиевқа облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының алғыс хаты табысталды.

​«Тұрғындар қалашығы» шағынауданындағы ретро саябақта өткен шарада спорт мектептерінің оқушылары мен жалпы білім беретін мектептің оқушылары арасында спорт түрлерінен қойылымдық көріністер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.

​Саябақ алаңындағы «Көңілді старт» сайыста №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі – I орынға, №1 олимпиадалық резервтің мамандандырылған жасөспірімдер спорт мектебі – II орынға, №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебі – III орынға ие болды.

​Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының «Спорт шеберлігіне үміткер» спорттық нормативін орындап, спорттағы жеңістерінің алғашқы белестеріне жеткен бірқатар жас дзюдошылар мен су добына қатысатын спортшыларға куәлік табыс етілді.

​Шарада кинолог мамандар арнайы иттермен қойылымдық көрініс қойды.

Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button