
Қызылқоғалық спортшы Дубайда олжалы болды
Біріккен Араб Әмірліктерінің бас қаласы Дубайда пара жеңіл атлетикадан «Fazza» әлемдік Гран-при жарысында қызылқоғалық Махамбет Серікқали найза лақтырудан қола жүлдеге ие болып ел мерейін асырды. Жарыстың екінші күні 42 елдің білекті спортшылары арасынан үздік үштікке табан тіреген жерлесіміздің шет елдегі алғашқы жарысы сәтті аяқталды.

Әлемдік деңгейдегі спортшы атанып, дүбірлі додаларда сынға түсу, сол арқылы ел қоржынына олжа салу Махамбеттің бала кезден арманы.
Осыдан алты жылға жуық уақыт бұрын қазақ күресінен ауданда өткен кезекті жарыста сәтсіз құлаған спортшы белінен зақым алып, содан бері өмірі қоларбада жалғасып келеді. Алайда өмірге деген ынтасы болашағы зор, талапты жігіттің ұнжырғасын түсірген жоқ. Спортпен айналыса жүріп, ауылдағы шағын шаруашылығын да үйлестіріп отырған талапты жастың алдағы өмірі мен спорттық мансабына сәттілік тілейміз!
Алмас ҚАБДОЛОВ