Қызылқоғалық спортшы әлем чемпионатында топ жарды
Қызылқоғалық спортшы Ерсін Болатов Түркістан қаласында өткен сурдодзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Барлығы 25 мемлекеттен 200-ге жуық спортшы қатысқан додада чемпион атанған 19 жасар балуанды бүгін отбасы мен достары, бапкерлері мен жерлестері айрықша сый-құрметпен күтіп алды. Бұл туралы Қызылқоға аудандық әкімдігі хабарлады.
Әлемдік спорт додасында 60 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Ерсін Болатов татами төрінде 3 белдесу өткізді. Алғашқы белдесуде украиналық балуанды 10 секундта жеңсе, жартылай финал үшін кездесуде қырғыз елінің балуанынан басым түсті. Чемпиондық үшін тартыста өзінің командаласымен белдесіп, соңғы сәтте ғана есе жіберіп алған.
—Ерсін өте алғыр бала. Дайындықта үйреткен айла-тәсілдің барлығын бірден меңгеріп алады. Спортқа деген жігері, ептілігі мен сабырлығының арқасында түрлі додаларда чемпион атанып жүр. Бүгінде сол жүрісінен жаңылмай әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Біз енді Иран қаласында өтетін Азия ойындары мен 2025 жылы Токио қаласындағы олимпиада ойындарына дайындықты бастаймыз. Ендігі уақытта аталған чемпионаттардың жеңімпазы болу — біздің басты мақсатымыз, — дейді чемпионның бапкері Асхат Тельманов.
Еліміздің көк байрағын әлемдік аренада желбіреткен спортшыға жерлестері риза болып, алдағы спорттық бәйгелерде де намысты қолдан бермеуіне тілектестік білдірді. Біз де жас спортшының қадамдарына сәттілік тіледік.
Өз тілшіміз.