Құрманғазылықтар енді заманауи спорт кешендерінде жаттығады
Құрманғазы ауданындағы Сафон және Жұмекен ауылында 48 орындық спорт кешеннің құрылысы басталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ғимараттардың жалпы ауданы – 1 548,6 шаршы метр. Екі қабатты нысанның ішінде спорт зал, санитарлық тораптармен жабдықталған жаттықтырушыларға, әйелдер мен ерлерге арналған киім ауыстыру бөлмесі бар. Сонымен қатар, жобада бас инжинер, күзетші кабинеті, техникалық-санитарлық бөлме мен медициналық көмек көрсету пункті қарастырылған.
–Қазір жер учаскесін дайындау жұмыстары аяқталып, іргетасы құйылуда. Екі ауылға да 20 жұмысшы, 1 жүк тиегіш, 2 кран және 1 инефильтрлі сорғы техникасы жұмылдырылған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп күтілуде, — деді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Жасұлан Сүндетов.
Жалпы аталған екі ауылда 6 мыңға жуық адам тұрады. Округтерде бұрын-соңды спорт кешені және стадион болмаған. Аудандық ішкі саясат, мәдениет тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мәліметінше, Жұмекенде – 827, Сафон ауылында 685 адам бұқаралық спортпен шұғылданады.
Айта кетейік, қазір аудандағы Сүйіндік және Еңбекші ауылында да спорттық нысанның құрылысы жүруде.