Қазақстандық қос спортшы үстел теннисінен әлем чемпионатына жолдама алды
Қазақстандықтар, қарағандылық Зәуреш Ақашева мен шымкенттік Сарвиноз Миркадирова үстел теннисінен әлем чемпионатына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық олимпиада комитетінен мәлім еткеніндей, З.Ақашева мен С.Миркадирова ITTF рейтингісі бойынша 20-28 мамырда Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында өтетін дүниежүзілік додада бақ сынайтын болды.
Олар жекелей есепте өнер көрсетеді. Зәуреш сондай-ақ жұптық және аралас сында шеберлік байқасады.
Бұдан бұрын жылдың басты додасына Кирилл Герасименко (Астана, жекелей және жұптық сын), Алан Құрманғалиев (Қарағанды, жұптық сын), Айдос Кенжеғұлов (Алматы, аралас сын), Денис Жолудев, Сағынтай Құрмамбаев (Өскемен, екеуі де жұптық сын) және Анастасия Лаврова (Астана, жұптық сын) жолдама алған еді.