Параволейболшылар жеңіспен оралды
Бүгін әуежайда атыраулықтар Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан Азия және Тынық мұхит аумағындағы елдер арасындағы клубтар бойынша чемпионаттан жеңіске жеткен спортшыларды салтанатты жағдайда қарсы алды. “Атырау” командасы өз тобы бойынша сайысқа қатысқан командалардың барлығын жеңіп, Кубокпен оралды.
Жалпы, атыраулықтар Сауд Арабиясы мен Қытайдың екі клубын жеңіп, жартылай финалға бірінші орынмен шыққан. Сондай-ақ, “Қызылордадан” дәл сондай есеппен басым түскен. Есеп 3:0. Ал, финалда қытайлық Zhe Jiang клубымен өткен ойын тартысты болған. Команда 3:2 есебімен жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілген.
-Командамызда 12 ойыншымыз бар. Ең тартысты ойын қытайлық командамен болды. Барлық партияда да 3:2есебімен ұттық. 2011 жылдан бері осы спорт түрімен шұғылданып келемін. Бүгінгі таңда халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Жалпы, параволейбол командасы Атырауда 2002 жылы құрылған болатын. Биыл олимпиадағы қатысқаннан кейін біраз демалып, бір айдың төңірегінде дайындалып жарыста бақ сынап келдік. Бір апталық бәсекеде атыраулық команда барлығынан басым түсті. Жалпы, спортқа қатысып, шеберлігімізді шыңдау арқылы өзімізді қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінеміз. Енді осы ай соңында Атырауда өтетін Қазақстан чемпионатына әзірлік үстіндеміз. Чемпион болуға жұмыстанамыз,-дейді команда капитаны Бауыржан Сартаев.
Тартысты додаға Австралия, Сауд Арабиясы, Қытай елдерінен төрт команда, сондай-ақ Қазақстаннан Қызылорда және Атырау клубтары қатысқан.
-Атырауда волейболдан отырып ойнау спорты бойынша спортшыларға жаттығу үшін барлық жағдай жасалған. Келесі жылы Азия және Әлем чемпионаттары өтеді. Енді соған да әзірлікке кірісеміз,-дейді команда жаттықтарушысы Ернар Мәтеуов.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ