
Паралимпиада ойындарының жүлдегерлері Зарина Райфова мен Жұрқамырза Шүкірбеков елге оралды
Кеше, 13 қыркүйекте Х.Доспанова атындағы Атырау халықаралық әуежайында парадзюдошыларды қалың көпшілік салтанатты жағдайда күтіп алды.

Жұрқамырза Шүкірбеков Париж төрінде өткен әлемдік додада J2 санатында 90 келі салмақта сынға түсіп, қола медаль үшін таласта франциялық Насер Зорганиді иппон ұпайымен тізе бүктірді.

-Спортпен 10 жасымнан бастап айналысамын. Параспортқа 1,5 жыл бұрын келдім. Ал бұл сын — паралимпиадаға алғаш рет қатысуым. Дүниежүзілік додада тәжірибе алып, мұндағы ерекше атмосфераны сезіндім. Шынайы жеңістің дәмін бастапқыда түсіне алмағаным рас. Кейін бөлмеме келген соң сезіндім, — деді Ж.Шүкірбеков.

Ал Зарина Райфова 70 келі салмақта үздіктер қатарынан көрінді. Қола медаль үшін өткен белдесуде ол италиялық Каролина Костадан басым түсті.
-Төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың үлкен додасына мықтылар ғана жиналады. Қарсыластардың арасынан Қытай қызымен белдесу қиынға соқты десе де, жаттықтырушылардың еңбегі мен үздіксіз дайындықтар нәтижесінде және көрерменнің қолдауымен осындай жеңіске жеттім. Бізді қолдаған, жанкүйерлер болған барша атыраулыққа алғысымды білдіремін, — деді З. Райфова.



Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ