Оңтүстік Кореялық автошерушілер Атырауға жетті

img 20220905 wa0031 Спорт

Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығы аясында бастау алған автошеруге қатысушылар Атырауға келіп жетті.

Автошерушілердің қатысуымен өткен брифингте делегация жетекшісі Ли Ен Чжу екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толуымен құттықтап, екі ел арасындағы достықтың жалғасын тауып, дами түсуіне атсалысу керектігін айтты.

Автошеру   көшбасшысы   Чо Енпильдің   айтуынша,   4 маусымда басталған 

автошеру Сібір, Мәскеу арқылы Еуропа елдерін Португалияға дейін түгелдей басып өтіп, қайтар жолда Испания, Түркия, Грузия елдеріне жетіп, Атырауға табан тіреген. Автошерушілер мұнан соң Бейнеуге жетіп, Өзбекстанды бетке алады. Содан соң Қырғызстан арқылы Алматы мен Семейге, кейін Ресейге жол жүріп, елге оралатындығын айтады.

– 27 қатысушы 7 көлікпен 41 мың шақырымды еңсеруді көздеп отырмыз. Кореямен салыстырғанда Қазақстан арқылы кез-келген жаққа баруға болады. Кореяда көлікпен жолға шығу өте қиын. Қазақстанға 7-8 рет келуім. Ал, Атырауға екінші сапарым. Сонымен қатар, Алматы, Семей, т.б қалаларда болдым. Қазақстан Орталық Азиядағы ірі мемлекеттердің бірі. Алдағы уақытта Кореядан саяхатпен келушілердің қатары көбейеді деп ойлаймын. Сондықтан Қазақстан туралы көбірек танып-білуге мүмкіндік бар. Биыл тұңғыш рет өткізіліп отырған автошеруді алдағы жылдары да өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Чо Енпиль. 

Автошеруге алдын ала дайындалған олар ең басты проблема ковид жағдайында орын алғандығын айтады. Өйткені жағдай сәт сайын өзгеріп тұрыпты. 

— Алдымен паром арқылы Владивостокке барғымыз келді. Алайда ковидке байланысты Моңғолияға баруға тура келді. Моңғолиядан Владивостокке барып сол жақтан көлікпен жолға шықтық. Әр елдегі достарымыз қолдау көрсетіп, жақсы қарсы алып, жолымызды жеңілдетті, – деді автошеру көшбасшысының орынбасары Пак Чжун Гон. 

  • -Қазақстанға   қызығушылықпен   қарайтынымыз   жасырын   емес.    Қазақстан ірі мемлекет қана емес, тұрғындары да ашық-жарқын. Сондықтан біз үлкен әсер алдық. Алдағы уақытта Қазақстан бұдан да биік дәрежеге жетеді деп сенім білдіремін. Екі ел арасында ұқсас тұстарымыз көп. Ерте келсек те жылы қабылдап жатқан ағайынға алғыс айтамын. Кореяға барған соң бізді жақсы қабылдағандарыңызды айтып, Қазақстанға Кореядан туристердің келуіне септесеміз деп ойлаймын, – деді делегация жетекшісінің орынбасары Хан Ми Ен.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз