Жарнама
Спорт

Марат Бексұлтанұлы: «Садақшыға керегі – концентрация»

Биыл Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Оған 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысуы тиіс. Елорда төрінде өтетін додаға барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл сында дәстүрлі садақ атудан күллі қазақтың намысын қорғайтын атыраулық спорт шебері, тұңғыш ел чемпионы, халықаралық турнирлердің жүлдегері Марат Бексұлтанұлы да бар. Бүгінде оқу-жаттығу жиынында жүрген жерлесіміз жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан уақыт бөліп, күзде өтетін бәсекеге дайындығы туралы айтып берді.

Бәсекелестік жоғары

– Марат Бексұлтанұлы, көшпенділер ойындары бесінші мәрте өткізілмекші. Соған қарамастан биыл бұған ерекше ден қойылғаны байқалады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Садақ ату өнері сонау сақ, ғұн дәуірінен бастау алатыны тарих бетінен мәлім. Алғашында бұл күнкөріс және жаудан қорғану үшін пайдаланған өнер болса, қазір бұл мергендіктің бір түрі ретінде кең таралған. Түркі халықтарының спорт түрлерін кеңінен насихаттауды көздеген Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көршілес Қырғыз Республикасынан басталған болатын. Алғаш рет түркі елдерінің қатарына жататын Қазақстан, Түркия, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғыз, Венгрия Республикалары қатысса, қазір көшпенді халықтар ғана емес, сонау Америка құрлығындағы елдер де бақ сынап жатыр.

Бүгінде ұлттық спорт түрлері көп таралған ғой. Соның ішінде дәстүрлі садақ ату ең жас спорт ретінде 2022 жылы Түркияда өткен көшпенділер ойынына қосылған еді. Алдағы сынға 35 елдің садақшылары тіркелген. Жарысқа қатысатын садақшылардың саны 100-ге жуық. Бұл басқа спорт түрлерімен салыстырғанда әлдеқайда көп. Тіпті республика Туризм және спорт министрлігіндегілер де бұл спорттың танымалдығына таңданысын жасырмайды. Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері де алдағы көшпенділер ойынының маңызын айтып, жоғары көрсеткіштердің басты меже екенін түсіндірді. Еліміздің ойыншылары көкпар, жамбы ату, асық ату бойынша үнемі жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін, солар секілді жүлдеге қол жеткізу туралы айтты. Әлбетте, біз де мүмкіндікті мүлт жібермеуге күш саламыз.

Меніңше, көкпар, жамбы ату, асық ату секілді ойын түрлерін қазақ пен қырғыздан басқа ешкім ойнап жатқан жоқ. Сондықтан бәсекелестік аз екені түсінікті. Садақ атуды 1950 жылдан бері Еуропа мен Азия елдері спорт ретінде танып, айналысып келеді екен. Ал, бізде спорт ретінде соңғы екі-үш жылда ғана ресми түрде танылды. Соған қарамастан бәсекелестік күшті. Осы тұрғыдан алғанда оны басқа спорт түрлерімен салыстыруға да болмайды.

– Ойынға іріктеу қалай өтті?

– Іріктеу биыл ақпан айында басталды. Алғашқы іріктеу Малайзия еліндегі он екі күндік оқу-жаттығу жиыны кезінде өтті. Оған атыраулық 4 спортшы қатысты. Қазақстанда 2 мыңға жуық садақшы болса, елдің ұлттық құрамасына нағыз сайыпқырандар іріктелген. Ал ұлттық құрамадағы 36 садақшының тек 10-ы ғана көшпенділер ойындарына қатысады. Оның төртеуі қыз, алтауы ер адам. Он екі күн ішінде 4 қыздың екеуі анықталса, 6 жігіттен астаналық әріптесім Ербол Тәпенов екеуміздің ғана жұлдызымыз оңғарылды. Көктемде Алматы қаласындағы іріктеуде қалғандары іріктелді. Ресми түрде жолдамамызды жақында ғана алдық. Тағы бір атыраулық садақшы Әли Сесигүзел деген шәкіртім іріктеуден өте алмаса да, көрсеткіші жақсы болғандықтан резервке қабылданды.

Садақты серік еткен заңгер

– Облыста дәстүрлі садақ атудың аяқ алысы қалай?

– Атырауда дәстүрлі садақ атудан «Батухан жебесі» атты федерация бар. Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасынан аккредиттеуден өткен федерацияға биыл жергілікті бюджеттен қаржы бөліне бастады. Соңғы төрт-бес жылда оның құрылуына барлық күш-жігерімді жұмсап, барлық қолдау шараларын ұйымдастырып жүрмін. Қазір федерация президенті әрі 40-қа жуық шәкіртіме жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Оның жиырма шақтысы жасөспірім, қалғаны ересектер.

Облыс аумағында бұлардан бөлек 100-ден астам дәстүрлі садақшы бар. Тамыз айында оларды іріктеу сынын өткіземіз. Нормативті орындаған садақшылар облыстық құрамаға кіре алады. Құрама мүшелігіне өтпес бұрын олармен спортшы ретінде келісім-шарт жасаймыз. Егер олар мансабын жалғастыруға келіссе, тұрақты түрде жаттығу жасап, жарыстарға қатысатыны туралы ескертіледі. Өйткені, федерация мемлекет тарапынан қаржыландырылып отыр. Сондықтан шебер садақшы болуды қалаған адам ғана біздің қатарға қосылады.

Төрт жылдан бері садақ атуды насихаттап, шәкірттеріме үйретіп, әртүрлі деңгейде жарыстар ұйымдастырып жүргенімді бағалаған шығар, Венгрия елінде екі жылда бір өтетін дүниежүзілік түркі-мадияр халықтарының «Құрылтай» атты ірі шарасына шақыру алдық. Алдыңғы жылы «Жыл спортшысы» атансақ, былтыр «Үздік жыл федерациясы» атандық. Бұл да біздің үлкен жетістіктеріміздің бірі.

– Бұған дейін басқа салаларда қызмет етіпсіз. Спорттың бұл түріне бетбұрыс жасауға не түрткі болды?

– Негізгі мамандығым – заңгер. Мемлекеттік қызметте 14 жыл жұмыс істеп, түрлі басшылық лауазымдарға да тағайындалдым. 2020 жылы белгілі бір себептермен жеке шаруашылықпен айналыса бастағанда дәстүрлі садақ атуға әуестеніп, өз бетімше интернет желісі арқылы үйрене бастадым. Кейін спорт мектебін, сосын федерация ашуды қолға алдым. Енді облыстық басқарма бас бапкер лауазымына штат ашып берсе жақсы болар еді.

Қазір федерация мамандары ешқандай ақысыз-пұлсыз спортпен шұғылданып, үйретіп жатыр. Ата-бабадан келе жатқан бағзы өнердің тасада қалып қоймауына бауырларымыз осылайша жан-тәнімен үлес қосып жатыр. Ұлттық өнеріміз – садақ атуды насихаттай бастағалы көп жұмыс атқарылды. Садақ ату өнері спорт деңгейіне өтті, мектептер ашылып, шәкірттер тәрбиеленіп, мергендер шыға бастады. Спортшылар Атыраудың атынан түрлі сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

Былтыр елімізде бұрын-соңды болмаған дәстүрлі садақ атудан «Алтын Орда» атты халықаралық турнир өткіздік. Спорттың бұл түрінің адамның физикалық тұрғыдан дамуымен қатар, рухани жағынан жетіліп, ой жинақтауына септігі мол. Осының бәрі садақ атуға деген халықтың қызығушылығын арттырады деп білеміз.

Басқармаға базына

– Облыста дәстүрлі садақ атуға қызығушылық қандай деңгейде?

– Қазір облыста жеті жастағы баладан 60-тан асқан қарияға дейін садақ атумен айналысады. Олар жуырда Семейде өткен республика Кубогіне қатысты. Үйде жаттыға бергеннен гөрі, алыс аймақтардағы жарыстарды да көру керек. Жеңіске жету мақсат емес, бастапқыда қатысқанның да әсері мол. Садақшылардың құлшынысы артады.

– Елдің ұлттық құрамасында Сізден басқа облыс садақшылары бар ма?

– Құрамада Атыраудың намысын қорғайтын төрт адамбыз, менен өзге Әли Сесигүзел, Мәдина Бисембиева және Бауыржан Ақтай бар.

– Алдағы көшпенділер ойынында өзіңіздің шамаңызды қалай бағалап отырсыз?

– Қазір оқу-жаттығу жиынында жүрміз, бұған дейін де төртеуін өткізгенбіз. Алдағы уақытта Астана қаласында тағы да жаттығуымыз жалғасады. Осының бәрін ескергенде, орта деңгейден жоғары деп бағалап отырмын. Алдағы сынға жолдама алғандармен бірге жаттығамыз, олар да тегеурінді қарсыластар.

Дәстүрлі садақ атудан Ұлттық құраманың бас бапкері Диас Ахметовтің басшылығымен жаттығу жалғасып жатыр. Спорттық құрал-жабдықтарды өзіміз алдық. Ал елордалық әріптестерге қалалық басқарма тарапынан қолдау бар. Мысалы, олар бірыңғай киім формасымен жүр, біз еркін спорттық стильде киініп жүрміз. Келешекте Атырау облысының басшылығы да бұған көмектеседі деп ойлаймын. Мұндай мәселелерден жалпы хабардар.

– Садақ ату өнерінің басқа спортпен салыстырғанда қандай ерекшелігі бар?

– Басқа спорт түрлерінде күш, адреналин деген бар. Жекпе-жек спортымен айналысушыларға сол керек. Ал бізде олай емес, эмоцияға беріліп, ашуланып жеңе алмайсың. Ең бастысы зейін қою керек, мұны кәсіби тілде концентрация дейді. Соны игере білген адам ғана жеңіске жетеді. Өзімізге үйреншікті техниканы бірқалыпты жүзеге асырсақ, жеңістің ауылы алыс емес.

Көпшілік «медаль аламын деп ойлайсыз ба?» деп сұрайды. Мен жарысқа медаль үшін бармаймын. Өзімнің техникам мен жаттығуымды ең жақсы көрсеткіште орындай алсам жеткілікті. Оның алтын, күміс не қола болуы садақшы үшін мотивация болмауы керек. Ол жеңіске жетелемейді екен. Бұйыртқанын көреміз!..

– Әңгімеңізге рақмет, байрақты бәсекеде сәттілік тілейміз!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button