Мақаттықтардың жаңа стадионы бар
Атырау облысы Мақат ауданында балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен орталық стадион пайдалануға берілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Мақат кентінде бұрын қолданыста болған балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен орталық стадион 1964 жылы салынған. Ғимараттың ескіруіне байланысты 2022 жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында толық жаңғыртудан өтті. Заманауи үлгіде қайта жаңғыртылған нысан ел игілігіне қолдануға бүгін берілді.
Ғимарат толық инфрақұрылыммен қамтылған, жалпы аумағы 1,13 гектарды құрайды.
Жаңа стадионда ұйымдастырылған спорт сайыстарын бір мезетте 450 көрермен тамашалай алады. Бұдан бөлек үлкен футбол алаңы, бокс, күрестен үйірме залдары қайта жаңғыртылып, жаңадан баскетбол және волейбол секциялары ашылды. Әр үйірме заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Мұнда бір күнде 160 баланың спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Сондай-ақ киім ауыстыру және санитарлық-тазалық бөлмелері, әкімшілік корпустары салынған.
Айта кету керек, 2025 жылға дейін тағы да үш спорттық нысан бой көтереді. Ауданда 10 мыңға жуық адам тұрақты түрде спортпен шұғылданады.