
Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жаңа директор тағайындалды
Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып Айбар Есенғалиев тағайындалды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
Айбар Мағазұлы 1982 жылы Махамбет ауданында дүниеге келген. Спорт саласындағы еңбек жолын 2007 жылы жаттықтырушы ретінде бастап, жылдар өте тәжірибелі маман әрі білікті ұйымдастырушы ретінде танылды. Ол – облыстағы джиу-джитсу Академиясының негізін қалаушы және осы спорт түрінің өңірде кеңінен таралуына елеулі үлес қосқан азамат.
2015–2017 жылдары «Мұнайшы» спорт кешенінің директорының орынбасары қызметін атқарса, 2018 жылдан бастап Атырау облысының джиу-джитсу бойынша аға жаттықтырушысы болды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған ол жаттықтырушылық мансабында әлем және Азия чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындап шығарған.
-Айбар Мағазұлының кәсіби білімі мен бай тәжірибесі енді Мақат балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дамуына және жас спортшылардың жаңа жетістіктерге жетуіне серпін беретініне сенім мол, — делінген ресми хабарламада.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА