Жарнама
Спорт

Командасын жеңіске жетелеген қақпашы

Темірлан Анарбеков – Атырау топырағында түлеп, бүгінде қазақстандық футболдың үкілі үмітіне айналған жас қақпашы. Жуырда ол оңтүстік астананың «Қайрат» клубы сапында алаңға шығып, Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі шешуші кездесуде шотландиялық «Селтикке» қарсы ойында нағыз қаһарман атанды. Қарсылас команданың ойыншылары – Адам Айда, Люк Маккоуэн және Дайдзэн Маэданың қақпаға бағыттаған үш қауіпті соққысын қайтарып, командасын жеңіске жетеледі. Ақыры, пенальти сериясында жеңіске жеткен «Қайрат» тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды.

img 1392 2


Темірланның футболға қадамы туған жеріндегі «Атырау» клубының жасөспірімдер орталығынан бастау алған. Бүгінде ол тек клуб емес, күллі ел сенім артқан қақпашылардың біріне айналып отыр.
Бұл туралы қақпашының бөле ағасы Әділет Қалиев әңгімелеп берді. Оның айтуынша, бала кезінде Темірлан алғашында таэквондомен айналысқан екен. Тіпті сол кезде футболға деген айрықша ықыласы байқала қоймаған. Ал оның футболға келуі де ерекше. Әділет футбол секциясына бұрыннан қатысып жүргендіктен, Темірланның әкесі ұлын да ілестіріп қатысып көруге кеңес береді.


– Темірлан таэквондоға анда-санда барып жүретін. Кейін әкесі менің футбол ойнап жүргенімді көріп, «Әділетпен бірге барып көр» деп айтты. Содан мен де көп ойланбастан өзіммен бірге алып бардым. Алғашында менімен қатарлас балалардың тобында жаттықты. Кейін жасы кішірек екенін білген соң, жаттықтырушылар өз жасындағы топқа қосты. Сол футбол орталығында шамамен екі жылдай жаттығып жүрді. Әуелгіде алаңда ойыншы ретінде ойнады. Ауладағы балалармен доп теуіп жүріп, қақпаға кезекпен тұратынбыз. Сөйтіп жүріп қақпашылыққа деген ынтасы оянып кеткен сияқты, — дейді Әділет.

img 1391


Темірлан Атырауда жүрген кезінде жасөспірімдер арасындағы жарыстарға қатысып, сол тұста «Қайрат» академиясының мамандарының назарына ілігеді. Көп ұзамай анасы екеуі Алматыға барып, сынақтан сәтті өтіп, академияға қабылданады. Осында он бірінші сыныпты тамамдап, кәсіби спортшы ретінде қалыптасты.
Атырауға ара-тұра ғана келіп жүрген Темірлан – ата-анасының жалғыз ұлы. Бұған дейін олар алыста жүріп, жылына сирек кездесіп жүрген. Жуырда ғана ата-анасы да Алматыға түпкілікті қоныс аударыпты.

img 1395



– Иә, жақында ата-анасы толықтай көшіп барды. Бір-бірін сағынып жүретін. Сол үшін осындай шешім қабылдаған болуы керек, — дейді Әділет Әлібекұлы.


Айта кетейік, Әділет Қалиевтің өзі бүгінде «Атырау» футбол клубы орталығында қақпашылар бапкері қызметін атқарады.
Жерлесіміз Темірланның командалық ойынға деген қызығушылығы оны кәсіби футбол әлеміне жетеледі. Таңғаларлығы, өзі футболды тұрақты түрде тамашаламайды екен. Қақпашы болу – жай ғана кездейсоқ таңдау емес, ол үшін табиғи бейім қажет көрінеді. Бұл қасиет Темірланның бойынан жастайынан-ақ байқалған.

img 1394


Кезінде ол «Қайраттың» негізгі құрамында үшінші нөмірлі қақпашы ретінде өнер көрсетіп жүрді. Ал өткен жылы тәжірибе жинау мақсатында «Жеңіс» клубына жалға берілді. Өйткені «Қайратта» үшінші қақпашы ретінде көп ойынға қатысу мүмкіндігі аз болса, жалға ойнау арқылы ойын тәжірибесін толықтыра алады.

img 1393

Алдағы уақытта оның «Қайраттың» негізгі қақпашысына айналуы бапкерлердің шешімі мен команданың ішкі бәсекесіне байланысты. Себебі мұнда әр ойыншы өз орнын дәлелдеу үшін бар күшін салады.


– Темірланның «Селтикке» қарсы ойыны айрықша есте қалды. Пенальти кезінде ол еш қиналған жоқ, нық сеніммен қимылдады. Шын мәнінде, алаңда нағыз салқынқандылық танытып, әр соққыны қайтарған сәтте тек қақпаны ғана емес, қарсыластың рухын да тежей білді. Бұл – тактикалық тұрғыдан нағыз айқас еді. Жалпы ойын барысында бес бірдей қауіпті соққыны тоқтатып, командаға зор қуаныш сыйлады. Осы сәтті біз бүкіл отбасы, ағайын-туыс болып мақтанышпен тамашаладық. Темірланның үлкен жолы енді басталды. Әр сейві – бір жетістік, әр ойыны – жаңа белес, — дейді Әділет Әлібекұлы.


Темірлан 2020 жылғы маусымда, небәрі 17 жасында, Қазақстан Премьер-лигасында негізгі құрам сапында дебют жасап, 30 қараша күні «Таразға» қарсы ойында 46-минутта алаңға шықты.


Жас дарынның жетістіктері де аз емес. 2020 жылы Қазақстан чемпионы атанып, 2021 жылы ел чемпионатының қола жүлдесін иеленіп қана қоймай, Қазақстан кубогын да жеңіп алды.
Ұлттық деңгейде де алғашқы қадамын сәтті бастады. 2021 жылдың 6 қазанында Қазақстанның 19 жасқа дейінгі құрамасы сапында Чехияның U-19 командасына қарсы ойында тұңғыш рет алаңға шықты.
Клубтық мансабы да өрлеу үстінде. 2022 жылы Бірінші лигада өнер көрсететін «Қайрат-Жастардың» капитаны атанып, Ал 2025 жылы өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында Қазақстан Суперкубогының иегері атанды.
Бүгінде Темірлан Анарбеков – тоғыз жылдан астам уақыт бойы «Қайрат» клубының жүйесінде өнер көрсетіп келе жатқан сенімді қақпашы. Ол – қазақстандық футболдың болашағынан зор үміт күттіретін, жарқырап келе жатқан жұлдыз екені сөзсіз.
Әділет Қалиев «Қайрат» клубының алда күтіп тұрған маңызды ойындарына да тоқталды. Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңі сегіз кездесуден тұрады екен. Оның төртеуі өз алаңында, төртеуі сырт алаңда өтеді. Жақында жеребе тарту рәсімі ұйымдастырылмақ. Әр топта екі мықты, екі орташа деңгейдегі клубтар болуы мүмкін.


– Мұндай дода жас қақпашылар үшін баға жетпес тәжірибе болар еді. Әсіресе, Темірлан секілді дарынды балаларға бұл үлкен мектеп, – дейді жаттықтырушы.

Сейсенбідегі ойында біз Темірланның мінезін айқын байқадық.
«Темір десе – темір» дегендей, ол қайсарлығының арқасында командасын алға жетеледі. Футболда, әсіресе қақпашы үшін мінездің орны бөлек. Ал дәл осы кездесуде Темірланның бойы да, болмысы да, ойыны да үндесіп, нағыз тарих жазылды.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button