
Кикбоксшылар шаршы алаңға шықты
Атырауда жасөспірімдер арасында кикбоксингтен III республикалық ашық турнирдің қорытынды кезеңі өтіп жатыр.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сүндеткерей Қасанғалиевтің жүлдесіне арналған турнирге Алматы қаласы, Ақтөбе, Қызылора, Батыс Қазақстан, Атырау секілді т.б облыстан 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынап жатыр.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан жарыс Атырау облыстық кикбоксинг федерацияның қолдауымен өткізіліп отыр.
Іс-шараға облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Сыдықов қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
– Сүндеткерей Қасанғалиев біздің болашағымыз үшін, елдің рухын көтеретін жас ұрпаққа тәрбие беру мақсатында кикбокс спортын Атырауға алғаш алып келген спортшы. Шәкірттерінің алды спорт мектебінің басшысы, екі дүркін әлем чемпионы. Мұның бәрі жұмсалған күш пен қажымас қайраттың арқасы деп білемін. Мына тұрған сіздер де үлкен белестерден көрініп, боз кілемде оза шауып, көк туымызды биіктен желбіретеді деп сенемін. Спортшыларға алаңда мықтылық, сыртында достық, төрешілерге әділдік тілеймін. Баршаңызға сәттілік!- деді Нұрбол Тұрарұлы.
Қасанғалиев Сүндеткерей Құбайұлы – 1976 жылдан бастап саналы ғұмырын спорт саласына арнаған білікті бапкер. Атырау облысында кикбоксинг мектебінің іргетасын қалаушы.
Көпжылдық тәжірибесін шәкірт бойына дарыта білген Сүндеткерей Құбайұлының есімін шәкірттері әлемге паш етті. Олар Марат Айтқалиев — әлем чемпионы (2001ж., Грекия), ҚуанышбекҚосақов – әлем чемпионы (2005ж., Кипр), Абзал Дүсіпов – әлем чемпионы (2013 ж., Түркия).
Алмас ҚАБДОЛОВ