Елбасы Алау эстафетасына ақ жол тіледі

461376105987d887fb9cd6ad70c80c86 Жаңалықтар

Кеше Астанадағы «Назарбаев Университетте» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың Алау эстафетасына ақ жол тіледі. Дүние жүзі  көз тіккен спорт аламанының Алауы Қазақ елі Президентінің қатысуымен тұтанды. Мұның алдында Мемлекет басшысы шаңғышы Дәулет Рахымбаевқа Қазақстан Туын салтанатты түрде табыс етті.

461376105987d887fb9cd6ad70c80c86

– Алматыда 29 қаңтардан бас­тап өтетін ХХVІІІ Бүкіләлемдік Универсиаданың Алауын тұта­тып отырмыз. Күллі әлем үшін мәр­тебелі жарысты біздің еліміз­де өткізу құқына ие болуымыз – Тәуелсіздік жылдарындағы жетіс­тіктеріміздің бірі. Мұндай әлем­дік ауқымдағы жарысты Қа­зақстан бұған дейін өт­кі­зіп көрген жоқ. Оны өткізу­ге кез келген мемлекеттің әлеуе­ті жетпейді. Осындай жағдай­да таңдау Қазақстанға түсті. Біз­дің бұл жарыстарға лайықты әзір­леніп, абыроймен өткізе­тіні­­мізге мен сенімдімін. Қазір тұ­тан­ған бұл Алау еліміздің бар­лық өңірлерін аралап, жер-жер­дегі жанкүйерлер спортшы­ларымызға дем береді, үлкен жеңіс­­терге рухтандырады, – деді Пре­зидент.

Универсиадада Қазақстан­ның намысын барлығы 168 спорт­шы қорғайды. Елбасы олар­­дың әрқайсысына сәтті өнер көрсе­тіп, жеңіс тұғырынан көрі­нулері­не тілектестігін білдір­ді. – Сіздерге бүкіл Қазақ­стан жан­күйер болады, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Осы Уни­­вер­­сиаданы өткізіп отырғаны­мыздың өзі жастарды спортқа тартуға мол септігін тигізеді. Осы мақсатта салынған спорт ны­сандарының қызығын болашақ спортшылар көреді. Еліміз­ді әлемге танытайық! Бір кез­де Владимир Смирнов пен Люд­мила Прокашевалар салған жол­ды сіздер жалғай біліңіз­дер! Араларыңыздан шығып, әлемге танылғандарыңызды бүкіл еліміз мақтан тұтады! Бар­шаңызға зор денсаулық, үлкен жеңістер тілеймін!

8374529713f3c6ee321ae9e1687a504c

Эстафета Алауын бірінші болып алып жүру құрметіне шай­балы хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының қорғау­шысы, «Барыс» хоккей клубы­ның ойыншысы Мадияр Ыбырайым­беков ие болды. Салтанатты шара­ның соңына дейін Алауды бар­лығы 60 спортшы елорданың ор­та­лық көшелерімен үш жа­рым сағат бойы екі кезеңмен алып жүгірді.

Алғашқы кезең «Назарбаев Уни­верситет» пен «Бәй­те­рек» монументінің ара­лығын қам­тыса, екінші кезең осы мону­менттен басталып, оң жаға­лау­дағы қалалық әкімдікке дейін жалғасты. Эстафетаның жал­пы ұзақтығы – 12 шақырым. Алау­герлер қатарынан бокстан Рио Олимпиадасының күміс жүл­дегері Василий Левит, гір көте­руден спорт шебері Әлібек Нау­рыз­байұлы, джиу-джитсудан әлем чемпионы Мөлдір Ме­кен­­­баева тәрізді көптеген саң­лақ­тарды көрдік.

e0523e3df809199f72f646bee2397fb0

Астанадағы ақ түтек боран­ға қарамастан, Алау алып жүгі­ру­шілер межелі жерге бел­гі­ле­н­ген уақытта жетті. Алау мере­кесі ело­рда төріндегі «Бәйтерек» мо­ну­­ментінің алдында ұйым­дас­тырылған ауқымды концерттік бағ­дарламаға ұлас­ты. Дәл осы жер­де Алау эста­фе­тасын даңқ­ты боксшы, Рио-2016 Олимпиа­дасы­ның чемпионы Данияр Елеусінов қабылдап алып, Астана әкімдігі ор­наласқан ғима­ратқа дейінгі жол­­ды жүгіріп өтті. Әкімдік ал­дын­да жиылған қауым­ды қала әкімі Әсет Исе­кешев те ар­найы құт­тықтады. Осыдан кейін қысқы Уни­­вер­сиада алауы рес­пуб­лика­лық штаб өкілдеріне табыс етілді.

Екі кезеңмен жалғасқан эста­фета соңында Алау арнайы ұшақ­пен Уни­версиада астанасы Алма­тыға бағыт алды. Ол ХХVІІІ Бүкіләлемдік қысқы Универ­сиаданың 29 қаңтар күні болатын салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің басқа өңірлерінен де жеткізілетін эстафета алау­ларымен бірге дүниежүзілік дода­ның негізгі Алауын тұтатады.

Жалпы, бүгіннен, яғни 26 қаңтардан бастап, еліміздегі барлық облыс орталықтарында қысқы Универсиаданың Алау эстафеталары өткізіледі.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

«Егемен Қазақстан»

АСТАНА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз