«Дзюдо қарақшыдан да қаймықпауды үйретті»
Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Еуропа чемпионаты мен әлем Кубогының қола жүлдегері, самбодан халықаралық дәрежедегі алғашқы спорт шебері және дзюдодан КСРО-ның алғашқы спорт шебері Сәния Махамбетованың есімі өткен ғасырдың соңғы онжылдығында спорт әлемінде дүркіреді.
Марапатқа масаттанбай…
Оған дейін облыста ешкім мұндай жоғары дәрежеге қол жеткізіп көрген жоқ еді. Олимпиада ойындарында өнер көрсетуді армандағанмен, 1996 жылғы Атлантада өтуі тиіс Олимпиада ойындарына жолдама сарапқа салынатын Азия чемпионатына қаржы болмай қатыса алған жоқ. Осылайша Олимпиададан ол күдерін үзсе де, сол жылы АҚШ-тың Атланта қаласында өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде дзюдошылар елдің атынан сынға түсті. Бұл – егеменді мемлекет ретінде Қазақстан спортшыларының Олимпиадаға тұңғыш қатысуы еді. Дегенмен құрамадағы спортшылардың қауқары аз болып, алғашқы айналымда-ақ сүрініп жатты.
– Сол кезде жәрдем беремін деген демеуші айтқан сөзінде тұрып қаржыландырған уақытта Азия чемпионатына қатысып, V орынға ілінсем де Олимпиадаға қатысатын едім. Қазақстан чемпионатында менен ұтылған алматылық Валентина Камсулева Азия чемпионатынан V орынға ие болды да, Олимпиадаға қатысты, — дейді Сәния Жұмантайқызы.
Осылайша елдің ең мықты дзюдошысының спорттық мансабы аяқталды. Тек сыйға алған қызыл «ВАЗ-2105» көлігі мен қаладағы бір бөлмелі пәтері ғана жеңісті күндерді еске салып қана тұрды.
– Ол кезде 27 жаста едім. Спортты әрі қарай жалғастырудың мәні болған жоқ. Өйткені спортшылар үшін басты шың – Олимпиада. Төрт жылдан кейін мен 31 жаста боламын, бұл жаста өнер көрсетуге негіз жоқ. Оның үстіне қаржыландыру болмағандықтан, үнемі демеушілер іздеу керек болды. Сол кезде бізге «Атырау» сауда үйінің иесі Әли Боқанов деген азамат ағамыз өте жақсы көмектесті. Біз оның көмегімен көптеген жарыстарға қатыстық. Бірақ ол жалғыз өзі болды, — деді спортшы.
Ынта болса жеңіс те болады
Облыстағы дзюдоның болашағы туралы сұрағымызға ұзақ ойланған спортшы ол үшін әлі көп жұмыс атқару қажеттігін айтты.
– Қазір спортта болмасам да, дзюдо күресі төңірегіндегі барлық жаңалықты білгім келеді және жанашырлық танытып отырамын. Облыста дзюдоны көтеру үшін ең алдымен ынта қажет. Егер жаттықтырушылар бірігіп жұмыс істесе, облыстың салалық көрсеткіштерін жоғары нәтижеге жеткізуге мүмкіндік бар. Мысалы былтыр Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер және ерлер арасында бірде-бір медаль болған жоқ. Жастар арасындағы бәсекеде 1 медаль ғана олжаладық. Атырауда жақсы дзюдошылар бар. Әсіресе 60, 73, 100 килограмм салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген спортшылардың Олимпиада ойындарына жолдама алуға мүмкіндіктері бар, — дейді ол.
Әйелдер дзюдосы туралы пікірін сұрағанымызда, Сәния Жұмантайқызы қыздар арасында жасөспірімдер, жастар және әйелдер арасында Қазақстан чемпионаттарында жыл сайын жеңімпаз атанып, жүлдегер болып жүргендер бар екенін алға тартты.
– Олимпиада ойындарына қатысуға толық мүмкіндігі бар жастар жетерлік. Облыстың намысын қорғап, Олимпиадағы қатысып үлгерген Әбиба Әбужақынова мен Эсмигүл Құйылова секілді қыздардың еңбектері орасан зор. Енді атыраулық спортшылар солармен бірге жаттығып шыңдалса, олардың жетістіктерін қайталар еді. Олар жас буынның ынтасын арттырып, шабыт беретіні сөзсіз. Алдағы уақытта облыстан да Олимпиадаға қатысып, елдің туын биікке желбіретер жастар шығатынына сенім мол, — деді С.Махамбетова.
– Қай спорт түрін алсақ та, жоғары нәтиже көрсету үшін спортшы мен жеке жаттықтырушы, облыс және республика жаттықтырушылары бірігіп жоспар құруы керек. Жоспардың мерзімі әртүрлі болады. Жаттықтырушының өзі де жаттығуға жоспарын құрып, әрдайым дайындалып келуі керек. Соған қарап шәкірті де тәлімгерінің үйреткенін толық игереді. «Спортшы 17 жасқа дейін жақсы нәтиже көрсетсе әрі қарай алып кетеді» деп жатады ғой. Ол жастан асқан соң да нәтиже көрсетуге болады, алайда олар аз. Кейде дзюдодан көрсеткіштің аздығына себептердің бірі – біздегі жас дзюдошыларды қазақ күресі, белбеу күресі немесе самбо тәрізді басқа күрестерге жастай салып қояды. Ол әдіс спортшыны шаршатады. Ақыры, бірінен шығып екіншісіне барған соң нәтижесі төмендейді де, кейін тіпті жасы келген соң спортты тастап кетеді. Соған жеткізбеу үшін бір күрес түрін таңдап, сонымен ғана шұғылдану керек. Қазір жарыс көп. Біздің кезімізде жылына бір рет қана өтетін. Кейін самбо күресінен де тек жылына екі рет жарысқа қатысушы едік, — деді С.Махамбетова.
Сондай-ақ ол спортшыларды дайындауға денсаулығы қалыпты, тәжірбиесі мол жаттықтырушыларды тартуды қолдайды. Егер келесі Олимпиадаға төрт жыл бойы жоспарлы дайындықпен барса, облыстан 2-3 жолдама алуға мүмкіндік болатынына ол кәміл сенімді.
Ардагер спортшының сөзінше, облыста спортшыларға жоғары нәтижеге жету үшін жақсы жағдай жасалған. Спорт кешендері ашылып, жарыста көрсеткен нәтижесіне қарай спортшы мен жаттықтырушыға шәкіртақы да төленеді. Сондықтан жетістікке жету үшін спортшы да, жаттықтырушы да жанын салып дайындалып, тер төгіп, еңбектену қажет.
Қыздарда құлшыныс бар
Спортшының айтуынша, қазір қыздардың дзюдомен айналысуға құлшынысы жоғары, ынтасы жақсы. Бірақ осы бағытты ілгері дамытуда кедергілер де жоқ емес. Кейде қоғамда қыз-келіншектерге спорттың кері әсері болатыны айтылып қалады. Айталық, әйелге тән мінез-құлықты жоғалтып алуы да мүмкін. Бірақ Сәния Махамбетова ондай пікірмен келіскен жоқ, керісінше пайдалы жақтарын ғана кездестіріпті.
– Дзюдо арқылы адамда мінез бен тәртіп қалыптасады. Белгілі бір межеге қол жеткізу үшін ұмтылысты арттырады. Өйткені спортшының өмірі спортпен ғана шектелмейді ғой. Жеке басымыздағы, тіпті тұрмыстық қиындықтарды жеңуді де үйренеміз. Сосын дзюдо дене бітімін қалыптастырып, икемділікті дамытады. Меніңше, дзюдо – жеңіске жетудің ең тиімді жолы. Кез келген спорт түрі сияқты, оның адам өміріндегі орны өте маңызды. Бірақ бәрі – жаттықтырушыға байланысты. Егер ол жүктемені дұрыс таңдаса, онда жаттығулар әйел адамның денсаулығына зиян келтірмейді, — дейді ол.
Жертөледен басталған жаттығу
Сәния Жұмантайқызы алғаш рет 14 жасында дзюдо күресін таңдап, спорт залға барған кезде анасы оған қарсы болыпты. Біртіндеп жүлделі орындар ала бастаған соң алғашқы қорқынышы сейіле бастаған. Спорт шеберінің үлкен спортқа аяқ басуына үш ағасы мен екі інісі көп қолдау көрсеткен. Еркін күреспен айналысатын ағаларының бірі оған күрестің кейбір техникаларын да үйретеді. Сәнияның дзюдоға аңсары ауып, қызығуына сол себеп болған екен.
Шынында да ол кезде дзюдо күресі көпке таңсық спорт түрлерінің бірі еді. Оған дейін баскетбол ойнап, команда сапында өнер көрсетіп үлгерген оның команда тарап кеткен соң, таңдау жасауына тура келген.
– Құрбыларым вокзал маңында дзюдо бөлімі ашылғанын айтты. Біз үшін бәрі қызық еді, бірақ барған соң бірден ұнады. Алғаш рет кимоно алғанда қалай қуанғаным есімде (күліп). Жертөледе жаттығатын едік. Бұл спорт түрі мені қатты қызықтырғаны соншалық, жаттығудан кейін де балалармен бірге қалып өз бетімізше әдіс-тәсілдерді үйреніп жүрдім. Алдымен бастапқы жаттығулар, сосын тапсырмалар легі көбейіп, жүктеме арта түсті. Сонда да маған қиын болған жоқ, өйткені біз спортты соншалықты жақсы көрдік. Өкініштісі сол, қазір балалар әлсіз, қарапайым жаттығуларды жасай алмайды. Дене шынықтыру негізгі жаттығулардың бірі ғой, — деді С.Махамбетова.
Рас, дзюдоның да басқа спорт секілді өзіндік қиындығы бар. Сәния Жұмантайқызы алғаш жаттығуға келген кезде жүз шақты адам болып қатысқанын, олардың ішінен өзінің ғана іріктеліп қалғанын еске алды. Спорт болған соң жеңілістің кермек дәмін тататын кез де аз болмайды. Сондайда көздің жасын бұлап алып, жаттығуға кірісіп кетеді екен. Ал жеңістің жан жадыратар сәттерінде масаттанбай, алға қарай көздеген мақсатына жетуге асығады.
Оны Қызылорда, Тараз қалаларына жұмысқа шақырған кездер де болыпты. Тіпті бірнеше жыл бұрын Орал қаласында да біршама уақыт еңбек етіп келді. Оған спорттық әдіс-тәсілдің көшеде пайдаға асқан жері де бар еді.
– Есіңізде ме, тоқсаныншы жылдары ондатра бөрік сән болып еді ғой. Бір күні кешқұрым жаттығудан келе жаттым. Үйге таяп қалғанда қайдан пайда болғанын байқамадым, бейтаныс адам маған ас үй пышағын кезенді. Басымдағы бөркімді алып едім, оны тастады да ештеңе айтпастан кетіп қалды. Мені анық таныса керек. Кейде өзімді кәдімгідей қорғауға тура келген кездер де бастан өтті. Ондай уақытта бұзақыларға тиісті жазасын беретін едім, — дейді Сәния Жұмантайқызы жымиып.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА