Жарнама
Спорт

«…Біз биіктікті өз бойымызбен өлшейміз»

Қазір әр сала мамандары арасында боз кілемде белдесу трендке айналып барады. Олай дейтін себебіміз елімізде «Полиция барысы», «Әскер барысы», «Ұстаз барысы», «Имам барысы», «Өнер барысы» деген атаумен облыстық және республикалық деңгейдегі турнирлер ұйымдастырылып жүр. «Театр барысы» республикалық турнирінің биылғы жеңімпазы Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Асланбек Жанбалаевпен әңгімеміз осыншалық маңызға ие болған спорттық шара туралы өрбіді.

Оның айтуынша, әр мамандық иесінің спорттан да хабары болғаны дұрыс. «Себебі, денсаулық – басты байлық. Оған қоса республика көлемінде өтетіндіктен өзге азаматтармен де танысып, жүзбе-жүз тілдесудің сәті туады» дейді ол.

– Мұндай жоба азаматтар арасында денсаулық, бірлік, мәміле үшін қажет деп ойлаймын. Мысалы, «Театр барысы» республикалық деңгейде өтетін турнир болғандықтан жан-жақтан актерлер келеді. Бәрінің бір-бірімен танысып, сөйлесіп, тәжірибе алмаса алатын мүмкіндігі болады. Сондықтан мұндай бастама кез-келген сала мамандары арасында өткізілгенін құп көремін,- дейді театр барысы.

Театрішілік сайыс іріктелер сәтте ІІ Республикалық «Театр барысы – 2024» турнирінің ережесіне сай келетіндер аз болыпты. Сондықтан Асланбек Жанбалаев екінші жыл қатарынан белдесуге жолдама алған. Оның пайымдауынша, спорттағыдай өнерде де жеңімпаз болады дейді.

– Өнер мен спорт – егіз ұғым. Әрине, еңбекпен, маңдай термен жетістікке жетудің өзі өнердегі жеңіс деп түсінемін. Бірақ, әр жетістігің, әр еңбегің кешегі күннің еншісінде қалады да, өзің ертеңге аяқ басасың. Сол себепті, өз басым әрқашан шыңдалып тұруды құп көремін. Жалпы, қай салада да қандай биік шыңға шықсаң да, қанша жетістікке жетсең де, қарапайым, кішіпейіл адам кейпінде қалудың өзі жеңімпаз екеніңді білдіреді,- дейді Асланбек Жанбалаев.

«Театр барысымыз сегіз қырлы, бір сырлы жан екен. Олай деуге негіз де бар. Ол боз кілем мен театрдан бөлек, Атыраудағы ұлттық спорт түрлері федерациясының президенті әрі кино актері болып та көпшілікке танылып жүр. Бірнеше саланы бағындырған оның жолында келеңсіздіктер де кездесіп жататын көрінеді. Сондай жағдайда мәселені сабырмен шеше алатын қабілеті көпшілікке үлгі боларлықтай.

– Біз болып жатқан жағдайға өз көзқарасымызбен баға береміз. Биіктікті өз бойымызбен ғана өлшейтініміз жасырын емес. Сол сияқты әділетсіздік деп санаған құбылыстар өзіміздің жеке ойымыз болып шығуы мүмкін. Дегенмен, қай кезде де сабырлық танытып, аяқтан шалғысы келгендерге мүмкіндік бермейтіндей шыңдала түсу керек-ау. Біз алдымыздан шыққан әркіммен арпалыса беретін болсақ, адами қасиетімізден жұрдай болып қаламыз. Сондықтан жеңіске жеткісі келген адам негізгі бағытынан ауытқымағаны дұрыс,- дейді актер.

Ол 2021 жылы кинопрокатқа шыққан «Мұқағали» фильмінде басты рөлді сомдағаны үшін көпке танымал болды. «Үздік актер» атағын да алғаны белгілі. Кинокартинаның өзі бір жылда 10 халықаралық сыйлықты иеленді. Сұхбат барысында өнер иесі соңғы уақытта мағынасыз кино туындылардың көбейіп кеткендігі туралы да айтып қалды.

– «Көш жүре бара түзеледі» демей ме қазақ?! Рас, әзілі анайылау комедиялардың көбейіп кеткені көңілді түсіреді. Мүмкін уақыт өте келе көрерменнің талғамына сай осы салада да бәсекелестік күшейіп, тұшымды фильмдер өмірге келер. Бірақ, салмақты туындылардың да түсіріліп жатқанын жоққа шығаруға болмас,- дейді театр және кино әртісі.

Қазір театр өнерін бағалайтындар көбейіп келеді. Сондықтан жастардың спортқа көптеп келгені сияқты, өнерге де елдің ықыласы бөлек. Соңғы уақытта «Премьера болады» дегенді естіген халық театрға қарай лек-легімен ағылып, тіпті, қызметкерлер қосымша орындық қойып, абыр-сабыр болып жүргенін байқаймыз» деді ол. Сол себепті екі саланы бөліп-жара алмаған өнерпаз дайындық кезінде, сахнаға шыққанда, камераның алдында өнер көрсеткенде қай-қайсысының да қызығы мен қиындығы болатынын айтады.

Сұхбат барысында театр барысынан өңірдегі ұлттық спорттың дамуы туралы аз-кем сұрадық. Оның айтуынша, ұлттық спортты әлемдік деңгейге таныту үшін жан-жақтан жұмылып, жарнамалай беруіміз қажет екен.

–  Өз басым ұлттық спортты спорттың төресіне балаймын. Тәуелсіздік алғалы бері тәй-тәй басса да, әйтеуір ілгерілеу бар. Әйткенмен, басқа өңірлерге қарағанда батыс аймақтарда тап бұл сала кенжелеп қалған еді. Бір істің алға басуы үшін ұзақ уақыт пен үлкен төзім керек. Біз қазір сол жолда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып, ұлттық спорттың ауқымын Атырауда да кеңейтуді мақсат етіп отырмыз. Адам мен жануардың ыммен ұғынысып, желмен жарысатын спорт түрі – ат жарысты Олимпиадаға енгізу қиын шығар. Дейтұрғанмен жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу сияқты сайыстар Орта Азияны ғана емес, Еуропаны да қызықтырып, халқын жаппай атқа мінгізуі мүмкін. Ол үшін ұлттық спортты мейлінше жарнамалап, жаһанға көрсете беруді доғармауымыз керек,- деп есептейді ол. Сұхбатымыздың соңына таман, ізінен еріп келе жатқандарға бастысы еңбекте адал болу керектігін айтады.

– Тәртіп бар жерде тәрбие болады. Жастар осыны жадында мықтап ұстаса деймін. «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан атамыз текке айтпаған шығар. Өзім ақ адал іспен айналысатын жастарға сырттай риза болып жүремін. Еңбекте адал болсаң ғана жеңіске деген сенім жоғалмайды,- деп актер сөзін қорытындылады.

Осындай өнерпаз азаматымызға еңбегінің жемісін тілейміз. Айтпақшы, Асланбек Жанбалаев жуырда «Театр барысының» халықаралық турнирінде бақ сынамақ.

Ол 2021 жылы кинопрокатқа шыққан «Мұқағали» фильмінде басты рөлді сомдағаны үшін көпке танымал болды. «Үздік актер» атағын да алды. Кинокартинаның өзі бір жылда 10 халықаралық сыйлыққа ие болды.

Малика ТӘКЕЖАНОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button