
Атыраулық волейболшы қыздар жарқын жетістікке жетті
Атырау облысының 2010-2011 жылы туған қыздар волейбол құрамасы көктемгі чемпионатта үздік нәтиже көрсетті. Орал қаласында өткен бұл біріншілікке елдің түкпір-түкпірінен 12 команда қатысып, төрт топқа бөлінді. Атырау құрамасы өз тобында екінші орын алып, плей-офф кезеңіне жолдама алды.
Команданың бас бапкері Тимур Жарлығасовтың айтуынша, спортшылар бұл жарысқа сегіз ай бойы тыңғылықты дайындалған. Былтыр 16 команданың ішінде 15-орында болған команда биыл айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетіп, финалға дейін жетті.
Атырау құрамасы ширек финалда Қазақстан чемпионы «Жетісу» командасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді. Жартылай финал өткен жылғы чемпионаттың қола жүлдегері – Шығыс Қазақстан облысының (ШҚО) командасын 3:1 есебімен ұтты. Ақтық бәсекеде Астана командасына 1:3 есебімен жол беріп, күміс жүлдеге ие болды.
Бұл жетістік – қыздардың, бапкерлік құрамның және команданы қолдаған барлық жандардың еңбегінің жемісі. Бас бапкердің айтуынша, командаға ойыншыларды іріктеу үшін арнайы кастинг ұйымдастырылған. Құрамада облыстың әр аймағынан және қала мектептерінен келген ең мықты волейболшылар жиналған.
– Жарыстан кейін спортшылар екі апта демалыс алады. Кейін жаңа маусымға дайындық басталады. Басты мақсат – Қазақстан чемпионатында алтын жүлде алу. Сонымен қатар, команданың екі ойыншысы 16 жасқа дейінгі Қазақстан ұлттық құрамасына шақырту алып, Тайландта өтетін Азия чемпионатына қатысады, — деді бапкер.
Бапкер команданың жетістігіне қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасына, білім беру мекемелеріне және Қазақстан волейбол федерациясына алғысын білдірді.
Атырау волейболының қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Жас спортшылардың әлеуеті зор, ал олардың болашақ жетістіктері – бүкіл елдің мақтанышы болмақ!
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор