Атыраулық спортшылар суда жүзуден 14 медаль иеленді
Теміртау қаласында 22-25 ақпан аралағында жүзуден жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Тартысты додаға еліміздің барлық өңірінен 21 команда қатысып, 304 спортшы өз өнерін көрсетті. Аталған жарыстан атыраулық команда 8 алтын, 4 күміс және 2 қола иеленді.
— Жалпы чемпионат жақсы деңгейде ұйымдастырылды. Атырау облысынан 11 спортшы қатысты. Шәкірттерім үшін қуаныштымын. Алдағы уақытқа жоспарларымыз көп. Ал халықаралық сайыстарға бару үшін іріктеу көрсеткішін орындау керек. Алдағы уақытта спортшыларымыз еліміздің туын көкке көтереді деген ойдамын, — деді жүзуден аға жаттықтырушы Иван Галкин.
Жарыстың нәтижесі бойынша жекелей сында Алихан Кутлумурат 5 алтын жүлдеге ие болды. Яғни, 200 метрде еркін және кешенді жүзу әдісінде, 50 метрде баттерфляйде, 100 метрде еркін және кешенді жүзуде жеңімпаз атанып отыр. Ал Арман Аманбай 50 және 100 метрлерде брасс әдесімен жүзуде үздік атанды.
Сондай-ақ, Алихан Кутлумурат 50 және 400 метрлерде еркін жүзуде, ал Арман Аманбай 100 метрде кешенді жүзуде күміс жүлдеге, Давид Сафронов 50 метрде баттерфляй әдісімен жүзуде қола жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар эстафетада Алихан Кутлумурат, Давид Сафронов, Арман Аманбай, Тамерлан Рахманов 50 метрде еркін жүзуде алтын, 100 метрде күміс және 100 метрде кешенді жүзуде қола медаль еншіледі.