![Атыраулық спортшы пара жеңіл атлетикадан өткен әлемдік додада жүлдегер атанды 1 img 8717](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/img_8717-780x470.jpeg)
Атыраулық спортшы пара жеңіл атлетикадан өткен әлемдік додада жүлдегер атанды
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 10-13 ақпанда Дубайда өткен пара жеңіл атлетикадан әлемдік гран-при додасында Махамбет Серікқалиев найза лақтырудан қола жүлдегер атанып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. Туған жерге жүлдемен оралған спортшыны атыраулықтар салтанатты жағдайда қарсы алды.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
![Атыраулық спортшы пара жеңіл атлетикадан өткен әлемдік додада жүлдегер атанды 2 img 8718](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/img_8718-595x1024.jpeg)
⁃ Жыл сайын ұйымдастырылатын дүбірлі дода жоғарғы деңгейде өтті. Былтыр ҚР чемпионатында өнер көрсетіп, найза және ядро лақтырудан жеңімпаз атанып, әлемдік жарысқа жолдама алдым. Негізгі мақсатым денсаулыққа байланысты F-53 классын қорғау болатын. Мақсатыма жетіп қана қоймай, осындай қуанышты жайтпен елге оралдық, — деді пара жеңіл атлетикадан қола медаль иегері Махамбет Серікқалиев.
Пара жеңіл атлетикадан аға жаттықтырушы Жасұлан Бисеновтің айтуынша, додаға өңірден үш спортшы қатысты.
![Атыраулық спортшы пара жеңіл атлетикадан өткен әлемдік додада жүлдегер атанды 3 img 8722](https://atr.kz/wp-content/uploads/2025/02/img_8722-704x1024.jpeg)
⁃ Махамбеттен бөлек Құмар Райымбек пен Нұрхан Бергембай бақ сынады. Олар денсаулықтарына байланысты халықаралық класстарын комиссия алдында қорғап шықты. Бұл салада жүргеніме он жыл болды. Қандай да бір жетістікке жетсек, қажымас қайрат пен бірлескен жұмыстың нәтижесі, — деді Ж. Бисенов.
Әлемдік гран-приге 44 елден 400-ге жуық спортшы қатысқан.