Атыраулық самбошылар олжалы оралды
Ақтауда өткен жастар арасында спорттық және жауынгерлік самбодан ҚР чемпионатынан атыраулық самбошылар олжалы оралды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Аталған додаға еліміздің 17 облысы мен 3 қаласынан барлығы 20 команда, 500-ден астам спортшы қатысты. Ал өңірімізден 18 спортшы қатысты.
— Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Шәкірттерім чемпион атанды. Өте қуаныштымын. Ендегі кезекте Азия чемпионатына дайындығымызды бастаймыз,- деді аға-жаттықтырушы Асланбек Азимов.
Жарыс нәтижесінде спорттық самбодан 47 келі салмақта Нұрбану Ниеттуллаева және 58 келі салмақта Сырым Байғалиев алтын медаль иеленді. 58 келі салмақта Әбілмансұр Ғалым қола медальге қол жеткізсе, жауынгерлік самбодан 54 келі салмақта Балғара Өтесінқызы және 64 келі салмақта Ерсасыл Анесов қола медальді қанжығалады.
Айта кетейік, осы жарыста үздік атанғандар Алматыда өтетін Азия чемпионатына, кейін Қырғызстанда өтетін әлем біріншілігіне қатысады.