Жарнама
Спорт

Атыраулық параволейболшыларға арнайы стипендия тағайындалады

Параволейболдан облыс құрама командасы 2002 жылы құрылған болатын. Алғаш рет 2010 жылы Қазақстан чемпионы атанған жерлестеріміз сол уақыттан бері Атырау намысын қолдан бермей келеді.

Республикалық деңгейдегі спорттық сайыстардан алдына жан салмай, бүгінде еліміздің 12 дүркін чемпионы атағын жеңіп үлгерді. Қазіргі таңда пара волейболдан Қазақстан құрама командасында 14 спортшы болса, оның 10-ы атыраулық, 4-еуі қызылордалық. Осының өзі көп жайды аңғартса керек. Атыраулықтардың осындай керемет жетістігін жоғары бағалаған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры спорттың осы түрін дамытып, қолдауды қажет деп тапты. Осылайша, алдыңғы кезекте біздің Атырау облысына, сонымен бірге еліміздің батыс аймағындағы Маңғыстау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының құрама командаларына үлкен тарту жасады. Дәлірек айтқанда, Қазақстан пара волейбол федерациясы арқылы Атыраудағы мүгедектердің спорттық клубының отырып ойнау волейбол командасына арнаулы еден төсемін, волейбол құрылғы-жабдығын және доптарын сыйға тартты.

– Жаңа жабдықтар – біз үшін өте бағалы спорттық құралдар. Соның арқасында параволейболшылардың оқу-жаттығу процесінің сапасы одан әрі арта түседі деген сенімдеміз. Спортшыларымыз алға қарай да халықаралық дүбірлі додалардан топ жарып шығатынына күмән жоқ, — дейді Ұлттық құрама команданың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов.

Атырау қаласындағы Абай орталығының спорт залында өткен сол күнгі қуанышты сәтке облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, Атыраудың параволейбол командасын алғаш құрған ардагерлер мен жаттықтырушылар, Қазақстан құрама командасы және қызылордалық спортшылар келді. Олар жаңа төсеніш үстінде өзара сайысқа түсіп, келушілерге турнирді тамашалауға мүмкіндік жасады. Спортшыларға «құтты болсын» айтқан Жасұлан Орақұлы Қазақстан құрама командасының 80 пайыз ойыншысының атыраулықтардан құралғаны облыс үшін мақтаныш екенін атап өтті.

Бұл ретте демеушілік танытып, параволейболшыларға қолдау көрсеткен «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорына алғысын білдірді. Облыс әкімі Серік Шәпкенов бастаған облыс басшыларының да спортшыларды қолдауға әркез әзір екенін айта келіп, аймақ басшысының қаулысымен параволейбол командасының мүшелеріне де жеңісті жетістігіне қарай арнайы стипендия тағайындалатынын хабарлап, жақсы жаңалықпен қуантып қойды.

Шара соңында спортшылардың көкейде жүрген сауалдарына да жауап берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button