Атыраулық боксшы «Елорда Кубогы» турнирінің жеңімпазы атанды
27 маусым мен 2 шілде аралығында Астана қаласында ерлер мен әйелдер арасында бокстан ІІ «Елорда Кубогы» халықаралық турнирі өтті. Аталған сайыста 75 келі салмақта атыраулық боксшы Райс Нұрқанат алтын жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спорттық додаға барлығы 10 елден келген 200-ден астам боксшы қатысты. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және басқа мемлекеттің өкілдері бар.
— Соңғы әлем чемпионаты арқылы өзіме үлкен тәжірибе жинақтадым. Ұлттық құрамада спортшыға қажетті барлық жағдайлар жасалынған. Онымен қоса Шухрат Данбай бастаған Атырау бокс федерациясы да үнемі қолдау көрсетіп келеді. Алда мақсат әлемдік ареналарда ел намысын абыроймен қорғау, — деді Райс Нұрқанат.
Жерлесіміз Халықаралық тунирдің жартылай финалда Армат Арманұлын жеңсе, финалда Диас Молжігітовтен басым түсті.
Айта кетейік, Райс Нұрқанат Өзбекстан елінде өткен әлем чемпионатының қатысушысы және Азия чемпионатының жүлдегері.