Атыраудың 382 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды
Айтулы мереке аясында алаңға велоспортшылар да шықты. Тайманов көшесінен старт алған қалалық біріншілікке елуге тарта спортшы қатысты. Олар 8, 15 шақырым қашықтық аралығында Лебедев, Гагарин көшелері арқылы жеңіс тұғырына қайта оралды. Сенбілік демалысын мәдени, бұқаралық шараларды тамашалаумен өткізген атыраулықтардың көңіл-күйі көтеріңкі.
Жарысқа қатысушылардың қатарында велосипед спортын ұнататын әуесқойлар да бар. Атырау қаласының тұрғыны Алмагүл Бөлеева бала кезден велосипед тепкенді жаны сүйеді. Бұған дейін ешбір жарыстарға қатысып, бақ сынап көрмегенмен үйі мен жұмысының арасында екі дөңгелекті көлігімен қатынайды екен.
Бұл сайыс кәсіби спортшылармен танысып, хоббиінің қыр-сырын тереңірек білуге оң септігін тигізген.
«Өзім қала ішіне велосипедпен қатынай беремін. Бірақ кәсіби спортшылардың екі аяқты көліктері мүлде басқаша болады екен. Велоспортшы болмағандықтан мұндай жарыстарға бұрын-соңды қатысып көрмеппін. Дегенмен, қалалық біріншіліктің өтетіні туралы естіп, бағымды сынап көруге келдім. Барша атыраулықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Бізге осындай жарысқа қатысуға мүмкіндік жасаған қала басшылығына алғысым шексіз»,-дейді ол.
Айбөпе САБЫРОВА