Атырауда жастарға арналған «SUPER BOL» жобасының екінші маусымы басталды
Бүгін «Мұнайшы» спорт кешенінде өткен «SUPER BOL» жобасының екінші маусымының іріктеу кезеңіне облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
— Бүгінгі «Super bol» жобасының екінші іріктеу кезеңіне қатысып жатқан өзімнің жерлестеріме, інілеріме айтарым, бұл додада жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығу керек. Ал, ол әрине — өздеріңіз. Сіздер республикалық деңгейде ойнайтындарыңызға мен сенімдімін. Ертеңгі жұлдыздар — өздеріңіз. Баршаңызға тек сәттілік тілеймін,-деді С.Шәпкенов.
«Super bol» – 16-25 жастағы азаматтарға арналған спорттық телевизиялық реалити-шоу. Мақсаты — жастар арасындағы талантты жастарды табу. Олардың кәсіби спортшылармен бірге жаттығу жасауына мүмкіндік ашу. Жоба аясында әр өңірден іріктелген 50 жас спортшы Алматы қаласындағы «Қайрат» футбол клубының базасында екі ай жаттығып, кәсіби футбол режимінде дайындалады. Спортшыларды кәсіби бапкерлер дайындайды. Жоба жеңімпаздары бір алаңда реалити-шоу форматында кәсіби футболшылармен бірге жаттығады. Олардың арасынан 25-і іріктеліп, финалдық ойынға қатысады.
Әуесқой спортшылардан кәсіби деңгейдегі футболшыларды дайындау үшін арнайы жаттықтырушылар белгіленген. Олардың арасында Астана қаласы футбол федерациясының президенті Давид Лория да бар.
— Біз бір ай ішінде әр өңірге барып, футболға қабілеті бар жастарды таңдаймыз. Қазір Атыраудан тіркелген қатысушыларды төрт топқа бөліп, жеті-жетіден 7-8 минуттан ойнатамыз. Таңдау үшін сегіз скаут белгіленген. Олар ойыншылардың техникасын, тактикасын, ойын барысында қалай шешім қабылдайтынын, ойлау қабілетіне, өздерін көрсету деңгейіне, ойыншылардың өзара қарым-қатынасына қарап таңдаймыз. Біздің ұлт өте талантты. Тек бізге оларды іздеп, табу керек,-деді Давид Лория.
Айта кетейік, Атыраудағы «Super bol 2» іріктеу ойындарына әр ауданнан келген 600-ге жуық қатысушы тіркелген.