Атырауда жасөспірімдер арасында самбодан облыстық іріктеу біріншілігі өтті
«Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде 2006-2009 жылғы туған жасөспірімдер арасында облыстық іріктеу біріншілігі өтті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Сайыс Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Атырау облысы спорттық, жауынгерлік және жағажай самбо федерациясының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.
Аталған біріншілікке 100-ге жуық спортшы қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетті. Олар Жылыой, Исатай, Индер, Махамбет аудандары және Атырау қаласының №1 БЖСМ, №4 БЖСМ, Ақжар БЖСМ спортшылары.
- Құрметті жарысқа қатысушылар, қонақтар, баршаңызды жарысымыздың салтанатты ашылуымен құттықтаймын! Бүгінгі самбо спортының 85 жылдық мерекесі құтты болсын! Спорттың осы саласының дамуына атсалысып жүрген облыстың барлық спортшыларына, бапкерлерге, жанашырларға алғысымызды білдіреміз. Қазіргі уақытта самбо облысымыздың 7 спорт мектебінде дамытылып жатыр. Баршаңызға салауатты өмір салтын ұстанып жүруге кеңес беремін, еңбектеріңізге сәттілік тілеймін, — деді Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржауған Төлеуова.
Іс-шара барысында ҚР Самбо федерациясына үлесін қосып жүрген бірқатар спортшылар марапатталды. Нақтылай айтсақ, «Самбо күресінің Құрметті спорт ардагері» төсбелгісімен Асылбай Исабеков, Талап Мұқанов, Сайын Иргалиев марапатталса, «Самбо күресінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі Мұрат Сұлтанғалиевке, Байжан Жантуринге, Мейржан Есмағанбетовке берілді. Сондай-ақ «Самбо саңлағы» төсбелгісімен Наурызбек Майлашев, Аслан Шонаев, Қонысбай Шпанов марапатталды.
Жарыс қорытындысымен 2008-2009 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында 42 келі салмақта Асылжан Қоныспай (№4 БЖСМ), 46 келіде Әсет Серіққали (№1 БЖСМ), 49 келіде Дамир Айболатұлы (Ақжар БЖСМ), 53 келіде Жантілеу Жалғас (№4 БЖСМ), 58 келіде Нұрберген Бекет (Индер ауданы) жеңіске жетті. Сондай-ақ 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында 53 келі салмақта Нариман Мұқан (№4 БЖСМ), 64 келіде Расим Базарбай (№1 БЖСМ), 71 келіде Алдияр Сәтберген (№4 БЖСМ) жүлдегер атанды.
Айта кетейік, самбо — орыс тілінен алғанда «самозащита без оружия» – қарусыз қорғану деген мағына береді. Самбоның тарихы 1938 жылы 16 қарашадан басталады. Сол жылы дене шынықтыру саласының бүкіл одақтық комитеті самбоны бірауыздан спорттың бір түрі деп тіркеген. Сондай-ақ самбо бір емес, жиырма елдің ұлттық спорт түрлерінің жиынтығы деген пікір бар.