Атырауда спортшыға арналған жаңа кітаптың тұсаукесері өтті
Бүгін Тәуелсіздік күніне орай Атырау қаласында КСРО-ның 5 дүркін жеңімпазы, КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Атырау облысының Құрметті азаматы, спортта даңқты боксшы болған Болат Теміровтің ғұмырнамасынан сыр шертетін «Қазақ спортының құлагері» атты кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
«Алтын шатыр» мейрамханасында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев, белгілі ғылым қайраткері Ұзақбай Қарабалин, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, аймақтың спорт ардагерлері мен шәкірттері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, спортшының туған-туыстары, дене шынықтыру және спорт басқармасының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында жас буынға үлгі бола білген шаршы алаңның шебері Болат Бисенұлының спортта жүріп өткен жолдары туралы жан-жақты айтылды. Спорт саңлағы туралы әдемі естеліктерден де сыр шертілді.
Даңқты спортшының ғұмырнамасынан сыр шертетін кітап өңірдегі спорт мекемелері мен зиялы қауым өкілдеріне табыс етілді.
Айта кету керек, Болат Теміров 1969 жылы 9 маусымда қазіргі Атырау қаласында дүниеге келген. Жастайынан спортқа ерекше ден қойған оның әр жылдары жеткен жетістіктері көп. Соның ішінде 1991 жылы Қазанда бокстан КСРО чемпионатына қатысты. Бұл спорт додасы 1992 жылғы Олимпиада алдындағы іріктеу кезеңдерінің бірі болып саналды, Қазақстаннан 22 боксшы жіберілді. Осы жолғы жеңісі Болат Теміровті алғаш рет КСРО чемпионы атандырды. Сондай-ақ
1991 жылы Минскіде өткен КСРО халықтарының 10 жылдық спартакиадасында Қазақстан құрамасының құрамында алтын медальді жеңіп алды.
Спорттағы үздіксіз жаттығуының арқасында талай атақ-даңқтың иегері атанған Болат Бисенұлы былтыр желтоқсан айында 53 жасында қайтыс болған еді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ