
Атырауда Халықаралық шахмат турнирі мәресіне жетті
Атырауда шахматтан өткен “Atyrau Chess Masters 2025” халықаралық турнирі өз мәресіне жетіп, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония сахнасында салтанатты марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.

Бұл турнирдің басты мақсаты – халықаралық шебер (IM, WIM) нормаларын орындау болатын. Бір аптаға созылған дода тартысты партияларға толы болып, жас та, тәжірибелі спортшылар өз шеберліктерін көрсетті. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұшқыр ойы мен мол тәжірибесінің арқасында биік нәтижеге қол жеткізді.
Қазақстан Шахмат федерациясының Атырау облысы бойынша филиалының төрағасы Нұржан Ермұханов қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйлеп, үздіктерге арнайы сертификаттар табыстады. Ерлер арасындағы бәсекеде I орын Әзербайжан шахматшысы Широглан Талибов иеленсе, II орынға Швециядан келген Виталий Сивук лайық деп танылды, III орын қазақстандық Алдияр Жауынбайға бұйырды.

Қыздар арасында да тартыс жоғары деңгейде өрбіді. Бас жүлдені Шри-Ланкадан келген Лианадж Ранинду Дилшан жеңіп алса, II орынды жас қазақстандық шахматшы Мария Холявко бұйырса, III орынды Польша өкілі Кубика Анна иеленді.
Жарыстың құрметті қонақтары қатарында белоруссиялық Михаил Никитенко, швециялық Сивук Виталий, грузиялық Леван Панцулая мен Гига Купарадзе, әзірбайжандық Талибов Широхлан, шри-Ланкалық Лианадж Ранинду Дилшан, польшалық Кубика Анна және украиналық Евгения Долуханова болды. Оларға сахна төрінде құрмет көрсетіліп, қошеметке бөленді.

Сонымен бірге елдің жас дарынды шахматшылары – Жанбота Камарова, Малика Джаппарбекова, Ханзада Аманжол, Асия Асылхан, Абзал Амирали, Ибрагим Ғалымжанұлы, Назар Талғатов, Султанбейбарыс Думанұлы, Ораш Шоназаров, Алан Петухов, Алдияр Жауынбай және жарыстың бас төрешісі Валерий Мин сахнаға шақырылып, зор қошеметке ие болды.

Халықаралық деңгейде өткен «Atyrau Chess Masters» турнирі Атырауды шахмат орталығы ретінде тағы бір мәрте танытып, жас спортшылардың кәсіби дамуына серпін берді.
Алмас ҚАБДОЛ