Атырауда кенже қалған спорт түрі жанданады
ОБЛЫСТА ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ КЕНЖЕ ҚАЛЫП ОТЫР. ОҒАН ӨҢІРДІҢ КЛИМАТТЫҚ ЖАҒДАЙЫ МҮМКІНДІК БЕРМЕЙДІ. ДЕГЕНМЕН, ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІН ДАМЫТУ БАҒЫТЫНДА ЖҰМЫСТАР ЖАСАЛАДЫ. БҰЛ ТУРАЛЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ ЕРНҰР НЕТЖАНОВ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНДЕ ӨТКЕН БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА БАЯНДАДЫ. ОНЫҢ СӨЗІНШЕ, ҚЫСҚЫ СПОРТ ТҮРЛЕРІ КӨП ШЫҒЫНДЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ.
Олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында былтыр керлинг пен триатлон бөлімшесі ашылып, олимпиадалық емес спорт түрі пенчак-силаттан бөлімше жұмысын бастаған. Сондай-ақ, алдағы уақытта басқарма тарапынан атқарылатын жұмыс жоспарлары жасалыпты. Атап айтсақ, бұқаралық спортты одан әрі дамыту мақсатында, жеті марафон, велошерулер, көше спорты бойынша бұқаралық шаралар ұйымдастырылмақ.
– Ұлттық спорт түрлері, оның ішінде ат спортын насихаттау мақсатында «Дарабоз» халықаралық турнирі, спорт түрлері бойынша дәстүрлі халықаралық және республикалық турнирлер және күнтізбелік жоспарға сәйкес ресми түрлі жарыстар өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыс спортшыларын түрлі деңгейдегі жарыстарға дайындап, ұлттық құрама сапындағы жергілікті спортшылар санын арттыру жолға қойылмақ. Спорт мектептерінде балалар санын көбейтіп, қосымша секциялар ашу, кешендер құрылысын жалғастыру да көзделіп отыр. Облыс спортын дамытуға қарастырылған қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалап, саланың дамуына әсер ететін осы мақсаттағы басқа да жұмыстар ұйымдастырылмақ, — деді Ернұр Есенбекұлы.
Басқарма басшысының міндетін атқарушы дене тәрбиесі мен спортты дамыту мақсатында атқарылған жұмыстар туралы да тоқталып өтті.
-Облыстағы спорттық-материалдық базаның нығаюы облыс бойынша дене шынықтыру және спортпен айналысушылар санының өсуіне оң әсерін тигізді. Өңірде дене тәрбиесі мен спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны артып, жалпы облыс халқының 40,2 пайызын құрады. Облыстағы барлық мектептерде кешкі уақытта және сенбі, жексенбі күндері тұрғындарға қоғамдық негізде тегін спортпен айналысуына жағдай жасалған. Спорттық секцияларды жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша спорттың 18 түрінен 9 мыңға жуық бала тегін спорттық секцияларға тартылды. Облыс бойынша бұқаралық спортты және жоғарғы жетістіктер спортын дамыту, спорт резервін дайындау, спорттық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар жүргізіледі, — деді басқарма өкілі.
Биыл емхана жанынан спортшыларға арналған дәрігерлік-дене шынықтыру диспансері пайдалануға берілмек. Ал, өз күшімен спорт кешендерін салуға ниет білдірген кәсіпкерлер жергілікті әкімдікке немесе әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобалары талапқа сай деп танылса, басқарма тарапынан қолдау көрсетілетіндігі белгілі болды.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ