
Атырауда Халықаралық ашық шахмат фестивалі өтті
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, соғыс және еңбек ардагері, шахматтан облыстың бірнеше дүркін чемпионы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ғабдрахман Айдарәлиевтің 100 жасқа толуы құрметіне және жоғары оқу орнының 85 жылдығына байланысты өткізілген халықаралық ашық шахмат фестивалі мәресіне жетті.

Шаршы тақтадағы дүбірлі додаға еліміздің барлық аймақтарынан, сондай-ақ Ресей Федерациясы, Түркия, Үндістан республикаларынан және Америка Құрама Штаттарынан 130-дан астам шахматшы қатысты.
Мұнда негізінен спорттың осы түрін кеңінен насихаттау және жоғары деңгейде дамыту мақсаты көзделді. Университеттің спорт кешенінде өткен, екі кезеңнен тұратын тартысты бәсеке абсолютті санаттағы ойыншылар, әйелдер, ардагерлер және үздік жас спортшылар арасында ұйымдастырылды. Бір аптаға созылған сайыстардың қорытындысында фестивальге қатысып, бағын сынаған шахматшылардың ішінен жасы ең үлкен және ең кіші ойыншы анықталып, марапатталды.
Айрықша атап айтар жайт, фестивальге қатысқандардың қатарында жасы 8-ден 18 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар болды. Осылайша, әр топтан жеңімпаз танылғандарға бағалы байрақтар мен арнайы жүлделер тағайындалып, тапсырылды. Одан бөлек, ынталандыру сыйлықтары табыс етілді.
Шараны ұйымдастырушы – Қазақстан шахмат федерациясының Атырау облысы бойынша директоры Назгүл Мырзағалиеваның айтуынша, тұтастай алғанда сайыскерлердің барлығы да жарысқа жақсы дайындықпен келгендіктерін байқатып, шеберлік танытты.
Оған қоса, фестиваль шеңберінде бапкерлер үшін екі күндік семинар өткізілді. Оны лектор – жоғары дәрежедегі жаттықтырушы Сабырбай Гайсин ұйымдастырды.
Абсолютті санаттағы шахматшылар арасынан Кирилл Кудеринов, әйелдерден – Диляра Ғабитова, ардагерлерден – Әуез Шербасов бірінші орынды иеленсе, түрлі жастағы балалар қатарынан да үздік ойыншылардың есімдері аталып, марапатталды.
Дәулетқали АРУЕВ