
Атырауда БАҚ қызметкерлері күніне арналған шаралар легі басталды
Бүгін “Жайық” мәдени-спорт кешенінде БАҚ қызметкерлері күніне орай және Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың 100 жылдық мерейтойына арналған “Атырау Ақпарат” медиахолдингінің 1-спартакиадасы бастауын алды. Осылайша, мұнайлы өлкеде “төртінші билік өкілдерінің” кәсіби мерекесіне орайластырылған шараларға старт берілді. Бұл туралы спортакиаданың ашылу рәсімінде аталған медиахолдингтің бас директоры Жасын Біркен атап айтты.

-Соңғы екі жылда пандемияның салдарынан бұқаралық шаралар өткізілмеді. Енді міне, игі дәстүр жалғасын тауып жатыр. Бүгінгі спартакиада Атырау облысында БАҚ қызметкерлеріне арналған шаралардың алғашқысы,-деді өз сөзінде Жасын Біркен.
Сондай-ақ, салтанатты ашылу рәсімінде ардагер-журналист Төлеген Берішбай, медиахолдинг бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов құттықтау лебіздерін арнап, журналист-спортшыларға сәттілік тіледі.

Атап айту керек, спартакиада кіші аяқ доп, волейбол, үстел теннисі, шахмат, шашка және тағы да басқа спорт түрлерінен өткізіліп жатыр. Дүбірлі додада алты команда бақтарын сынауда.
Айбөпе Сабырова