Жарнама
Спорт

Атырау спорты неге ақсап тұр?

Талайдан бері Атырау спортының басынан «қара бұлт» арылмай келеді. Бұған негіз де жоқ емес. Өйткені, сала жұмысының ең басты көрсеткіші – Олимпиада ойындарына қатысуға лицензия ұтып алу десек, жағдай тіптен көңіл көншітпейді. Ал, үміт артқан санаулы спортшыларымыз орта жолда сүрініп қалып отыр. Саланы жандандыруға бағытталған шаралар облыста қолға алынғанымен, шындық осы. Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған мәселені талқылау үшін облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы ұйымдастырған «дөңгелек үстелде» сала мамандары спорттың өткені, бүгіні мен ертеңгі тыныс-тіршілігіне қатысты ойларын ортаға салды.
Облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ Ернұр НЕТЖАНОВ, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Асан РАУШАНОВ, облыстық білім беру басқармасы Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы, самбо және дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәния МАХАМБЕТОВА, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Сәрсенбай ТОРҒАЕВ, №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің таеквондо жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Нұрхат ДҮЙСЕМБАЕВ қатысқан басқосуды газеттің бас редакторы Назарбек ҚОСШИЕВ жүргізіп отырды.

«Ауруын жасырған өледі»

– Өздеріңіз спорт саласының бел ортасында жүрсіздер. Бұрыннан қалыптасқан ахуал өздеріңізге таныс. Қазір облыс спортындағы жетістіктер мен көңіл көншітпейтін тұстары қайсы, салаға реформалар енгізу қажет пе? Осыған қатысты пікірлеріңізді еркін жеткізулеріңізге рұқсат.

А.РАУШАНОВ:

raushanov

– Әр спорт түрі өз деңгейінде жүйелі бағдарламасына сәйкес жұмыс істеп жатыр. Жекелеген және бұқаралық спорт түрлерінен де жақсы жетістіктер бар. Бірақ әр облыс спортының деңгейін көрсететін Олимпиада ойындары екені анық. Соған байланысты сын пікірлер айтылып та жүр.
Бұл тақырыпта қалың бұқара түсіне бермейтін бір нәрсе бар. Мысалы, спортшы республиканың ұлттық құрама командасына кірген соң жергілікті жаттықтырушылар ұлттық құраманың жаттықтырушылары құрған жоспар бойынша жұмыс істейді. Ол жерге барып ақыл-кеңес бере алмайды. Демек негізгі проблема – ұлттық құрама жаттықтырушыларында.
Облыста жоғары спорт мектебі, спорт интернаттар жасақталған, соңғы кезде бұл салада қозғалыс бар. Бір жылдың ішінде 14 спорт мектебі ашылды. Бұл – тарихта болып көрмеген нәрсе. Барлық спорт түрлерінің федерациялары бар. Жағдайды жоғарыға жеткізіп, хабардар қылып отыратын сол федерациялар. Егер жұмыс жалғасын тауып, федерация жұмыстары одан әрі жанданса нәтиже болуы керек деп ойлаймын.

Н.ДҮЙСЕМБАЕВ:

dujsenmbaev 1

– Әлбетте, өз спортшыларымыздың нәтижелері жақсы болса қуанамыз. Кезінде ақша да, жағдай да жоқ кездер өтті. Бұрын спорт басқармасын басқарған ағаларымыз қаражатты қайдан табамыз деп бас қатыратын. Спорт залдардың еденінің шегесі шығып жатты. Арнайы құрал-жабдық болған жоқ. Тіпті, кейбір залдардың татамиын сұрап алатын едік.
Қазір жағдай әлдеқайда жақсарды, спорт нысандары салынып жатыр. Жаттықтырушылар жұмысқа қабылданып жатыр. Солай бола тұрса да, әлі сапалы мамандар жетіспейді. 2012 жылдан кейін №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі қызметімізді жастарға тапсырғанда мектепте 180 адам болды. Содан үш жылдан соң талдау жасап көрсек, облыстық құрамадан балалар болмады. Бұрын бір салмақта бірнеше спортшы болатын.
Қазақта «Ауруын жасырған өледі» дейді ғой. Балалар спортын дамытуға жыл сайын қыруар қаражат қажет, бұл бағытта сабақтастық болуы тиіс. Бізде олимпиадалық даярлау орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектептері, спорт интернаттары бар. Алайда спорт мектептеріндегі балалардың барлығы бірдей оларға бара алмайды.
Қазір біздің мектепте маман тапшылығы бар. Заң бойынша жоғары білімі бар мамандар ғана жаттықтырушы бола алады. Бұрын еңбек ете жүріп, санатын алып, тәжірибе жинақтайтын, артынша білім алатын еді. Атырау мұнайлы өлке болғандықтан, жастар 150-200 мың теңге жалақыға жұмыс істегісі келмейді де үлкен компанияларға жұмысқа кетіп қалады. Олардың шешімі дұрыс емес деп те айта алмайсың, өйткені отбасын асырау қажет. Қайбір жылдары әкімнің қоры ашылып, спортшыларға ақша төленіп жүрді. Бүгінде ондай мұқтаждық жоқ. Өйткені, әрбір спорт мектебіне ақша бөлініп отыр. Ұлттық құрамаға да ақша беріледі. Сондықтан, намысқа тырысып, елдің абыройын көтеретін спортшыны балабақшадан бастап тәрбиелеу керек деп есептеймін.
Республика Үкіметінің шешімімен 2000 жылы аймақтық орталық құрылды. Сол кезде «Спартакиада медальдарынан – Олимпиада медальдарына» деген ұранмен билбордтар әлеуметтік жоба арқылы ілінді. Соны көрген балалар спортқа ағылып келе бастады. Сосын оқушылар арасында спартакиадалар өтті, ересектерден де, жастардан да 80 пайызға дейін ұлттық құрамаға кірді. Осындай спартакиададан шыққан Арман Шылманов 2008 жылы Бейжің қаласында өткен Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Бұл бұрынғы кеңестік республикалар арасындағы озық нәтиже еді, өйткені сол қоланың өзі бізге алтыннан да қымбатқа түсті. Тіпті, спортқа қызыққан балалардың барлығын қамту да мүмкін болған жоқ еді.
Ал, бүгінде спортқа бет бұрушы жастардың аздығына бірден-бір себеп – оларға тиісті уақыт пен қаржының дер кезінде бөлінбеуі деп ойлаймын. Жақында спортшыларымыз Катар елінен командалық есепте кадеттер арасында жеңімпаз атанып келді. Сол балалардың басын құрап, әрі қарай сақтап қалу керек. Тағы бір мәселе – Ұлттық құрамадағы жаттықтырушылар спортшылармен дұрыс қарым-қатынас жасай білгені жөн.
Өңірдегі бапкерлердің шәкірттері олжа салып, жеңімпаз болып жатса жаттықтырушыға да үстемеақы төленгені жөн. Бұл оларды ынталандырады. Атырау облысында «еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағы үшін де үстемеақы төленбейді. Ал, Астана, Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардағы әріптестерімізге төленіп келе жатыр екен.
Қазір жағдайымыз жақсы болғанымен, тиесілі төлемдердің төленгенін жөн санаймыз ғой. Жастар сонда өз жаттықтырушысынан бағдар алып, бой түзер еді.

Жаңа заң серпін бере ме?
– Бұл үлгіні біздің облыста іске асыру қарастырылып жатыр ма?

Е.НЕТЖАНОВ:

netzhanov

– Бұған қатысты қазір облыс әкімдігінің қаулысына түзетулер енгізілді, сосын облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілуі керек. Сонда жоғарыда айтылған мәселенің біразы қамтылған. Облыс бойынша 31 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, бір-бірден олимпиадалық резерв даярлау орталығы мен олимпиадалық резервке мамандандырылған облыстық мектеп-интернат колледжі, 2 жоғары спорт шеберлігі мектебі (олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен) жұмыс жасайды.
Бұдан басқа облыста волейбол, баскетбол, футбол, су спорты түрлері, хоккей, ұлттық спорт түрлері, параволейбол, бокс, шағын футбол, мүгедектер спорттық клубтары бар. Олардың 5-еуі (ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты, футзал) жекешелендірілген, 1-еуі (футбол) сенімгерлікпен басқаруға берілген. Бокс, хоккей және мүгедектер спорт клубтары – басқарманың меншігінде.
Кәсіби клубтар жанынан 3 академия (баскетбол, волейбол, шайбалы хоккей), теннис, футбол орталықтары, аккредитациядан өткен 53 спорт түрінен облыстық федерациялар жұмыс жасап тұр. Жалпы облыста дамытылған спорттың 80 түрінің 26-сы олимпиадалық, 42 олимпиадалық емес, 11 ұлттық, 1 техникалық және мүгедектер спорты.
Облыста 3 мыңнан астам жаттықтырушы бар, 10 мыңға жуық спорт секциясы жұмыс істейді. Мектеп жасындағы балалар мен жасөспірімдердің саны – 150 мыңға жуықтаса, оның ішінде тұрақты түрде спортпен шұғылданушылар саны – 43 253 бала немесе жалпы мектеп жасындағы балалардың 29%-ы.
Сонымен қатар, мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында жүзеге асып жатқан «Даму бала» бағдарламасы автоматтандырылған бірден-бір жоба екенін ескерген жөн. Ол базаға бір бала екі рет тіркеле алмайды. Қазір облыста футболдан елу шақты команда бар. Бұрын 10-ға жетпейтін команда болатын.
Спорт мектептерінде өзіне тән кемшіліктер де бар. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілді. Егер жастар дені сау, мықты азамат болып өсіп, ұлт саулығын сақтаймыз десек бұқаралық спортқа айрықша маңыз беруіміз шарт. Ал, спортшылармен кездесуде Қасым-Жомарт Кемелұлы спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталды. Бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келгенін де атап көрсетті. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін беріп, болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Егер осы заң жобасы Президент айтқандай кешіктірілмей Парламентке ұсынылып, алдағы жылы күшіне енсе, жаңа Заңмен жұмыс істейміз деп ойлаймын.

– Балалар спортын олимпиадалық және олимпиадалық емес деп бөліп, олимпиадалық спорт түріне көбірек көңіл аударып жатады, бұған қандай пікір білдіресіздер? Кейбір олимпиадалық емес спорт түрлерінің мамандары олимпиадалық спорт түрлерінің нәтижелерінен гөрі олимпиадалық емес спорт түрінен нәтижелердің жоғары екендігін айтады…

Е.НЕТЖАНОВ:
– Олимпиадалық емес спорт түрлерінен жеңіске жету жеңіл болғанымен, реттелмеген қағидалар бар. Спортшылар соған ауысып кетіп жатады, оны тәжірибелі әріптестеріміз жақсы біледі. Олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша санаулы жекпе-жек өткізіп, әлем чемпионы атағын алуға мүмкіндік көп.
Қазір олимпиадалық емес спорт түрлерін саралап, олардың жас ерекшеліктерін де қарап жатыр. Олимпиадалық спорт мектептері негізі қалыптасқан мекемелер ғой, оларда тәртіп, жүйе бар.

Н.ДҮЙСЕМБАЕВ:
– Біздің мектепте спорттың 12 түрі бар. Бірақ жоғарыдағы екі зал стандартқа сай емес, ал төмендегі зал талапқа сай. Өкініштісі сол, талапқа сай зал тек самбо, дзюдо, еркін күрес секілді спорт түрлеріне жаттығуға берілген, өзге секцияның балалары пайдалана алмайды.
Меніңше, осындай ғимараттар салынғанда құрылысқа жауапты мекеме өкілдері тәжірибелі мамандарды шақырып, жобасын ақылдасып жасаса жөн болар еді. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевпен кездесуде осы жағдайды айттым.

А.РАУШАНОВ:
– Бұл жобаларды құрылыс басқармасы өздері жасап келді. Екі-үш жыл жазып жүріп, былтыр ғана спорттық ғимарат салар кезде спорт басқармасымен ақылдаса отырып жасайтын болды.

Н.ДҮЙСЕМБАЕВ:
– Менің жоспарым бойынша апта сайын балаларды күштеп жасайтын жаттығуға апаруым керек. Қазір үлкен алаң салынса да, мектепте жаттығу құрылғылары жоқ.
Мемлекет басшысының өзі халықтың спортпен шұғылдану қажеттігін айтып отыр. Қазір өзім жұмыс істейтін алғашқы даярлық тобындағы балалардан байқағаным – омыртқаның қисаюы жиі байқалады. Денелері қатайып қалған. Бұрынғы балалар тез бейімделіп, икемі келетін спорт түрлеріне баулитын едік. Сондықтан балаларды балабақшадан бастап спортқа беру керек.
Салынған ғимараттар мамандандырылған болса жақсы. Айталық, 2008 жылғы олимпиадада Ресей Федерациясы оң нәтиже бере алмай қалғанда, президенті спорттық федерация басшыларын жинап, нағыз мамандарды тағайындады да, Сібір аймағына әрбір олимпиада чемпионына бір-бірден спорттық ғимарат салып берді. Балаларға, елімізге болсын десек, бізде де осындай батыл қадамдарға бару керек.
Облыс әкімінің орынбасарымен кездесуде сала ардагерлерінің басын қосып, спортшылар Одағын құру жөнінде де айтылды. Әйтпесе қазір спорт басқармасындағы он шақты қызметкер бірнеше федерациямен жұмыс істейді. Кейбір жарыстарда бір адам үлгере алмай жатады, ондайда осы Одақ ұйымдастыру шараларына көмектесіп, ақыл-кеңесін айтар еді. Ондағы жаттықтырушы спортшылардың спорттық, өмірлік, кәсіби тәжірибесін пайдалану қажет деп ойлаймын.

Басқарма неге жауапты?
С.ТОРҒАЕВ:

torgaev

– Атырау облысынан Олимпиадаға қатысатын спортшының болмауы көп адамды толғандырады. Оны шешу үшін не істеуіміз керек? Еліміздің әрі қарай дамуы үшін саналы, тәрбиелі, дені сау ұрпақ керек. Ол үшін жұмыс бала өмірге келгеннен басталуы тиіс.
Мысалы, бокс саласына тоқталайын. 90-жылдары тоқырау кезеңінде біраз адам бизнеске, басқа да жұмыстарға бұрылып кетті. Өйткені бюджеттік мекемелерде ақша болған жоқ. Сол уақытта КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, республиканың 7 дүркін, КСРО-ның 5 дүркін жеңімпазы, белгілі боксшы Болат Теміровтың бапкері Ерболат Бисекенов, Есенабат Өтеғалиев, Геннадий Сморогов, Адик Бермашев, Юрий Пак, қысқасы облыста бас-аяғы он шақты бапкер болды. Олар басқа кәсіпке кетпей, өз залында жастарды боксқа тәрбиеледі. Ол кездегі залда да жағдай жоқ еді, төбеден су ағады, жылу жоқ. Сол уақытта кәсіпкер жігіттерді тартып, залды жөндеп, балаларды қаржыландыруға шақырдық.
Қазір ол уақытпен салыстырғанда жағдай әлдеқайда жақсы. Тіпті, жағдай жоқ кезде балаларды үйде жаттықтырып жүрдім. Содан шыққан жылыойлық Ержан Ордабаев спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атақтарын алып, ел чемпионы, әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, бокстан спорт шебері Жасұлан Молдашев секілді спортшылар шықты.
1999 жылы ардагер боксшылар мен жаттықтырушыларды жинап, Бокс федерациясын құрғанда жеті аудандағы спорт мектептерінен бокс секцияларын аштық. Әр жылдары федерация басшысы болған азаматтар бокстың дамуына үлес қосты. Жергілікті әкімдіктегілер де бұған қарсылық білдірген жоқ, керісінше жергілікті іскер азаматтар көп көмектесті. Секциялар ашылған соң талдау жасап, цифрландырдық. Сол арқылы қанша бапкер жұмыс істейді, қанша бала жаттығатыны базада көрініп тұрады.
Жастарды спортқа тартудың тағы бір жолы – жарыс ұйымдастыру. Ең алғашқы жарыс 2009 жылы Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы атындағы халықаралық турнир еді. Бұған жету үшін талай қиындықты бастан кештік.
Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жаппай бұқаралық спортпен айналысуы керек. Содан шыққан дарынды балалар іріктеліп, спорттық интернаттарға баруы тиіс. Ал, интернатта дұрыс дайындайтын білімді мамандар отыруы қажет. Қазір ата-аналар интернатта дұрыс бапкер болмағандықтан баласын бергісі келмейді. Бүгінде тәжірибелі бапкерлер университетте, басқа да жерлерде жүр. Интернаттан тәлім алып шыққан бала мықты спорт мектептерінде шыңдалғаны жөн.
Біздегі мектеп-интернаттар, жоғары спорт шеберлігі мектептері секілді мекемелерге білімі бар, тәжірибелі мамандар ауадай қажет. Маман болса ғана барлығы түзеледі. Облыста 2015 жылы бокс клубы ашылып, өзге өңірлерден келісім-шарт бойынша бапкерлер шақырылды.
Сол жерде 20 спортшыға айлық төленіп отырды, тәрбиеленген боксшылардың да нәтижелері жақсы болды. Негізі ұсынысты дұрыс айтып, соны қорғай білсе мемлекет тарапынан қолдау болады. Осының бәрін жан-жақты реттеп отыру үшін облыстық спорт басқармасында білімді, мықты басшы болуы қажет.

– Сондай білікті мамандар бізде жоқ па, не себепті тартылмайды?
Е.НЕТЖАНОВ:
– Облыстық басқарманың басшысы бәріне бірдей жауап береді дегенге келісе алмаймын. Әр салаға жауап беретін лауазым иелері бар. Айталық, біз бокс мектебіне даладан маман алған жоқпыз, сол өз саласын біледі деп таныған адам тағайындалады. Облыстық басқарма олардың сұрағанын тауып беріп, мұқтаж заттарын алып беріп отырады. Басқармадағы мамандар 80 түрлі спорттың маманы емес. Әрбір сәтсіздіктің бәрін басқармадан көре беру қисынсыз деп ойлаймын.
Осы орайда мені қынжылтатын жайт бар. Айталық, бокстан оң нәтиже көрсете алмаған спортшы туралы әлеуметтік желіде оқырмандар жер-жебіріне жетіп айтып жатса да, бапкерлер оған ешқандай реакция білдірмейді. Себеп-салдарын да ашып айтпайды. Тіпті өзінікі дұрыс екенін біле тұра пікір білдіруден қашып, бас сұққысы келмейді. Ал, жаттықтырушы болған, тәжірибелі спорт мектептері басшыларының орнына біз неге жауап беруіміз керек?!
Әр директор тағайындалғаннан кейін оған екі жыл мерзім беру керек деп ойлаймын. Сол кезеңде ел чемпионатына спортшы шығара алмаса, орнын босатуы тиіс. Сондықтан, спорт саласында бағдарлама жасалуы керек. Онда директордың орынбасары, мектеп әдіскерінің міндеті айқындалады. Егер олар спорт шеберлігіне үміткерлерді дайындап шығара алмаса, I-II разрядты әдіскер тәрбиелей алмаса біз неге жауап беруге тиіспіз? Оларға белгілі бір өлшем болуы керек.
Жасыратыны жоқ, кейде спорт мектептерінен сауатты ақпаратты да ала алмаймыз. Кейбір шараларды ойдағыдай өткізе алмайды.

Жауапкершілік кімнің мойнында?
– Спорт мектептерінің басшыларын ауыстыру спорт басқармасының құзыретіне жатпай ма? Біздегі спорт мектебі директорларының еңбек өтілі қанша жыл? Кешегі Олимпиадада оң нәтиже бермегендіктен, министр қызметінен кетті. Сол секілді спорт мектептеріндегі спортшылардың нәтижелері үшін директордан жауапкершілік неге талап етілмейді? Осының бәріне ақша бөлініп, мемлекет қаржысы жұмсалып отыр ғой…

Е.НЕТЖАНОВ:
– Кадрды алатын да, оларға еңбекақы төлейтін де мектеп директоры болғандықтан тікелей өзі айналысады. Мектеп әдіскерінен ештеңе талап ете алмаймыз. Директор төрт жылға тағайындалады. Нәтиже бар ма, жоқ па – ол тағы белгісіз.
Біз жыл сайынғы күнтізбелік жоспарды бекітеміз. Онда 40-50 миллион теңгеге дзюдо күресінен жылдық жоспар дайындап әкелетінін байқаймын. Жекелей турнирлерді айтпағанда, іріктеу турнирлері, басқа да жарыстарға қаржы бөліп жатырмыз. Тапсырыс берсе жарыстарға жіберіп отырмыз, оқу-жаттығу жиындарына да жағдай жасап келеміз.
Қазір облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты 48 спорт кешенінде 20 мыңның үстінде бала дайындалып жатыр. Әрине, жастар жағы бапкерлікке келіп жатыр. Ал, министрлікке облыстан ұлттық құрамаға бала берілмей отырғандығы айтылды. Дұрысында, мәселені содан бастау керек секілді.
Спортшыларға мемлекеттік сатып алу бойынша спорттық құрал-жабдықтар алынады. Оларды спортшылар бірнеше рет пайдаланған соң ештеңе қалмайды, өйткені сапасыз дүниелер. Салынып жатқан кешендер де талапқа сай емес. Құрылыс басқармасының құрылыс нормалары мен ережесі бар. Олар мемлекеттік сатып алуға қатысады да, басқа өңірден жеңімпаз анықталады. Ал, біз Заңда көрсетілмегендіктен оларға шарт қоя алмаймыз.

С.ТОРҒАЕВ:
– Спорт басқармасына қаражат жағынан талап жоқ. Сұраған ақшасын беріп жатыр. Күнтізбелік жоспарға енгізілген іс-шараларға қатысып келеді. Бұл жерде жүйелі түрде жұмыс жасалуы керек деп есептеймін. Бізде маман болғанымен талапқа сай емес. Атыраулық спортшылардың олимпиадаға неге бара алмай жатқандығы ойлантады ғой.
Өзім АҚШ-та болған сапарымда әлем білетін спорт жұлдызы, кәсіпқой боксшы Мэнни Пакьяо мен атақты кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезердің залын көрдім. Ф.Мейвезердің залы әрі кетсе 200 шаршы метрден үлкен емес. Ата-ана бапкерге балаларын сеніп тапсырады. Ең алдымен бапкердің міндеті – баланың саулығына кепіл болу. Ол баланы қалай дайындап, тәрбиелеу керектігін, қандай жүктеме жасату қажеттігін білуі тиіс.
Алдағы уақытта облыс әкімімен кездесуге мүмкіндік болса, олимпиадалық спорт түрлерінің ардагерлерімен бірге бас қосып, нақты мәселені көтергіміз келеді. Жоспарымыздың көпке созылмай, келесі жылдан бастап жүзеге асқанын құп көреміз.

С.МАХАМБЕТОВА:

mahambetova

– Спортта жоғары білікті жаттықтырушылар болуы керек. Қазіргі уақытта жоғары білікті зейнеткерлік жасқа жеткен жаттықтырушыларды спорт мектептерінен шығарып жіберіп жатыр. Керісінше, оларды жас жаттықтырушылардың қасына қосып, тәжірибе алмасқандары дұрыс болар еді.
Облыстың құрама командасын дайындауға денсаулығы бар жоғары білікті жаттықтырушыларға мүмкіндік беру керек. Алысқа бармай-ақ Ресейді алайық. Ол елде орта және зейнеткерлік жасқа жеткен білікті жаттықтырушылар құрама командаларды дайындап, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бізде де танымал спортшыларды дайындаған жаттықтырушылар аз емес. ҚР еңбегі сіңірген жаттықтырушылар Мұстахим Қабдрашев, Бауыржан Төребаев, Сәрсенбай Торғаев, Сайын Ерғалиев тағы басқалары соған мысал бола алады. Жалпы, ірі мекемелерге спорт түрлері бойынша спортшылар мен жаттықтырушыларды тіркеп қойса жақсы көмек болар еді. Оларды облыс спортына сіңірген еңбегі үшін салықтан жартылай болса да босатқан дұрыс секілді. Біздің облыста жоғары нәтижеге жеткен спортшыларға, олардың жаттықтырушыларына стипендия төленеді. Жарысқа дайындалып, қатысуы үшін қаражат бөлініп отыр. Соның бәрін тиімді жоспарласа үлкен жетістіктерге жетуге болады. Сондай-ақ жаттықтырушылардың еңбекақысын көтерген жөн. Олардың пойызбен жарыстарға барып, апталап, айлап жолда жүретін кездері көп.

Легионердің мақсаты не?
– Облыста дарынды жастар бар. Осындай іштегі қордаланған бірнеше мәселенің салдарынан олардың орнына өзге облыстан, өзге елден легионер шақыртып, жергілікті жастардың көріне алмайтыны туралы да айтылып жүр. Оның үстіне легионерлердің де нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай емес. Ал, оларға қыруар қаражат жұмсалып отыр…

Е.НЕТЖАНОВ:
– Атыраудың атынан шығып жүрген дзюдошы Әбиба Әбужақынованың жаттықтырушысы Мейіржан Есмағамбетовпен сөйлескенімде оған дейін Атыраудан дзюдошы қыздардың шықпағанын айтқаны бар. Оның сөзінше, легионерге еліктеп жергілікті қыздар ел чемпионатын айтпағанда әлемдік ареналарда олжа салып жүр. Негізі легионердің мақсаты да осы ғой. Спортты сол арқылы дамыту керек.
Н.ДҮЙСЕМБАЕВ:
– Қалай келсе де қазақтың қызы ғой, онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл адамдарды алаңдату үшін жасалып отырған сөз деп есептеймін.
Ал, біздегі волейбол, хоккей клубтарының бюджетін көргенде жағамды ұстағаным бар. Сондықтан облыста спорт одағы секілді ұйымдар болса, көп нәрсе жеңіл шешілер ме еді деп ойлаймын.
А.РАУШАНОВ:
– Қазақстан футбол құрамасы 2002 жылы УЕФА ұйымына мүше болғалы шеттен легионер әкеле бастады. 20 жылдан асса да әлі күнге дейін мақтаныш тұтар нәтиже жоқ. Ал елдегі футболға бөлініп жатқан бюджетті бокс пен дзюдоға, таеквондоға берсе қалай болар еді?!
Біздің футболшылардың үш мезгілі тамағы анау-мынау үйдің тамағынан артық. Хоккейшілердің жағдайы одан да жақсы. «Атырау» хоккей командасына Ресейдің Серов қаласынан келіп ойнап жүр, бірақ нәтиже жоқ. жанкүйерлерді де, жергілікті спортшыларды ашындыратыны да осы ғой.
Н.ДҮЙСЕМБАЕВ:
– Бізде бес-алты спортшыны жарысқа апарып келу – кемінде 1 миллион теңге. Әріптестер айтып отырғанындай, жақсы мамандар табу керек. Спорт мектептерінің басшылары соның бәрін дұрыс үйлестіре білуі тиіс. Жеме-жемге келгенде футбол, хоккей, волейбол, баскетбол секілді спорт түрлеріне қыруар қаражат бөлінеді. Теледидарда ата-аналар хоккейге қатысатын баласының үстіне киетін киім-кешегінің құны миллион теңгеден асып кеткенін айтып дабыл қағып жүр. Сонда спорт мектебіне бөлінген тиісті қаржы тиімді жұмсалуы керек қой.
2005 жылдары ел чемпионатының алдында қазіргідей оқу-жаттығу жиындары жоқ болатын. Сол кезде бірнеше көлікпен №13 айырықтағы Нарын құмына барып, 21 күн оқу-жаттығу жиынын жасадық. Сондай жаттығудан кейін ел чемпионатында керемет нәтиже көрсетіп, олжалы оралғанымыз бар.
С.ТОРҒАЕВ:
– 2015 жылы ашылған бокс клубына дзюдо, грек-рим, таеквондо секілді олимпиадалық спорт түрлерін шоғырландырып, тәжірибелі жаттықтырушылардың дайындауына мүмкіндік беру керек. Бұл салада көреалмаушылық түбімізге жетті. Мысалы, Абай орталығын осы клубқа берсе жақсы болар еді. Ол жерде ринг құратын жері, бассейн мен жаттығу жасайтын орындар бар.
Жаттықтырушы жоспарсыз болмауы керек
С.МАХАМБЕТОВА:
– Алдымен жаттықтырушының жылдық жоспары болуы керек. Бұл жоспар алғашқы дайындық топтардан басталады. Қазіргі балалар қарапайым жаттығуларды жасай алмай жатады. Оларды бір айдан кейін жарысқа жібереді, ол жерден жарақат алады да спорттан қол үзіп кетеді. Жаттықтырушы алдымен балаларға жеңіл жаттығуларды жасатып, жүгіру тәсілдерін үйретуі қажет. Осылайша, спорттық жолға біртіндеп түсірген дұрыс.
«Қарапайымнан күрделіге қарай» деген сөз бар. Жаттықтырушының өзі де үлгілі педагог бола білуі маңызды. Спортшыларға практикалық сабақтарды ғана емес, теориялық сабақтарды да үйретуден жалықпай, олармен жиі сөйлесу керек. Әрбір жаттықтырушы маман болғандықтан оқып-білуге ұмтылғаны жөн. Жоғары оқу орнының білімімен шектелмей, үнемі біліктіліктерін де жетілдіріп, дамытып отырғаны дұрыс. Қазіргі таңда интернет, кітаптар қолжетімді. Жаттықтырушы өзі таңдаған мамандығын жақсы көріп, балалардың болашағын ойлауы керек. Сол кезде ғана бала үлкен биіктерге шыға алады.
Әрине, спортқа келген балалардың бәрі жоғары жетістікке жетпейді. Жүз адамнан бір-екеуі үздік нәтиже көрсетуінің өзі үлкен жетістік саналады. Сондай-ақ, жаттықтырушының еңбекақысын көтеру керек.
А.РАУШАНОВ:
– Жаттықтырушы таңертең залға кіргеннен кешке дейін жұмыста болады. Олардың қатар-құрбысы ауысымдық әдіс, басқа да түрлі жұмыстарды істеуі мүмкін. Жас жаттықтырушылар айналасындағы табысты жолдастарының көлік мініп, басқа да дүниелерді алып жүргеніне қызығады. Жаттықтырушылар орта мектептерге мұғалім болып орналасса, жақсы жалақы алады. Еш нәтиже көрсетпей-ақ, балалармен жұмыс істегені үшін ай сайын қомақты айлық алып отыр. Ал, спорт мектептеріне жұмысқа келген жаттықтырушыдан нәтиже сұралады. Олар балалардың дене бітіміне қарап, олармен жеке жұмыс істейді. Біздегі жаттықтырушылардың жалақысы өте аз. Кейбір әріптестеріміз проблеманы айтқаннан кейін аз мөлшерде ғана жалақыға ақша қосылды.
Е.НЕТЖАНОВ:
– Менің балаларды футболға дайындап жүрген танысым бар. Соның айтуынша, балаларға қанша қаражат жұмсаса да ешқандай нәтиже көре қоймаған. Содан шетелдік психологты жалдап оқып жатқанын, ол үшін ағылшын тілінен орыс тіліне аударатын аудармашы жалдап алған көрінеді. Ал, оның айтқан тапсырмасы тым қарапайым екен. Әлгі танысым балаларға кез-келген ақынның шығармасын жаттап келуді тапсырған. Жаттамай келген күні жаттығуға қатыстырмайды. Оған ата-аналар да үйренген. Енді баяғыдай емес, балалардың сабақ үлгерімдері де жақсара бастапты. Ал, біздегі психологтан сұрасам, балалардың ондайға үйренбегенін, керісінше олар психологпен сөйлесуді әлсіздік деп ойлап, намыс көреді екен. Негізінде балаларды ойларын еркін айтуға үйретуіміз керек қой.
Жасыратыны жоқ, бізде дене шынықтыру диспансерінің жоқтығы да іске қолбайлау. Бүгінде оның құжаттамасы дайын, қаулысы шықты. Оны басы-қасында жүрген белгілі спортшылар біледі, жуырда министрліктен арнайы келген әріптестер тексерді. Олардың айтуынша, спортшы үшін жылына төрт рет оқу-жаттығу жиынын өткізсе жеткілікті. Ал, бізде оқу-жаттығу жиынын жиі өткізіп, спортшыларға артық жүктеме береді. Өңірдегі спортты дамыту бағытында қабылданатын шаралар туралы сұрағанда, басқа аймақтардан бапкерлер мен директорларды шақыртып, тәжірибе алмасуға кеңес берді.
Әріптестеріміз айтқандай, бокс клубына бокс пен дзюдо спортын кіргізіп әмбебап етейік десек, бүгінде коммуналдық мемлекеттік мекемеге мораторий енгізілген. Осы шаруа іске асса, басқа елден дзюдошы бапкерлер де, бокстан олимпиада ойындарына шәкірт тәрбиелеушілер де келіп қалуы ғажап емес. Легионер алғаннан гөрі бұл дұрыс пайым деп ойлаймын.
– Спорт мектептеріндегі жаттықтырушылар балаларға неге дұрыс білім бере алмай отыр, не себепті талапқа сай емес? Халықаралық дәрежедегі жеңімпаздарды дайындау жұмысын кім ұйымдастырады?
С.МАХАМБЕТОВА:
– Спорттағы биік шыңға жету үшін жаттықтырушы жоспар құруы керек. Дайындықтың макро, микроциклдары бар. Жаттықтырушы спортшының дайындығына, жай-күйіне, тамақтануына т.б. қарап жоспар құрады. Нақты нәтижеге жету үшін спорттық база (зал, бассейін, жаттығу құрылғысы, бейнезал, компьютер, т.б.) мықты болуы керек. Сондай-ақ, дәрігерлік дене шынықтыру диспансері аса қажет. Спортшыларға тауға шығу өте маңызды. Осының бәрін ұйымдастыратын спорт мектептері, жергілікті спорттық ұйымдар мен федерация секілді т.б. мекемелер атсалысуы қажет.
А.РАУШАНОВ:
– Біліктіліктерін арттыру үшін мектеп директорлары да, әдіскерлер де елордаға барып жүр. Оған барып-қайту жолақысы, жататын орны төленеді. Білікті мамандарды жергілікті жерге шақырып, осында ұйымдастырса әлдеқайда тиімді болар еді деген ұсынысым бар. Бұған дейін қалалық дзюдо федерациясы екі рет сондай жиын ұйымдастырды. Оған олимпиада ойындарына қатысқан дзюдошы Варвара Масягина келіп қатысты. Сол семинарға қатысқан жергілікті жаттықтырушылар алғыстарын айтып, сертификатқа ие болды. Соңғы тексеруде оның септігі көп тиді. Ал, қазір сол семинарға қатысқан бапкерлердің тәрбиеленушілері жақсы нәтиже беріп жатыр. Осы тәжірибе әрі қарай да жалғасын тапқаны жөн.

ҚОРЫТА АЙТҚАНДА

Спорт саласының қазанында қайнап, ыстығы мен суығына бойлаған кәнігі мамандардың пікірі осы. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар көп. Десе де жүйелі түрде орындалып, сапасының сын көтеруіне бағытталған іргелі істер қажет-ақ. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Табанды талап пен еселі еңбектің арқасында атыраулық спортшылар төрт жылдан кейін жиырма жыл бұрынғы нәтижені жаңартатынына сенім артамыз.

«Дөңгелек үстелді» ұйымдастырған Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button