Атырау-Ордабасы: Футболдан кейін облыс әкімінің орынбасары пікір білдірді

futbol 2 Спорт

Өткен аптада футболдан Премьер-Лиганың XV турында жергілікті «Атырау» командасы шымкенттік «Ордабасы» командасын өз алаңында қабылдады. Ақ жейделілер командасы жанкүйерлердің қолдауымен ауық-ауық шабуыл жасап отырды. Команданың жартылай қорғаушысы әрі шабуылшысы Евгений Козловтың ойынның 30-ншы минутында айып алаңының сыртынан сол аяқпен тепкен добы қақпадан табылды.

Командалар алғашқы таймның соңына дейін шабуыл жасағанмен таблодағы есепті өзгерте алған жоқ. Үзілістен кейін алаң иелері өз қақпаларының тұсынан қонақтар командасының қорғаушысы Сергей Малыйға қарсы ойын тәртібін бұзды. Өзіне берілген мүмкіндікті мүлт жібермей, айып добын сәтті орындаған шымкенттік команданың капитаны Асхат Тағыберген 50-інші минутта өз командасына ұпай сыйлады.

futbol 1

Жергілікті жанкүйерлер төрешінің белгілеген шешіміне наразылық танытып, қалған уақытта екі команда жиі шабуылдағанмен тең нәтиже өзгермеді. Турнир кестесінде 7-ші орында келе жатқан мұнайшылар командасы алдағы сенбіде елорда командасына қарсы ойнайды.

futbol 4

Айта кету керек, бұл ойынға Атырау облысы әкімінің орынбасарлары Марат Мурзиев, Жасұлан Бисембиев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов қатысып, жергілікті құрамаға жанкүйер болды.

futbol 3

Матчтан соң ойыншылармен, жаттықтырушылар штабымен танысқан Марат Мурзиев бар ынта-ықыласын танытқан командаға алғыс білдірді. Жанкүйер ретінде команданы біріншілікте алдыңғы бестіктен көргісі келетінін айтып, облыс әкімінің орынбасары ретінде команда басшылығына арнайы тапсырма жүктеді. Облыс әкімінің орынбасары алдағы уақытта «Атырау» футбол командасының инфрақұрылымы жайында ойыншылар мен футбол ардагерлері, жанкүйерлермен кездесуді жоспарлап отырғанында айтты.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз