«Atyrau-Aqparat» – жүлдегер!
ТАРАЗ ҚАЛАСЫНДАҒЫ «ЖАСТАР» СТАДИОНЫНДА ҚАЛА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖУРНАЛИСТЕР АРАСЫНДА ФУТБОЛДАН «TARAZ CUP-2022» АШЫҚ ТУРНИРІНІҢ КУБОГЫ САРАПҚА САЛЫНДЫ. РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ӨТКЕН ДОП ДОДАСЫНА ЕЛІМІЗДІҢ АЙМАҚТАРЫНАН КЕЛГЕН 11 КОМАНДА ҚАТЫСҚАН БОЛАТЫН.
– Тараз – тарихымыздың темірқазығы. Ұлы даланың рухани орталығы – Жібек жолы бойындағы ежелгі қала. Қала күні мерекесі қарсаңында еліміздің барлық өңірден келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан спорттық іс-шара өткелі жатқаны тұрғындарды қуантады, — деген Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков командаларға сәттілік тіледі.
БАҚ саласының қызметкерлері 3 топқа бөлініп, ойын көрсетті. Тараз қаласы әкімдігі мен Жамбыл облыстық футбол федерациясының ұйымдастыруымен өткен сайыс алғашқы сәттен-ақ тартысты басталды.
Осылайша «Жастар» стадионында БАҚ өкілдері ала допты ұршықша иірді. Турнир нәтижесінде шағын футболдан «Taraz Cup-2022» жеңімпаздары анықталды. Олар: I орын – «Kazmedia Voltman» командасы (1 000 000 теңге); II орын – «Atyrau-Aqparat» командасы (500 000 теңге); III орын – «Алматы» құрамасы (300 000 теңге). Сондай-ақ, арнайы номинация иегерлеріне де 50 000 теңгеден қаржылай сыйақы табысталды.
Атап айтқанда, Құмарбек Азат («Kazmedia Voltman») – «Үздік ойыншы», Әділбек Жақанов («Ақмешіт») – «Үздік шабуылшы», Дәурен Берікқажы («Экспресс К») – «Үздік қорғаушы», Нұрислам Ғұмар («Atyrau-Aqparat») – «Үздік қақпашы», Нарын Қалиев («Алматы» құрамасы) – «Үздік сұрмерген» атағына ие болды. Екі күнге созылған турнир бұқаралық ақпарат қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде шұғылдануға және достық байланыстарды нығайтуға ықпал ететін спорттық шара болды. «Atyrau-Aqparat» футбол командасы алғаш рет республикалық турнирде жүлделі орынға қол жеткізді. Финалдық сайыста қарсыласын қапыда қалдырып, жүлделі II орынды қанжығасына байлаған әріптестерді жеңіс тұғырына шығуымен құттықтаймыз.
Майра СЕЙІТҚАЛИҚЫЗЫ