
«Атырау-Ақпарат» қызметкерлері шағын футболдан республикалық турнирдің жеңімпазы атанды
Алматыда белгілі спорт комментаторы Амангелді Сейтхановты еске алуға арналған дәстүрлі жарыс өтті. Турнирге елдің түкпір-түкпірінен келген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен құралған 14 команда қатысты.

Тартысты өткен жарыста Қызылорда облысының командасы бас жүлдеге қол жеткізіп, 1 млн теңге сыйақыға ие болды. Қызылордалықтардың сапында Атырау облысының аяқдоп шеберлері — Алмас Текешов, Қайсар Жетпісбаев, Нұрислам Ғұмар, Дәулет Иманғалиев те өнер көрсетті.

— Бұл жеңіске қатты қуаныштымыз. Қатысқан командалардың бәрі мықты болды, бірақ біз жақсы ойын өрнегін көрсете алдық. Өзге облыс құрамында болсақ та Атырау өңірінің де жеңімпаздар қатарында болғанына қуаныштымыз. Өкініштісі бұл жолы демеушілердің болмауына байланысты өз облысымыздың атынан толыққанды команда құра алмадық, – деді облыстық «Прикаспийская коммуна» қоғамдық-саяси газетінің беттеушісі Қайсар Жетпісбаев.
Турнир Амангелді Сейтханов білім алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында өтті.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ