Жарнама
Спорт

Астанада бәйгеден аламан жарыс өтті

Бүгін Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында бәйгеден Қазақстан Республикасының 5-ші іріктеу туры өтті.

Чемпионатты ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясы ұйымдастырды.

Жарысты тамашалауға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов пен республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы келді.

3913c459 9703 4ec7 9231 74d7c2e2d58d

Аламан доданың ашылуында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі соңғы уақытта елімізде ұлттық спорт түрлерінің танымдылығы артқанын айтып, жарыс жеңімпаздарын құттықтады.  

ad5a0678 59d8 4e67 96c9 271b188331b3

«Біз желмен жарысқан, жылқының жалында өскен жұрттың жұрнағымыз. Сондықтан жылқы десе, бәйге десе бәріміздің делебеміз қозып отырады. Жылқы бізге қанат байлайды, ат – біздің рухымыз. Сол рухқа қызмет жасап жүрген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық «Бәйге» федерациясының басшыларына өз ризашылығымды білдіремін! Қазақтың рухы әрдайым биік болсын! Бүгінгі бәйгенің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын» деді Дархан Қуандықұлы.

Салтанатты шарада сөз алған ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жарыстың маңыздылығын тілге тиек етті.

7e6de9eb d98e 41f8 a74d 172c1b5b627d

«Ұлттық спорттың артында ұлттың рухы, ұлттың намысы, тарихы, мәдениеті мен дәстүрі тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Бүгінгі біздің жарысымызды тамашалауға арнайы келген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қуандықұлына алғыс айтамын.

Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда біз еліміздің барлық өңірлерінде бәйгеден жарыстарды ұйымдастырып жүрміз. Осынау жауапты әрі игі жұмыстардың басында болып,  барлық жарыстардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысып жүрген республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Шоқанұлына да ризашылығымды білдіргім келеді!

Келесі жылы елімізде бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл біз үшін де, еліміз үшін де – маңызды жоба.  

Бұл шара барысында жарыстардың көптеп өтуі ұлттық спортымыздың дамуына зор пайдасын тигізеді.

Одан бөлек те, алдағы уақытта біз ірі-ірі додаларды ұйымдастыратын боламыз.

Осылайша ұлттық спортымызды болашақта әлемге танытсақ дейміз» деді Исламбек Төлеубайұлы.

Республикалық «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев соңғы уақытта бәйге спортынан өтетін жарыстарға келетін көрермендер саны артып жатқанын қуана жеткізді.

«Біз еліміздің өңірлерінде бәйге спортынан жарыстарды тұрақты түрде өткізіп келеміз. Мақсатымыз – ұлттық спортымыз бәйгенің танымдылығын арттырып, мәртебесін өсіру. Бір қуанарлығы, күн санап бәйгеге қызығушылық танытып жатқан көрермендер қарасы көбеюде. Бұл біздің дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқандығымыздың көрсеткіші» деді Қанат Шоқанұлы.

Турнирге еліміздің бірнеше өңірінен 80 жуық тұлпар қатысып, «Құнан бәйге», «Топ бәйге», «Жорға жарыс», «Аламан бәйге» бойынша сайысқа түсті. Жарыстың жүлде қоры – 23 500 000 теңгені құрады.

Жарыс нәтижелеріне келер болсақ:

«Құнан бәйге» 10 шақырым:

1-орын Алдияр Уайсхан «Лазер» есімді тұлпары;

2-орын Асланбек Абдықал «Қарақат» есімді тұлпары;

3-орын Нұрмұқаш Ділнұр «Мамлюк» есімді тұлпары.

«Топ бәйге» 16 шақырым:

1-орын Әмір Серік «Мой мир» есімді тұлпары;

2-орын Асланбек Абдықал «Абырай» есімді тұлпары;

3-орын Бекзат Ділдәхан «Сакура» есімді тұлпары.

«Жорға жарысы» 9 шақырым:

1-орын Жан Қоқанбаев «Салкүрең» есімді тұлпары;

2-орын Әлия Асқарова «Месяц май» есімді тұлпары;

3-орын Шуақ Жайлаубек «Жұлдыз» есімді тұлпары.

«Аламан бәйге» 23 шақырым:

1-орын Бекзат Ділдәхан «Талхиз» есімді тұлпары;

2-орын Арнат Мұратхан «Семсер» есімді тұлпары;

3-орын Арнұр Саматұлы «Самал» есімді тұлпары.

Айта кетейік, жарыс ұйымдастырушылары 4-ші және 5-ші орын алған шабандоздарды да ақшалай сыйлықпен марапаттады.

Одан бөлек, жарыс барысында көрермендер ұлттық киім байқауын тамашалады. Бұл сайыстың жеңімпаздарына ұйымдастырушылар жалпы көлемі 1 миллион теңге сыйақыны табыстады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button