
Арманына ұмтылған абадан
Өмір – сынақ. Әр адамның маңдайына жазылған өз тағдыры бар. Кейбір жандар бұл өмірде ерекше сынақпен бетпе-бет келеді. Солардың бірі – Махамбет Серікқалиев.
Өмірін өзгерткен күн
Осыдан алты жылға жуық уақыт бұрын қазақ күресінен ауданда өткен «түйе палуан» сайысында сәтсіз құлаған ол жұлыннан жарақат алып, содан бері қоларбаға таңылды. Алайда өмірге деген ынтасы болашағы зор, талапты жігіттің ұнжырғасын түсірген жоқ. Спортпен айналыса жүріп, ауылдағы шағын шаруашылығын да үйлестіріп отырған жас жігіт өмірге деген құштарлығын жоғалтпай, спортпен белсенді айналысуды жалғастырды.
Рас, алғашқы кезде басына түскен қиындыққа көндігу қиын болды. Апталап емес, айлап аурухананың төсегінде жатқан күндер ол үшін оңай болған жоқ. Үйге қонақ келсе де бөлмесінің есігін жауып алып, далаға шығуға намыстанатын. Қасықпен тамақтандырып отырған адамдардың мүсіркеген көзқарасын жақтырмаушы еді. Кеше ғана шауып жүрген зіңгіттей спортшы жігіттің аяқ-қолы жансызданып, денесін сезбей қалуы жанына қатты бататын. Әйтсе де он алтыдағы жасөспірімнің өмірге құлшынысын жақындарының «әлі-ақ тұрып кетесің, шауып жүресің», «бәрі өз қолыңда» деген жұбату сөздері, отбасының өзіне артқан үкілі үміті арттырыпты. Жыл сайын шипажай, оңалту орталықтарына барып тұратын ол сол жерден өз тағдырластарын көріп, дүниеге көзқарасын өзгертіпті. Өйткені олар да оның жан-дүниесін өздері секілді түсіне біледі. Керісінше, олардың өмірге деген құштарлығы, төзімділігі, қайсарлығымен өзгеге үлгі болып, қоғамда өз орындарын тауып жүргендеріне куә.
– Оларға қарап шүкіршілік еттім, Алланың маған берген сынағы деп қабылдадым. Бәлкім осындай сынақ болмағанда көп нәрсенің қадірін түсінбес пе едім деп те ойлаймын. Қандай жағдай болса да күліп қарсы аламын. Шүкір, айналамда маған жаны ашып, сенім артқан адам көп. Қоларбаға таңылсам да спортты тастаған жоқпын, ауылдағы спорт кешендеріне барып жаттығу жасап жүремін. Мені спортқа деген махаббатым алға ұмтылдырады, — деді Махамбет.
Оның спортқа деген қызығушылығы VI сыныпта басталыпты. Бұл іске әуелі әкесі себепші болған. Кейін өзі құралпы балалармен бірге дзюдо және қазақ күресі секцияларына қатысып, құштарлығы арта түседі. Жасөспірім шағында республикалық «Жас барыс» турнирі, ел чемпионаттарына қатысып тәжірибе жинаған жас палуан жүйелі дайындықтың нәтижесінде дзюдодан республикалық түрлі жарыстардың жүлдегері атанып үлгереді.
Ағаның қамқорлығы
Қоларбадағы өмірге бейімделіп, ортаға енді сіңісе бергенде отбасының алтын діңгегіндей үлкен ағасы өмірден өтті. Бұл жағдай отбасы үшін сынақ үстіне сынақ болды. Інісінің тағдырына алаңдаған ағасы қаншалықты қиын болса да төңірегіндегілердің көңіліне қаяу түсірмей, барлық ауыртпалыққа төзімділікпен үнемі күліп жүретін. Кенже інісі ауруханаға түскеннен бастап қажетін тауып, сұрағанын үйлестіріп беруге барын салушы еді. Қоларбаның да ыңғайын біліп, өздігінен қозғала алмайтын бауырының жанынан табылатын. Адам ғұмырындағы барлық жағдай алдын-ала пешенесіне жазылады дегенге иланған отбасы бұған да көндігіп, қоңыр тірлігін жалғастырып келеді.
Одан кейінгі ағасы үйленгенде отбасына қуаныш сыйлап, ата-анасының жабырқау көңілі кәдімгідей көтеріліп қалды. Туған апасы да тұрмыста, қалада тұрады. Бүгінде ата-анасы немере-жиендерінің қызығына бөленіп, ұрпағының амандығын тілеп отыр.
– Мен үйде жатқанда құрдастарым мектеп бітіріп, жан-жаққа оқуға кетті. Кейін үйленіп, отбасын құрып, балалы бола бастады. Сол кезде мені уайымдап жүрген әкем мен анамның жүзін көру маған өте қиын еді. Басында өмір осымен тоқтап қалғандай болатын, біраздан соң бәрін ұмытып алға ұмтылу керектігін түсіндім. Өміріңді сол күйінде қабылдай білсең ғана бақытқа кенеледі екенсің. Тіпті қоларбада отырсаң да!.. Кедей бол, ауру бол, бірақ әр күн Жаратқанның берген рақымы деп түсіну керек, — дейді жігерлі жігіт.
Жетістікке жетелеген жігер
Мектеп кезінен-ақ үйде тауық, қоян, көгершін асырап, қызығушылық танытатын оның шағын шаруашылықпен ғана шектелмей, үлкен бизнес ашсам деген арманының алғашқы баспалдағы болатын. Алайда өмірі өзгеріп, қоларбаға таңылған соң оның барлығын таратып жіберіпті. Сосын үй жағдайында инкубатордан шыққан тауық, бөденені сатып кәсіп қыла бастады. Оған әкесі мен ағасы жәрдемдесіп, көмегін аямай келеді.
Бала кезден үлкен арманына қол жеткізіп, жетістікке жетуге талаптанған жас мұның бәрі еңбекпен келетінін білгендіктен, үнемі жаттығуын үзген емес. Алғаш ауылдағы жаттықтырушысы Ғабит ағаның жетекшілігімен ядро итеру дәне найза лақтырудан жарыстарға қатысып жүрді. Тұңғыш рет қатысқан жарысында тәжірибесі аздау болып, ұтылып қайтты. Бұған да мойымай, дайындығын арттыра түсті.
Сөйтіп, былтырғы қыркүйекте Алматы қаласында пара жеңіл атлетикадан тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған жастар арасындағы ел чемпионатында ядро итеруден F-53 санаты бойынша «Спорт шеберіне үміткер», найза лақтырудан «Спорт шебері» атанды. Осымен тоқтап қалмай жаттығуын жалғастырып жүргенде, көп жылғы еңбектің қарымы да көп күттірген жоқ. Биыл Біріккен Араб Әмірліктерінің бас қаласы – Дубайда пара жеңіл атлетикадан «Fazza» әлемдік Гран-при жарысында облыстық «Мүгедектер спорттық клубының» құрамында қатысып, F-53 санаты бойынша найза лақтыру сайысында 13,85 метр нәтижемен қола жүлдегер атанды.
Сондай-ақ шетелдегі алғашқы жарысында «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Әлемдік деңгейдегі спортшы атанып, дүбірлі додаларда сынға түсу, сол арқылы ел қоржынына олжа салу Махамбеттің бала кезден арманы еді.
– Бастапқыда аяғымда қозғалыс жоқ болатын. Серпінді жаттығулардың арқасында қазір жағдайдың жақсарғаны байқалады. Қозғалыс белсенділігім артып, тепе-теңдік пен динамика жақсарды. Бел ауруында регрессия бар, жүктемелерге төзімділік, аяқ-қолымның күші де артты. Бүгінде оңалту орталықтары арқылы оңалтудың бірнеше кезеңінен өтіп келемін. Білікті мамандардың септігі көп. Болашақта барлығы өзім қалағандай болатынына кәміл сенімдімін, үмітім зор. Мұның бастамасына да өзім куәмін, — дейді жас спортшы.
Мүгедектігі бар жандарға көмек қолын созып, олардың өмірге құштарлығын арттыруда аудандағы кәсіпкерлердің де үлесі зор. Аудан орталығынан ашылған жиһаз цехында жұмыс істеп көрген Махамбет жиһаз жасауды да үйреніп алыпты. Енді ол кереует, үстел, шкафтар жасап, жұмсақ жиһаздарды тігуді де меңгеріп алды. Бала кезінен әр түрлі заттарды құрастырып, оларды ойлап табу өзіне ұнайтын іс екен. Жиһаз цехында SMM маманы болып жұмыс істеп, дайын мүліктерді бейнежазбаға түсіріп, оны өңдеп Instagram әлеуметтік желісіне салып, жариялап та көрді.
Осылайша Махамбет Серікқалиев өз мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан, ерекше табандылық пен жігердің үлгісін көрсетіп келеді. Оның өмірі мен қызметі мүгедектігі бар жандарға үлгі болып, қоғамда белсенділік танытуға ынталандырады.
Қоғамда сирек көрінсе де, өмірінде зор мәні бар Махамбет тағдырластардың бастан кешкендері бізге теңдік, мейірім мен құрметті ұғынуға мүмкіндік береді. Оның өмірі біреудің тағдырын өзгертуге, ең бастысы, сол өмірге жанашырлықпен қарауға жетелейді деп сенеміз. Әдетте мүгедектігі бар жандардың өміріне терең бойлау, оларды құрметтеу, түсіну бізді адамгершіліктің шыңына жақындатады.
Алмас ҚАБДОЛОВ