
Әке көрген оқ жонар…
Бүгін Атырау көлік және коммуникация колледжінде өткен облыстық деңгейдегі дәстүрлі садақ ату сайысы осылай деп аталды.

Аталған дода әке мен бала арасындағы рухани байланысты нығайту, бірлік пен табандылыққа баулу, ұлттық құндылықтарды дәріптеу арқылы жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты ояту мақсатында ұйымдастырылды.
Облыстық білім беру басқармасының бастамасымен өткен сайысқа өңірдегі колледждер мен мектептерден әкелер мен ұлдар жұптасып қатысып, өзара бақ сынасты.
Сайысқа Қазақстан Республикасының спорт шебері, облыстық «Batu Han Zhebesi» дәстүрлі садақ ату федерациясының төрағасы Бексұлтан Марат арнайы қатысып, садақ ату өнері мен оның техникасы жөнінде шеберлік сағатын өткізді.

-Бұл сайыс әке мен бала арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттырып, өскелең ұрпаққа ұлттық болмысты сіңіруге үлкен септігін тигізді. Ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда маңызы зор бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенім мол,- деді облыстық әкелер қоғамдық кеңесінің төрағасы Шота Қанатов.
Жарыстың соңында жеңімпаздар мен барлық қатысушы Алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ