Аймақтық волейбол мәслихаттың 30 жылдығына арналды
Бүгін Қызылқоға ауданында жергілікті мәслихаттың құрылғанына 30 жыл толуына орай ерлер арасында волейболдан аймақтық жарыс өтті. Тартысты додада Қызылқоға, Мақат, Индер, Махамбет аудандары мен көршілес облыстардағы Қаратөбе, Ойыл аудандарының командалары бақ сынасты.
Қызылқоға аудандық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс-шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихат төрағасы Толқын Бейісқали, аудандық мәслихат ардагері Андрей Бейсенбаев және аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәндібек Салықов сөз сөйлеп, барлық қатысушыға сәтті ойын тіледі.
Ойын өз кезегінде тартысты өтті. Ала допты әуеде ойнатқан спортшылар өзара кеудесу өткізіп, шектік ұпайды жинады.
Финалдық кездесу Мақат және Махамбет командалары арасында қызу өтті. Бірнеше сағатқа созылған жарыс нәтижесінде Махамбет ауданының командасы жеңіске жетті. Жеңімпаз команда ұйымдастырушылар тарапынан 250 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі ІІ орынды иеленген Мақат ауданының командасы 100 мың теңге ақшалай жүлдеге ие болды. Сондай-ақ жүлдегерлер сапында үштікті түйіндіген Ойыл ауданының командасы 75 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Үздік ойын өрнегін көрсеткен Мақат ауданының ойыншысы Айбек Маратов ю “үздік байланыстырушы”, Махамбет ауданының ойыншысы Қуаныш Орынбасаров “үздік ойыншы” номинациясын иеленсе, ынталандыру сыйлығына облыстық мәслихат депутаты Қайырбек Баймұратов демеушілік танытып, Миялы ауылының командасына бұйырды.