Жарнама
Сіз білесіз бе?

Айтылмай қалған ақиқат

Жеңістің 80-жылдығымен тұспа-тұс келген Батыс Қазақстан  аймағындағы жоғары білімнің қара шаңырақтарының бірегейі, құрылғанына биыл 85 жыл толатын Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) тарихының айтылмай, жазылмай келе жатқан ақтаңдақ беттерінің бірі – 1941-1945 жылдардағы алапат соғыста институт оқытушылары мен студенттерінің Ұлы Жеңісті жақындатуға қосқан үлесі болып табылады. 

Газет бетіндегі жарнама

1941 жылдың 22 маусымы. Бейбіт өмірдің шырқы бұзылды. Фашистік Германия кеңес одағына қырғын соғыс ашты. Барлық ел экономикасы соғыс жағдайына көшіріліп, бейімделді. Одан Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты да тысқары қала алмады.

Соғыс басталған алғашқы айларда 1941 жылдың 12  шілде  күнгі «Социалистік құрылыс» (бүгінгі «Атырау») газетінің бетінде «Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты 1941 — 42 оқу жылына қарай тарих, тіл және әдебиет (орыс, қазақ бөлімдерінің) факультеттерінің бірінші курсына оқушылар қабылдайды», «Гурьевтегі мемлекеттік оқытушылар институты 1941-1942 оқу жылына студенттер қабылдауды жариялайды» тақырыбында жарнамалар берген.

12 шілдедегі газет санындағы жарнамада «Институт орталау мектептер үшін мұғалімдер даярлайды. Оқытушылар институтында орта мектептің 9 класынан кем емес білімі бар, 17 жаспен 40 жастың арасындағы КСРО-ның барлық еркек және әйел адамы алынады. Институтқа түсемін деушілер орыс тілі, әдебиет, география және КСРО тарихы пәндерінен емтихан тапсырады. Қазақ тілі мен әдебиет бөлімдеріне кіремдеушілер қосымша қазақ тілінен емтихан тапсырады. Орта мектептерді отлично бітіріп шыққандар институтқа емтихансыз алынады. Арыздар 31 июльге дейін қабылданады. Барлық институтқа түсушілер 1 августыдан 20 августқа дейін сынақтан өтеді. Институтқа алынғандар оқу құралдарымен қамтамасыз етіледі. Жатақхана керек ететіндерге әдейі белгіленген төлем бойынша жатаққана беріледі. Отличиниктерге стипендия беріледі. Институттың адресі: Гурьев қаласы, Москва көшесі № 1 үй. Дирекция» делінген.

 Институт дирекциясының «Социалистік құрылыстың» 29 шілде күнгі кезекті санында: «Гурьевтегі мемлекеттік оқытушылар институтының жанынан институтке оқуға түсетіндерді даярлау үшін осы жылы 1 июльден бастап бір айлық курс ашылады. Курсқа 17-ден 40 жасқа дейінгі орта мектептің 9 класын бітірген совет азаматтары алынады. Курсқа оқушылар тегін оқиды» деген хабарламасы да жарияланды. Бұл жарнамалар мен хабарландыру іс жүзіне аспады, сол тұста соғыстың 1418 күн мен түнге созылып, сұрапыл соғыста қаншама боздақтар Отан үшін отқа түсіп, сұм соғыстың құрбаны болатындығын ешкімде болжай алмаған еді.

Атақты генералдың өмір жолында

Соғыс өртінің тұтануына байланысты институт студенттері қызыл армия қатарына шақырылды, қайбірі Орал педагогикалық институтына ауыстырылды. Оның айқын дәлелі институттың тарих факультетінің І курсын үздік бітірген, бейбіт заманда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генералы атанған, атыраулықтарға белгілі соғыс және еңбек ардагері Бисен Саппаев:

«… 1941 жылғы 22 маусым күні қазіргі №2 қалалық аурухана орнындағы стадионда «Буревестниктің» кезекті  ойыны өтіп жатқан. Кенет бір топ әскери адам сау ете түсіп, соғыс басталғанын хабарлады. 18-ге толғаннан кейін мені тамыз айында Ферғанадағы атты әскер полкіне алды. Қазан айына дейін Бас Қолбасшының соңғы курстардың студенттерін оқуын бітіруге кері қайтару жөніндегі бұйрығы келгенше, әскери  істерді үйретті. Елге оқуымды жалғастыруға келсем, мұғалімдер институты тарап, Орал пединститутына қосылып кетіпті. Амал жоқ, оқудан күдер үзіп, облыстық соттың қылмыстық істерді қарау  алқасына хатшы болып жұмысқа кірдім. Бірақ мұнда екі ай істер-істеместен әскерге қайтадан шақырылып, Орынбор түбінде жасақталып жатқан  бір дивизияға алындым. Одан әрі Уфа жаяу әскер училищесіне оқуға жіберілдім. Содан 1942 жылдың қысында алғаш соғысқа кірдім», — деп еске алады (Шапатов Г. Сардар. «Атырау» газеті, 28 тамыз 1993 жыл.).

Ал 1997 жылдың 23 қазаны күні «Атырау» газетінде жарық көрген Б.Саппаев туралы жарияланған мақалада: «…Оқуға деген ынталығы мектепте байқалған Бисен оны бітірісімен Гурьев оқытушылар институтының тарих факультетіне түсіп, бірінші курсты жоғары бағалармен бітіреді. Сол тұста герман фашистерінің КСРО-ға шабуылы басталды да, Бисен оқуын жалғастыра алмай, 1941 жылғы тамыз айында Қызыл Армияға шақырылды» деп жазылған. Осындай мәлімет 2020 жылғы 13 наурыз күнгі «Прикаспийская коммуна» газетінде де жарияланды.

Бисен Саппаев 1923 жылы Гурьев қаласында туған. Соғыс жылдарында Калинин майданындағы 111-атқыштар дивизиясында минометші, Беларусь, Прибалтика  майдандарында ұрысқа қатысып, 1943 жылы Сталиннің жеке нұсқауымен құрылған «СМЕРШ» («Смерть шпионам!») қарсы барлау бөлімінде алғы шепте болды. Бейбіт заманда Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау облыстарының Мемлекеттік қауіпсіздік комитеттерінде басшылық қызметте болды. Соғыс жылдарында «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендері  және бейбіт заманда «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Атырау облысының Құрметті азаматы.

Лейтенант – майдан даласында

Сарайшық ауылының тумасы, студент Нығмет Мырзағалиұлы Қаржауов тарих факультетінде оқыған.  Армия қатарына шақырылып, 1943 жылы жаяу әскер училищесін лейтенант шенімен бітірген. 1943-1944 жылдары 4-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 3-ші атқыштар полкі құрамында атқыштар взводының, танкке қарсы ротаның командирі болды. Майдан даласында ауыр жараланған гвардия лейтенанты, кейін 1944-1945 жылдары Велкие Луки қалалық әскери комиссариатының нұсқаушысы болды. Соғыстан кейінгі жылдары Сарайшық орта мектебінде мұғалім, 1946-1948 жылдары Бақсай аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1948-1950 жылдары Таңдай орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1952 жылы майдан даласынан алған ауыр жарақаттың асқынуынан қайтыс болды.

Атырау облысы мемлекеттік архиві қорында 1940-1941 оқу жылында институттың филология факультетінің студенті болған Г.А.Погадаевтың жеке ісі сақталған. Өз қолымен толтырған өмірбаянынан қанық болатынымыз, әкесі революцияға дейін балық кәсіпшілігінде жұмыс жасаған. Георгий Александрович Погадаев 1920 жылдың 17 ақпан күні  Гурьев қаласында дүниеге келген. Институтта орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша оқыған. Қазақ тілін жетік білген. Институтта жақсы оқуымен көзге түскен. Оның нақты айғағы 1940-1941 оқу жылында  Погадаев, Харитонова, Калмыкова, Есқариева, Кабулов, Өтемісов, Малыгин, Жанесенов секілді студенттер қысқы сессия уақытында «өте жақсы» деген баға алғандығын архив құжаттары нақтылайды.

Соғыс басталғанда қызыл армия қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы 147-ші запастағы атты әскер полкі құрамында жауынгерлік дайындықтан өтті. 1941 жылдың қазан айында Брянск майданының 55-ші атты әскер дивизиясының 84-атты әскер полкі құрамында ұрысқа кірген. 1942 жылдың наурыз айында Оңтүстік-Батыс майданындағы 8-ші атты әскер корпусы штабының коменданттық взводының хатшысы болды. 1943 жылдың наурыз айында  майдан даласында көрсеткен батырлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен, 1944 жылдың сәуірінде «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен 1945 жылы «Қызыл жұлдыз» ордені және  1946 жылы «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды.

Сталинград майданы құрамында, кейін  Беларусь майданының 7-ші гвардиялық атты әскер корпусы құрамында Варшаваны азат ету ұрыстарына қатысты. КСРО Жоғары кеңесінің 1945 жылғы 25 қыркүйектегі Жарлығы негізінде қазан айында армия қатарынан босатылып, елге оралып, бейбіт жұмысқа араласты. 1948 жылы Гурьев қалалық атқару комитетінің төрағасы В.Шаронов пен қалалық кеңестің бастауыш партия ұйымының хатшысы Г.Точилиннің тарапынан берілген партиялық-өндірістік мінездемесінде «Г.А.Погадаев аяқталмаған жоғары білімді және 2 жылдық кешкі марксизм-ленинизм университетін бітірген. 1948 жылдың ақпан айынан қалалық сауда бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Жолдас Погадаев өсіп келе жатқан жас қызметкер, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады, өзінің идеялық-саяси білімін үнемі жетілдіру үшін жұмыстанады. Қазіргі кезде Г.А.Погадаев  ВКП (б) қысқаша тарихы курсын оқуда үгітші болып қызмет жасауда» деп бұрынғы оқытушылар институтының студентіне жағымды мінездеме берді.

Зубовтың бастан кешкендері

 Келесі архивтік іске назар аударсақ. Студент М.П.Зубов 1920 жылы Гурьев қаласында дүниеге келген. Әкесі Павел Моисеевич революцияға дейін көпес Морозов пен Куликовтың балық батағасында қабылдаушы болып жұмыс жасады. М.П.Зубов 1929-1934 жылдары қаладағы  Куйбышев атындағы, ал 1934-1938 жылдары Киров атындағы мектептерде оқыса, ал 1938-1939 жылдары мұнай рабфагінде оқыды. 1939-1940 жылдары облыстық комитеттің спорт және дене шынықтыру бөлімінің инспекторы қызметін атқарды. 1940 жылы жаңадан ашылған Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының тарих факультетіне оқуға түсті. 1941 жылы институттың  тарих факультетінің І курсын аяқтаған.

Соғыс басталғанда армия қатарына шақырылып, Алматы қаласындағы 147-ші атты әскер полкі мектебінде курсант, 1942-1943 жылдары Батыс майдандағы 7-ші атты әскер дивизиясында взвод командирі ретінде ұрыстарға қатысты. 1943-1944 жылдары Москва облысына қарасты Подольск қаласындағы Новочеркаск атты әскер училищесіне оқуға жіберілді. 1944 жылдың қаңтар-сәуір айларында Москвадағы қызыл армияның атты әскер офицерлері полкі мектебінде тыңдаушы болды.

М.П.Зубов гвардия кіші лейтенанты шенінде сәуір айынан кейін Новосібір облысы Татарск станциясында 3-ші атты әскер бригадасының миномет взводы командирі қызметін атқарды. 1944 жылы ІІ Украин майданының құрамына жіберіліп, 32-ші атты әскер полкінің миномет взводының командирі шенінде Румыния, Венгрия, Болгария және Чехословакия жерлеріндегі ұрыстарға қатысты. Венгрияның астанасы Будапешті азат ету ұрыстарында көрсеткен ерлігі үшін «Будапешті алғаны үшін» медалімен марапатталды және «Германияны жеңгені үшін» медаліне ие болды. Соғыстан оралған бұрынғы студент Михаил Павлович «Казнефтестрой» тресінде партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды.

Тар жол, тайғақ кешу

Бізге архив деректері бойынша белгілі болғаны, институтта оқыған тағы бір студент Ғайпен Бейісов 1921 жылы Атырау (бұрынғы Гурьев) облысы, Махамбет (бұрынғы Бақсай) ауданына қарасты Талқайраң ауылында дүниеге келген. 1941 жылы қызыл армия қатарына алынып, 15-ші қыркүйекте Украинадағы Лоховица қаласының маңындағы ұрыста ауыр жараланып, неміс фашистерінің қолына түсіп, бірнеше айлар бойы лагерь азабын бастан кешіп, Түркістан Ұлттық комитетіне жұмысқа алынады. Соғыс жылдарында Вермахтының Жоғарғы Бас командованиесінің Түркістан насихат бөлімінің әскери фототілшісі болып қызмет атқарып, шығармашылықпен айналысқан. 1945 жылы легионерлердің қашуын ұйымдастырды деген сезікпен Ғ.Бейісов, Х.Абдуллин, Закиров, Е.Қалдыбаев тұтқындалып, ату жазасына кесілген.

 Бұл кезеңде кеңес армиясының қарқынды шабуылынан қаймыққан неміс-фашистері жанталасып шегініп жатқан болатын. Тағдырларына қарай үкім орындалар түнінде түрме күзетшілері қашып кетіп, бұлар аман қалады. Неміс түрмесінен босаған соң қызыл армия қатарына қабылданып, 1946 жылы әскер қатарынан босап елге оралған  Ғ.Бейісов 1946 жылы РКФСР Қылмыс заңының 58-1б бабына сәйкес «халық жауы» ретінде 10 жыл бас бостандығынан айырылып, атышулы Сібір, Степлаг, Карлагтың тозақ өмірін бастан кешіп, 1956 жылы босайды. Одан кейінгі жылдары Атырау, Маңғыстау облыстарының кәсіпорындарында инженер қызметін атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Тек 60 жылдан кейін Қазақстан Республикасының Бас әскери прокуратурасының №12/3-06(Р) 2006 жылдың 24 сәуірдегі қорытындысымен ақталып, саяси қуғын-сүргін құрбаны мәртебесін алған. 2007 жылдың 8 мамыр күні   бақиға озды.

Институттың тұңғыш директоры кім?

1940 жылы құрылған Гурьев мемлекеттік мұғалімдер институтының тұңғыш директоры болған Әбді Бошанұлы Тұрсынбаев соғыстың қызып тұрған шағы 1942 жылдың қараша айында қызыл армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның Керки қаласындағы әскери жаяу әскер училищесінің курсанты, офицерлер батальонының резервінде есепте тұрды. 1943 жылы әскерде жүргенде ВКП (б) мүшелігіне кандидатқа қабылданған, ал 1945 жылдың сәуірінде партия қатарына қабылданады. 1944 жылдың сәуір айында денсаулығына байланысты армия қатарынан босатылды.

Архив құжаттарына сүйенсек Қазақ КСР Халық ағарту комиссары М.Әбдіхалықов бекіткен жоспар бойынша жаңа 1941-1942 оқу жылында Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтына 120 студент қабылдау жоспарланған.

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архив қорындағы соғыс басталған жылы, яғни 1941-1942 оқу жылына студенттер қабылдау туралы мәліметке назар аударсақ. 1941 жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтына студенттерді қабылдау жоспарға сәйкес – 120 студент болса, сол кезеңде институтқа қабылдау жөніндегі арыз саны – 44, соның ішінде 2-еуі мектепті үздік бітірген, емтиханға жіберілгені – 25 адам болды. Соғыстың өршуіне байланысты оқытушылар мен студенттердің армия қатарына шақырылуына орай Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының студенттері Орал мемлекеттік оқытушылар институтына ауысып, 16 студенттің арызы қабылданғаны туралы  архив дерегі хатталған. Соғыс жағдайындағы Батыс Қазақстан және Гурьев облыстарында халыққа білім беру органдары жұмыстарын қайта құру жөніндегі баяндамада да Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтынан студенттер келіп қабылданғаны атап көрсетіледі.

Архивте сақталған құжаттар

Өкінішке қарай Ұлы Отан соғысының басталуына байланысты Гурьев мемлекеттік оқытушылар институты Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің 1941 жылғы 9 тамыз №672 қаулысы негізінде Орал мемлекеттік оқытушылар институтына қосылды. Бұл деректік құжат Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві және Атырау облыстық мемлекеттік архиві қорларында сақталған. Институттың оқу ғимараттары, кітапханасы және мүліктері Гурьев педагогика училищесінің иелігіне берілді. Аталған қаулыға Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары П.Орехов пен Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесі Іс басқармасының меңгерушісі Н.Күзембаев қол қойған.

1940 жылы ашылған Гурьев мемлекеттік оқытушылар институтының оқытушылары мен студенттері 1941 жылы 22 маусымда басталған адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыстың қан-қасап майданына қолдарына қару алып, Отан қорғауға аттанды және тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып  жеңіске өз үлестерін қосқаны тарих еншісіне айналды.

Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button